«Дін мен дәстүрдің радикализмге қатысы»

0
1143

Қазақстан — дәстүрлі ел, мемлекет. Яғни біздің топырағымыз бабаларымыздың рухымен суарылған, біздің тарихымыз, құндылықтарымыз, өркениетіміз, мәдени платформамыздың бәрі осы топырақта жатыр. Осындай тұғырдың үстіне құрылған мемлекет өзінің мәдениеті мен дінінен бөлек болуы мүмкін емес. Мемлекет осы тұғырды сақтау арқылы өзінің болмысын сақтайды. Сол тұғырды тану, зерттеу арқылы өзінің құндылықтарын қалыптастырып, дамытады, баяндылығы мен болашағын жарқын етеді. Фарабидің анықтамасы бойынша, кез келген мемлекеттің мақсаты — өзінің құрушыларын бақытқа жеткізу. Сол сияқты мемлекет өз құрушыларын оның діни негізінен бөліп тастайтын болса, оларды бақытты етпек былай тұрсын, қиянат болады. Сондықтан «дін мемлекеттен бөлінген» дегенді біз құқықтық тұрғыдан мемлекеттік билік пен діни биліктің ажыратылуы деп түсіндіреміз. Бұл түсінік қазақтың жүріп өткен тарихи.

Республикада әртүрлі діндер мен конфессиялар өкілдері арасында қатар өмір сүруге қолайлы жағдайлар мен тиімді қарым-қатынас жағдайы қалыптасты.

Қазақстанның конфессияаралық қарым-қатынас моделі басқа елдер үшін бірегей үлгіге айналды. Дегенмен дін рөлінің артуымен тұрғындардың бір бөлігінің діни өмір сүруінің олқы тұстары байқала бастады. Сонымен қатар елімізде зайырлы қоғамда қалыптасқан негіздерге өздерін қарсы қоятын азаматтардың саны көбейді. Бұдан басқа, белгілі бір дінге сенуші тұрғындардың кейбір бөлігінде агрессия мен діни радикализмнің шектен шыққан түрлері көріне бастады, ал олардың жиынтығы елдің және оның
азаматтарының тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін қауіп-қатер көзіне айналды.

Пайда болған мәселелер бойынша тұрғындар тарапынан зайырлы мемлекетке тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, қоғамда үйлесімділікті, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету, сонымен қатар жастар мен өсіп келе жатқан қазақстандық ұрпақты діни экстремизм мен терроризм әсерінен қорғау туралы негізгі тілектері жолданды.  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан — 2050 стратегиясы»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан халқына Жолдауында: «еліміздің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сай келетін Қазақстан тұрғындарының діни санасын қалыптастыру туралы — ерекше маңызды міндет белгіледі.

Сонымен қоса ол, мемлекет пен азаматтар радикализм, экстремизм және терроризмнің барлық түрлеріне бірлесіп қарсы тұру керектігіне ерекше көңіл бөлді.

«Террор» ұғымы қазіргі әдебиеттерде диктаторлық немесе тоталитарлық жүйелердің өз азаматтарына қатысты күш қолдану және үрей туғызу тарапынан болатынын айта аламыз. Терроризм ретінде әлсіздің тарапынан болатын радикалды саяси оппозиция, экстремистік пиғылдағы ұлттық немесе діни азшылық  әрекеттерді жатқыза аламыз.

 Осының негізінде дін саласындағы жаңа заң құрастыру туралы шешім қабылданды, бұл заң 2011 жылы қазан айында өз жұмысын бастады. ҚР діни қызмет және діни бірлестіктер туралы жаңа заңды қабылдау қажеттілігі тек діни терроризмнің көрініс табу қаупінен ғана туындаған жоқ, сонымен қатар діни қарым-қатынасты реттеудегі қазіргі қажеттіліктерге мемлекет заңын сәйкестендіру болды. Заң мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынасты жетілдіруге, мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету және дінді деструктивті мақсаттарда қолдану шарттарының төмендеуіне бағытталды.

Радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отырғанын атап өту қажет. Өйткені кез келген жат ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады.

Дәстүрлі құндылықтардың әлсіреп, рухани жұтаңданудың күшеюі, діни сауаттың төмендігі радикалды идеологияның таралуына түрткі болатын басты факторға айналып отыр. Рухани тамырынан, дәстүрлі құндылықтарынан қол үзіп қалған бүгінгі буынның бірқатар өкілдері осындай шетін идеологияға алданып, өз ұлтының салт-санасына, дәстүрлі құндылықтарына қарсы шығуда. Ал өз ұлтына қарсы шығу – өз отанына, мемлекетіне қарсы шығу деген сөз. Еліміздің тарихымен, мәдениетімен, рухани құндылықтарымен қабыспайтын жат діни көзқарасты насихаттап жүрген кез келген ағым қазақстандық қоғамның дәстүрлі ұстанымдарына, ішкі тұрақтылығына нұқсан келтіреді.

Дәстүрлі рухани құндылықтар тарихи дәуірлерде халқымыздың бойындағы шығармашылық қабілет, өнерпаздық, ізденгіштік қасиеттермен, ұлт дүниетанымында орныққан рухани құндылықтар кешенімен сабақтасып, бүгінгі біздің жоғары руханиятымызды құрады.

Дәстүрлі дініміз ата-бабамыздың көпғасырлық даналығына негізделген. Әл-Фараби, Яссауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп ұстанған дәстүрлі қазақ мұсылмандығына басты негіз ретінде соқыр сенім емес, ақыл-парасат алынған. Аталған ойшылдардың мұралары заманауи Қазақстан қоғамында туындап отырған дін төңірегіндегі мәселелерге жауап беруде өз өзектілігін жойған жоқ. Қорытындылай келе, дін мен дәстүр, діни таным адамның сенім әлемі, санасы, мінезі мен көңіл-күйі, реніші мен мұңының орталығы, көзқарастар шаблоны, бірегейлену құралы. Яғни, дін, адам болмысының ең нәзік қатпарларына дейін ықпал ететін күш. Жахандық үдерісте осы күшті өз мүддесіне қолданғысы келетін орталықтар жеткілікті. Біз де осы жахандық үдерісте өзіміздің ұлттық, болмыстық, мәдени, саяси, экономикалық бірегейлік платформамызды сақтап қалу жолында  мұндай құбылыстардың алдын алуға дайын болуымыз қажет

Бекбосынов Ермек Түленұлы

Қ.А.Яссауи ХҚТУ аға оқытушы, PhD доктор