«Жусан» операциясымен келіп, өз кәсібін бастаған азаматша

0
1744

Қазақстан азаматтарын Сириядағы қақтығыс аймағынан қайтаруға арналған «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2019 жылдың басында ұйымдастырылған. Қазақстан Президентінің тапсырмаларын орындай отырып, барлау офицерлері, әскери қызметкерлер, дипломаттар және операцияға қатысқан басқа құрылымдардың қызметкерлері өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсете алды.    

Алғашқы «Жусан» операциясы 2019 жылдың қаңтар айында, қазақстандықтардың алғашқы топтамасы соғыс аймақтардан шығарылған кезде жасалды. Содан кейін мамыр айында Елбасының шешімі бойынша және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың санкциясымен операцияның өзге кезеңдері өтті.

Жусан — қазақ даласының символы іспеттес өсімдік. Елден жырақ кетсең иісін сағынасың. Ал аузыңа салсаң ащы дәмі өзекті өртейді. Арнайы шараның «Жусан» деп аталуында да гәп бар шығар. Елден жырақ жүріп жусанның иісін сағынып, өмірдің ащы дәмін татқандар жырақта жүріп талай қиындық көрді.

Дегенмен бәрінен қымбат – Адам, адам өмірі екені дәлелденген «Жусан» операциясы сияқты басқа да операциялардың болатынынан үмітті еткесін де салқын ақылға саласың. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету «Жусан» операциясының басты мақсаты болды. Елге оралған отандастар жаңа өмір бастауға, ал балалар бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алды.

«Жусан» операциясы аясында 2020 жылы Шымкент қаласы бойынша 17 әйел мен 50 ден астам балалар келді. Олардың тағдыры әрқилы. Әйел азаматтар сан түрлі қиялмен Сирия жеріне жақсы өмірді армандап барып, соңы қайғылы соғыстармен аяқталғанын «Жусан» иісін армандап келген азаматшалар өкінішпен еске алады.

Осы тұста 6 балалы ананың  қиын тағдыры мен  Қазақстан жеріне ризашылығын білдірген жан сыры  жайлы сөз етпекпін.

Ақнұр (өзгертілген) есімді азаматша  2000 жылдары Шымкент қаласына тұрмысқа шыққан. 2013 жылы күйеуінің ықпалымен Түркияға, кейіннен Сирия жеріне  аттанған. Бұл азаматша 6 перзенттің үшеуін Қазақстанда, тағы үшеуін Сирия жерінде  дүниеге әкелген. Діни білім алмаған. Күйеуінің ықпалымен жүрген.

2019 жылы «Жусан» операциясымен елге оралған.  Алғаш Атырау қаласында оңалту орталығында  болған. Шымкент қаласына келіп, «Шанс» оңалту орталығының көмегімен құжаттарының барлығын қайта жасатты. Балаларын метепке беріп, кішкентайларын бала бақшаға орналастырды.

Көзсіз сәләфизмнің салдарын айтып, тәубеге келіп бұл жол адасушы жол екенін түсінді. «Мен енді қайта қателескім келмейді»-деп көзіне жас алып  Сирия жеріндегі қиыншылықтарды еске алады.

«Атамекен» бизнесті қолдау бағдарламасымен бизнес-бастау курсын тәмамдап, тігін курсын оқып, сертификат алды. Қазіргі таңда тігінмен айналысып, қосымша балалар киімі, корейлік косметика сатумен айналысады.

Болашақта өзінің брендтік киімдерін шығарып, әлемдік сән үлгісінде өзін көрсеткісі келеді.

Осыған қолдау көрсеткен мекемелерге ризашылығын білдіреді.

Нұрсұлтан Назарбаев, өз сөзінде:  «Мына адамдарды біз мемлекет ретінде көмек көрсетіп, бізге достық қарым қатынасы бар елдердің көмегімен Қазақстан ұшағымен елге алып келдік. Қазақстан өз азаматтарын қай жерде жүрсе де қолдайтындығын көрсетіп отырмыз. Еліміздің қауіпсіздігін, береке бірлігін, тұтастығын қамтамасыз ету елдің міндеті»- деді

Ислам діні — ол əрбір қазақтың діңгегі, ол адамды орынды əрекет етуге бастайтын ерекше бір рухани ілім саласы.

Имандылықтың негізі, болашақ ұрпағын дұрыс қалыптасуына, əрекет етуіне шақырды, ұрпағының келешегіне мән береді. Ата діннен ақиқат іздесек, біз өзге жұртпен тереземізді теңестіре аламыз.

Тыныштық Байманова
ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы