Дін және әйел

0
994

Дін және әйел– қазіргі кезде барша елде қызу талқыланып жүрген тақырып. Себебі, дін адамзат құндылықтарын сақтап, байытуды көздейді. Ал оны бұрмалай түсіндірушілер дінді өзінің қара ниетін жүзеге асыратын қаруға айналдырғысы келеді. Қазақстан Конституциясы діни сенім бостандығына кепілдік береді. Бірақ бостандықты саналы түрде, ақылмен таңдауымыз керек. Өйткені, адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты болады. Біздің халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар. Жалпы біздің елімізде әйел теңдігі, олардың діндегі және қоғамдағы орны жайлы мәселелер жиі көтеріліп, біртіндеп шешімін тауып келеді. Мысалға, Елордамызда болған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІҮ съезінің бір секциясы: «Дін және әйел: рухани құндылықтар мен заманауи сын-тегеуріндер» атты тақырыпқа арналған болатын. Елбасымыз да әйелдердің мемлекеттің маңызды қызметтерін атқаруын қолдап келе жатқанын жақсы білеміз. Әсіресе, Елбасы Н. Назарбаев: «Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз. Біз ананы қорғап-қолдауымыз керек. Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс. Мемлекет әбден асқынған жыныстық құлдыққа, әйелге тауар ретінде қарайтын көзқарасқа айрықша қатаң түрде тыйым салуға тиіс», – деп ерекше атап көрсетті. Тек әйелдердің ғана емес, оларға деген қоғам көзқарасының өзгеруі арқылы әйел де өзгеріп отырады. Ал әйел өзгерген соң отбасы да, артынан қоғам да өзгеріске ұшырайды. Өйткені отбасының түп қазығы, тамыры, өзегі осы әйелдің қолында десек артық айтқанымыз емес. Ертеңгі ел басқарар ел басы да, өнерші де, қойшы да ақжаулықты ананың қолында тәрбиеленіп жетіледі, бой түзейді.

Басқа діндердің әйелдер туралы пайымдауларына назар аударсақ, кез келген діннің қасиетті кітабында әйелдердің орны ерлерден кем саналмағанына көз жеткізу қиын емес. «Құдай әйелдерді де ерлер секілді өзіне ұқсатып жаратқан» деген тұжырым Тәуратта (Библия) кездеседі. Христиан діні жеке тұлғалардың өзара теңдігін дәріптейді, иудей немесе пұтқа табынушы, құл немесе азат адам, еркек немесе әйел деп бөлудің жөн еместігін, Құдай алдында бәрінің бірдей екенін насихаттайды. Рас, ерте және дамыған орта ғасырларда бірқатар христиан дінбасылары әйел адамның құқығына қатысты жазбаларды назардан тыс қалдырып, олардың құқығын мүмкіндігінше шектеуге тырысқан. Мұндай біржақты пайымдаулар христиандықта ғана емес, басқа да діндер өкілдерінде қазіргі күні де ішінара кездесіп қалатыны жасырын емес. Дегенмен өркениетті сана деңгейінде ойлайтын христиан дінінің кез келген тармағының дін ғалымдары – православ, католик немесе протестант болсын, қасиетті кітаптарда әйел-ана теңсіздігін тудыратын ешбір қағиданың жоқтығына бірауыздан келіседі.

Барлық діндердегі сенушілер қауымының елеулі бөлігін әйелдер құрайды. Сонымен қатар, дін ілімін жеткілікті деңгейде меңгерген әйел затының ұстаздық қызмет атқаруына ешбір дін тыйым салмайды. Ал исламда білім алу әйелдер мен ерлерге бірдей парыз етілген. Осы жерде әйел теңдігі мәселесіне қатысты түсінбестік тудырып жүрген бір жайтқа назар аударған жөн. Діни қағидаттарда «ерлер мен әйелдердің теңдігі» деген түсініктен гөрі «ерлер мен әйелдердің бірін-бірі толықтыруы» деген түсінік басым қолданылады. Өйткені, табиғи ерекшеліктеріне сәйкес ерлер мен әйелдер бір-бірінің мінезіне немесе қасиетіне ие бола алмайтыны секілді, бір-бірінің құқықтары мен міндеттерін де иемдене алмайды. Ерлер мен әйелдер өздеріне тән мінез-құлқы, қасиеттері, құқықтары мен міндеттері бар дербес тұлғалар ретінде қарастырылады. Барлық дінде дерлік әйелдердің құқықтары мен міндеттерінің басым бөлігі олардың ана және жар ретіндегі отбасындағы рөліне көбірек қатысты болып келеді. Ал ерлер отбасының асыраушысы, қоғамдағы негізгі міндеттерді атқарушы ретінде отбасынан тыс құқықтарға көбірек ие. Осы ерекшеліктерді теңсіздік ретінде бағалау дін негіздерін шынайы, терең түсіне білмеудің салдары деп білген жөн. Осы айтылғандардың негізінде әйел затына қатысты әлемдік діндердегі көзқарастардың қазіргі түсінігі «теңсіздік» ұғымымен үйлеспейтінін тұжырымдауға болады.

Әйел мәселесі әрбір қоғамда және әрбір ғасырда өзекті мәселелердің басында келген. Әйел мен қоғам тығыз байланыста әрі бір-бірінсіз өмір сүрмегі мүмкін емес. Қоғамды отбасы құрайды, отбасын құрайтын отбасы мүшелері, ал отбасының мығым, мызғымас мықты әрі бақытты болуында әйелдің орны ерекше, оны жоғарыда жан-жақты баяндап кеттік. Бұрынғы қоғамдар мен діндер де, әйелге әр түрлі мәміле жасаған, біреулері мақтаса енді бірі даттаған. Әйел мәселесі әрқашанда әрбір қоғамның әр ғасырдың өзекті мәселелерінің бірі болып келген. Өйткені әйел – болашақтың шамшырағы. Әйел – келешектің кепілі. Әйел – қоғамның іргесі.

Тыныштық Байманова
Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы