Отбасы тәрбиесі

0
4272

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап, ер жетіп, отбасында тәлім тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі.

Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Өйткені ата — ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» — деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің айқын көрінісі.

Әсіресе, ата-ананың адамгершілік бейнесі балаларды тәрбиелеудің негізгі қайнар көзі. «Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі».

Ғасырлар бойы қалыптасқан, халық дәстүрлері мен салттары болған, отбасы тәртібі солар арқылы қатаң реттеліп отырған. Ал, қазіргі кезде қыздарымыздың ашық-шашық кіндігін көрсетіп жүруі, жарассын-жараспасын киімдерді киюі, өміріміздің бір бөлшегіне айналғанын жасыра алмаймыз. Қыз баласын асыл дініміз ислам діні шеңберінде, болашақ аналарымызды дұрыс киім киуі әрбір азаматтың борышы. Баланың жақсы адам болуы тек қана өмірдің ағымынан қалмай киіну ғана емес, ең негізгісі өмірден өз орнын таба алатын азамат ретінде тәрбиелеу жағы ақсап тұр.

 Қазіргі таңда ер балаларымыз да кездесіп жататыны намыс, ер жігер, батылдық, еркектік қасиеттердің жоқтығы, керісінше ынжық, қорқақ, қызтеке мінезді жігіттер көбеюде. Себебі отбасындағы әке тәрбиесінің аздығы, білім ордасында мұғалімдердің басым бөлігі әйелдер тәрбиесі осы сынды мәселелер бала тәрбиесінде намысты, батыл қасиеттерді бере алмасы анық.

Жасыратыны жоқ, бұқаралық ақпарат құралдарында теледидар, газет журнал, әлеуметтік желілерде жетіспей жатқан ұлттық рухты оятатын бағдарламалар мен мултьфильммен, фильмдер жеткіліксіз керісінше   шет елдердің тәрбиесіз, рухани азғындыққа алып баратын ұятсыз фильмдермен, бағдарламалар т.б. арзан дүниелер саңырау құлақша қаптауда.

Жастардың IV сьезінде сөйлеген «Ninti one» тобының мүшесі қазақ жастарының арасынан суырылып шығып, бүкіл телеарналарда сөйлегені, көңіл қуантпады. Себебі дұрыс пен бұрысты айыра алмай жүрген жастардың қайта еліктеулеріне, қызтеке болып жетілуіне өз септігін тигізіп, үлгі бола білді. Осындай жағдайлар ұлттық идеологияның төмен деңгейде екенін көрсетті. Осындай мәселелерге мұқият болу қажет. Әрбір отбасы балаларына экранда, смартфонда көрсетіп жатқан дүниелерді қадағалап, дұрыс ақпарат алуын бақылау ата-ананың міндеті.

Отбасында әрбір ата-ана қазақ халқының тәуелсіздік жолында күрескен батырлары мен би шешендерін, ақын-жыраулары мен Алаш арыстарын насихаттап дәріптеу қажет.

Отбасында бала тәрбиесіне теріс ықпал ететін факторлардан ата-ана әрқашан аулақ болуы керек. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, жалпы отбасында ұл бала тәрбиесінде әкенің, қыз бала тәрбиесінде шешенің орны ерекше.

Мысалы, ерлі — зайыптылар балалар көзінше бір — біріне қатты, балағат сөздер айтпақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде, өз беделдерін жоғалтудың, бала — шағаның жүрегін шошытып, зәресін ұшырудың үстіне, олардың жанына кейін өздері үй болғанда, алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын егеді. Бұл жағынан аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», “әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» т.б. сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы қандай ғанибет! Атақты «Абай» эпопеясында халқымыздың осыған орайлас қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды эпизод бар. «… Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кеш кіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй, балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып, сәлем бер!» — дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі». Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.

Қазақ халқы атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан. Атасы немересіне жылдың маусымы ауысымен көштің қалай, қайда көшуін, жеті атасын білуі, елдің батырларының ерлік хикаяларын әңгімелеп, адамды жақсы ететін де, жаман ететін де тәрбие екенін жастайынан баланың бойына сіңіріп отырған. Жас ұрпақты бұлай тәрбиелеудің маңыздылығын қазақ халқы ерте түсінген. Ешқандай жоғарғы білімсіз-ақ тәрбиенің небір оңтайлы әдістерін баласының бесігінен бастаған халқымыздың елден шыққан тентегіне де «Сен оңбассың, адам болмассың» дегенді тұқыртып бетін қайтарып айтуды жөн көрмеген. Адамдықтың парызын перзентінің көкірегіне құйып, іс-әрекетін қадағалап отырған. Қазақ баласының санасына қарнының қамын емес, халықтың қамын ойлауды о бастан-ақ сіңіріп өсірген. Осы қасиеттердің барлығын бала санасына ертеден құя білген қазақ халқы он бестегі ұланына ел басқартқан, шешендік сөз өнеріне қатыстырып тәлім берген.

Ер баланың тәрбиесін әкесі не үлкен ағалары жауапкершілікке алса, қыз баланың әдепті, иманды, ибалы болып өсуін анасы мен әжесі немесе әпкелері қадағалаған. Оның іс тігіп, тағам дайындай білуін, ұқыпты болуын әрдайым санасына құйып, үйретіп отырған. Ер баланың келешекте нағыз ер азамат болуы, елін қорғап, адал қызмет етуі үшін әкесі жанын салып үйретуге тырысқан. Ат құлағында ойнайтын, қамшы өрудің шебері болатындай етіп тәрбиелеген. Ылғи ұл-қызының санасына кішіпейіл, қанағатшыл, қамқор, ізетті бол деп жалықпай айта берген. Үлкеннің алдынан кесіп өтпеуді ұқтырған. Өскелең ұрпақтың иманды болуына баса назар аударып, Алланың құлы, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбеті екенін есіне салып отырған. Оған бір ғана дәлел, бала өмірге келгенде оған азан шақырып ат қоюы. Сонан соң әр жұма сайын мешітке алып барып, Алланың үйін көрсетуі, құлшылық жасатуының өзі тәлім-тәрбиенің қайнар көзі болып саналады. Мұның барлығы ұрпағының болашақта бақытты ғұмыр кешуіне апарар жол деп түсінген. «Не ексең, соны орасың» дегендей, отбасы, ошақ қасында сәби қандай тәрбие көрсе, оның алдағы өмірі сондай болады…

Бала тәрбиесі жайлы қазақ ойшылдары әр түрлі ой-пікір айтқан. Жүсіп Баласағұнның өзі «Құтадғу білік» атты еңбегінде тәрбие жайлы: «…Баланың мінез-құлқы жақсы тәрбиеден туындайды. Егер бала ебедейсіз, шамшыл, өбектеліп өскен болса, бұған бәрінен бұрын оның ата-анасы кінәлі. Отбасы үшін бала – зор қуаныш. Баласыз бақыт жоқ. Бірақ, баланың тууы ата-анаға зор міндет, жауапкершілік те жүктейді. Сондықтан оны балғын шағынан оқытып, жақсылап тәрбиелеу керек. Үй шаруасы мен баланы дұрыс күтіп-бағу үшін тазалық сақтайтын әйелді таңда. Баланы тәрбиелеу әкенің де парызы. Егер бала тәртіпсіз болса, оған әкесі де кінәлі. Ақылды, білімді етіп тәрбиелеу үшін әке-шешесі баласын үнемі назарда ұстауы тиіс.

Қорыта келгенде әрбір отбасы балаларына, болашақ ұрпаққа жауапты екенін сезінуі қажет.

Шымкент қаласы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
әлеуметтанушысы Абдукаримов Нұржан