Псевдосәләфилік идеология немесе «Катиб таухид уәл жиһад» қандай ұйым?

0
1691

Дін – дегенде үрке қарайтын, денеміз дір етіп шошынатындай халге жеттік. Баласы намаз оқи бастады ма дереу абыржый бастаймыз, күдікпенен сектаға кіріп кетті ма деп елең ете қаламыз. Осындай халге жеткізушілер кімдер? Белгілі,сырттан келген кереғар зиянды ағымдар.

Бұлардың да неше түрлері шығып жатыр. Мемлекет тарапынан жиырмадан астам экстремисттік діни ұйымға тыйым салып отыр. Көрші елде (Өзбекстанда) «Катиб таухид уәл жиһад» деген ұйымның мүшелері ұсталыпты деген хабар тарады.  Ұстау себептері соғысқа адам жинақтаумен айналысқан екен. Осы жиһадшы топ мүшелері қалай діннің атынан әрекет жасайтыны түсініксіз. Себебі, шариғатта соғыстан басқа амал қалмады, жиһадқа шығыңдар да кәпір болсын, біздің сенімізге тура емес мұсылман болсын өлтіріңдер, қиратыңдар деген «дәлел» жоқ. Ислам ғалымдары бірігіп жазған қандай ғылыми диссертация негізінде амал жасап жатқандары тағы белгісіз. 

Ал, негізінде дін – мәдениетімізді, салт-санамызды қалыптастыратын өркениеттің негізі. Енді сұрақ туындауы мүмкін, дін қалай мәселе болады? Діннің өзі әрине ешқашан мәселе болмайды. Бірақ дін қоғамда танымдық, ғылыми, идеялық және рухани тәжірибелік тұрғыдан функционалдық тепе теңдікті қамтамасыз ете алмаған жағдайда ғана, келеңсіз жағдайларға себеп болып, әртүрлі топтардың, қанаушылықтың, өшпенділік пен дұшпандықтың объектісіне айналудан ада бола алмайтындығы хақ. Бұл ахуал екі себептен туындап отыр. Біріншісі Ислам дінініңөркен жаюына және дамуына қандай да бір себептер кедергі болғандықтан, дін шектеліп, өз қызметін орындай алмауы. Екіншісі, сауттылық деңгейінің төмен болуы.

Ал енді “The Qazaq Times” ақпарат құралында АҚШ-тағы дін және саясаттанушы Урбан Ботобековтың мақаласы жарияланыпты. Берген мәліметіне сүйенсек Қырғызстанда туылған Абу Салах (шын аты Сирожиддин Мұхтаров)«Катибат әл-Таухид уәл Жиһад» ұйымын 2014 жылы Сирияда құрған. Бұл топтың құрамына «Өзбекстан Ислам қозғалысы», «Катибат әл-Бұхари» және «Түркістан Ислам партиясының» шашыраған қарулы содырлары топтасқан. Бұл қарулы топ  Сирияның Идлиб провинциясында Башар Асад режиміне қарсы күресіп жатқан «Хейат Тахир әл-Шам» деп аталған көтерілісші топпен байланыста болғаны үшін «Әл-Каиданың» қолдауына ие болған. Мәліметке қарағанда қазір Абу Салахтың аталмыш қарулы тобы, Таяу-Шығыс жеріне Орталық Азиядан барған жиһадшы-сәләфилердің арасындағы ең соғыскер әрі ең күшті қаруланған тобы болып табылады. Шын мәнісінде Орталық Азия елдерінің, Ресейдің, Қытайдың Шынжаң аймағының қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндірген «Катибат әл-Таухид уәл Жиһад» ұйымының соғыс қуаты емес. Қайта осы ұйымның идеологиялық доктринасында болып отыр. Айталық, «Катибат әл-Таухид уәл Жиһад» өзінің идеологиясына қоса «әл-Каиданың» идеологияларын әлемдік деңгейде таратуда. Топтың жетекшісі Абу Салах өзбек, ұйғыр, орыс және араб тілін еркін сөйлейді. 2000 жылдары Сириядағы «әл-Фатах әл-Исламия» атты ислам университетін оқыған. Осы ортада ол сәләфилік, уаһһабилікқатарлы діни радикал ағымдардың негіздеушілері болған Ибн Таймия және Мухаммед Абдулуаһһабтың теологиялық еңбектерін оқып, «әл-Каиданың» идеологиялық қолдаушысына айналған. Университетті бітіргеннен кейін Қырғызстанға қайтып келіп, Ош облысындағы мешіттердің бірінде имамның көмекшісі болып істеген. Абу Салах Орталық Азиядағы белгілі дін уағызшысы, діни экстремистік материалдарды таратқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған Рашид Кари Камаловпен де тығыз қарым-қатынаста болған.(https://qazaqtimes.com/article/39270)

Қазіргі уақытта кез келген діни тұрғыдағы террористік және экстремистік ұйымдар мен топтардың артында алпауыт мемлекеттердің мүдделері, саяси мақсаттары, ықпалы бар екені белгілі болып отыр. Ислам дінін Құран мен хадистің мазмұнын толық білместен тікелей қабылдап, адасудың нәтижесінде туындап отыр. Негізінде ДАИШ-тің құрамында қандай адамдар жиналса «Катиб таухид уәл жиһад» ұйымына да арнайы дін оқуын оқымаған, көбінесе біреудің естігенімен жүретін діни білімі төмен азаматтар жиналған. Десе де Абу Салах білімді болған оған қоса мықты шешен болған. Ол өзінің шешендігін пайдалана отырып, ойын образды әрі өткір айта алады. Осы арқылы моджахеттердің жанкештілеріне шабыт береді.

Исламды осындай жолдармен түсіндіретін діни ағымдарға «таассуп» (көрсоқыр ерушілер, шектен шығушылар) дейді. Олар өздерін ешқандай өзгерістер мен жаңалықтар енгізілмеген әуел бастағы «таза исламды» ұстанушылармыз деп түсіндіреді.

Қазіргі уақытта діни сеніміндегі кейбір өзгешеліктерге байланысты осындай топтардың шығуына «Уаһһабизм», «Сәләфизм» идеологиясы түрткі болуда. Себебі, сәләфизм идеологиясы төрт этаптан тұратыны тағы шындық. 

Сәләфизмнің бірінші тармағы Имам Рабия ибн-Мадхали еңбектерінің негізінде «сәләфи-мадхалиттер» пайда болды. Аталған ілімді ұстанушылар:- «Жиһад» идеологиясын  ашық қолдамайды. — Заңды мемлекет басшыларына қарсы шығу жолын ұстанбайды.- Адамды кәпір деп қателескеннен гөрі, мұсылман деп жаңылысқанды орынды деп санайды.

Сәләфизмнің екінші тармағы «Мәдиналықтар» немесе (сурруриттер) деп аталады. Бұл ұйым мүшелері шейх Абу Мусьаб ас-Сури («Әскери бағдарлама» деген еңбектің авторы) іліміне сүйенеді. Олар:- Қазақстанда бірінші болып, ҚМДБ-нан бөлек діни қоғамдастық құруға әрекеттенген, мұсылман атын жамылған бүлікші топ. — Мемлекеттік құрылымды мойындамауға үндейді. — Мәдиналықтардың мадхалиттерден айырмашылығы, олар «жиһадты» қолдайды.

Сәләфизмнің үшінші тармағы «Такфир»қозғалысының негізін салушы 1942 жылы туылған мысырлық Мустафа Шукри. — Бұл ұйым мүшелері «такфир» идеологиясын қолдамаған мұсылмандардың өзін кәпір деп есептейді. — Зайырлы мемлекет заңдылықтарын ұстанатын Қазақстанды – кәпірлер елі («Дар уль куфр») деп атайды.

Сәләфизмнің төртінші тармағы «Сәләфи-жиһади» ағымы 1990-шы жылдары «араб-ауғандықтарға» басшылық ету Абдалл Аззамнан («Братья-мусулмане»), Саудиялық сәләфит Усаме бин Ладеннің қолына өткен уақыттарында құрыла бастады. — Қазақстан аумағында жиһад ұйымдастырғанды дұрыс деп санайды. — Олардың түсінігі бойынша қазіргі уақытта кәпірлерге қарсы қарулы соғыс («жиһад») жасау әрбір мұсылманға міндетті («фарз айн») деп есептейді.

