Еңбек нарығында мұсылман әйелдер жиі кемсітушілікке ұшырайды

0
755

Германия мен Нидерландының еңбек нарығында шариғат шәлісін жамылған әйелдердің жұмысқа тұруы қиын. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде осы бағытта арнайы зерттеу жүргізген «Еуропадағы әлеуметтік шолу» мерзімді басылымына жөн сілтеген IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш зерттеу нәтижесі көрсеткендей, адамдармен, мәселен, клиенттермен жүзбе-жүз тілдесуді қажет ететін жұмыс орындары хижабқа орынған әйелдерді жұмысқа алмауға тырысады. Осынау зерттеуге атсалысқан Марина Фернандез-Рейно, Валентино Ди Сатио және Сюзанна Вейттің келтірген дерегіне қарағанда, Германия мен Нидерландыдағы еңбек нарығында қалыптасқан ахуалға қарағанда Испанияда бұл саладағы мұсылман әйелдер құқығының  бұзылуы төмен деңгейде. