Ақтөбедегі ең ірі кәсіпорын халал сертификатын алды

0
743

Сүйінші! Бүгін бидай ұны және ұн өнімдері мен кондитерлік өнімдерді шығаратын Ақтөбе облысындағы ең ірі кәсіпорын «Рамазан» ЖШС халал сертификатына ие болды.

Облыстың бас имамы Төлеби қажы Оспан кәсіпорынға арнайы барып, мекеме басшылығына ҚМДБ-ның «Халал Даму» мекемесінің сертификаттарын салтанатты түрде табыстады.

«Рамазан» ЖШС өз өнімдерімен ақтөбеліктерге жақсы таныс. Енді халал сертификатын алғаннан кейін өнімдеріңізге деген сұраныстың артатыны сөзсіз. Бұл сертификат сіздерге үлкен жауапкершілікті жүктейді. Аталмыш сертификаттың артында адал асқа деген халықтың сенімі жатыр. Осы сенімді ақтап, халыққа адал ас ұсынуға деген талпыныстарыңызға Алла сауаптан жазсын», – деді Бас имам өз сөзінде.

«Рамазан» ЖШС халыққа бидай ұны (жоғары сұрып, бірінші, екінші сұрып), макарон өнімдеріне арналған жұмсақ ұн, нан, тоқаш және он үш түрлі печенье ұсынады. Міне, осы өнімдердің халал стандартына сай екендігін алдағы уақытта «Халал Даму» мекемесінің Ақтөбе облысындағы өкілі Жарасхан Әбдісаламов тексеріп отыратын болады.

Жуырда «Рамазан» ЖШС халал стандартына сай жұмыс жасауына байланысты өз логотиптерін ауыстыратындықтарын және халыққа адал өнім ұсыну ісінде асқан жауапкершілікті сезінетіндіктерін жеткізді. Сонымен қатар «Рамазан» ЖШС-нің өнімдерінің арасында жұмыртқа да бар. Алайда, әзірге жұмыртқа халал сертификатын алған жоқ. Мекеме басшылығы алдағы уақытта «Халал Даму» мекемесінің талаптарын орындап, жұмыртқаға да сертификат алуға ниетті.

Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе облысында 18 мекеме ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің стандарттарына сай қызмет етіп келеді. «Рамазан» ЖШС облыстағы Халал сертификатын иеленген 19-шы мекеме болып тіркеліп отыр. «Рамазан» ЖШС-нің өнімдері тек қана Ақтөбе облысына ғана емес, БҚО, Атырау, Маңғыстау және басқа да көршілес облыстарға шығарылады.

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің  

Баспасөз қызметі