Енді осы мәліметтен кейін осы төрт топқа қарайтын болсақ бір-біріне байланыстың тығыз екендігін байқауға болады. Оған қоса «Катибат әл-Таухид уәл Жиһад» ұйымы үшінші және төртінші этабымен тығыз байланыста. Себебі, Абу Салах Усаме бин Ладенді исламның ықпалы үшін жанын берген батыр ретінде дәріптеп, «әл-Каиданы» Батыстың «крест көтерген» күштеріне қарсы тұратын моделі ретінде қарайды. Ол өзінің идеологиялық ісінде «әл-Каиданың» стилін, хабар тарату әдісі мен формаларын шеберлікпен пайдаланып отырған. Сондықтан да оның соңына ерген топ қазір әлемдегі жиһадшы топтар арасында алдынғы қатарға шығып отыр. 

Енді осы тұста тырнақшаның ішінде жиһадтытүсіндіріп кеткен абзал. «Жиһад» сөзі араб тілінде белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін яки бір істі істеу үшін бар қажыр-қайратың мен ынта-жігеріңді төгу, тырысу, күресу  деген сияқты мағыналарды білдіреді.

«Жиһад ұғымын уағыз етіп айтатын адамдар өздерінің мақсатына қарай бұрып жеткізуі мүмкін. Естігендер оны теріс түсінеді. Яғни Жиһадты тек қана қару алып, адам өлтіру, қару алып, күш қолдану деген мағынада түсінеді.

Пайғамбарымыз хадисінде: «Нағыз жиһад жасаушы кісі – өзінің нәпсісімен күресуші» деп, нәпсімен күрестің маңыздылығын айшықтай түскен.  

Жиһад ұғымы адамға,  қоғамға, жағдайға қарай түрленіп отырады. Бір дәрігердің өз саласында кәсіби деңгейге қол жеткізу үшін тынбай талпынуы мен ізденуі, экономика маманының халықтың әлеуметтік жағдайларының түзелуі үшін жұмсаған қажыр-қайраты, мұғалімнің сауатты түрде бала оқытуы – мұның бәрі жиһадқа жатады. Мұсылмандардың керекті қаржыны тірнектеп жинап,  өздеріне мешіт, медресе тұрғызуы; жоқ-жітіктерге көмектесіп, жетім-жесірлерге қарайласқан қалталы азаматтардың бұл істері де Хақ жолындағы күреске – жиһадқа жатады».(Жиһад деген не?, Алматы-2011)

Аталған ағым түбі мұсылман әлемінің көрін қазушы «көр соқыр» топтар. Сондықтан олардың ислам, мұсылман үшін соғысуға шақыруы өзіңмен өзіңді соғыстыру. Сол арқылы ислам дініне сызат түсіру, жаңсақ пікір қалыптастыру мақсаты болмағанда бұны басқаша қалай түсінуге болады.

Қорытып айтқанда олар мақсаттарын, рухани байлықтарының құндылықтарын тым ерекше деп санап, әлемге вирус тықпалағаннан басқа пайдалы тұстары байқалмайды. Өйткені, олар біріншіден, мемлекеттің iшкi қауіпсіздігіне зиян тигізуде. Екіншіден, дамыған немесе даму үстіндегі тыныш жатқан бip елді тоқырауға жіберудің бip тәсілі,түрлі діни айтыс тартыстар (дәлелің әлсіз,бидғат,ширк т.б.) туғызу арқылы ipiткi тудырады. Үшіншіден, білім мен ғылымға қарсы. Төртіншіден, діни алауыздық пен азаматтық соғысқа апарады. Сондықтан аталмыш ұйымды мемлекет тарапынан дер кезінде тыйым салып, алдын-алу шаралары күшейтілсе елімізде тыныштық жалғасымды болары хақ.

Сол себепті жастарымызды имандылыққа, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келген асыл дініміз исламға (Соның ішінде Ханафи мәзһабы ұстанымына) баулысақ түрлі жат ағымдардың жетегіне кетпейтін болады. Сонымен қатар иманды жас отанын, елін, жерін сүйетін, салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін бepiк ұстайтын ел азаматы болады деген ойдамыз.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Дәлелхан Оспанов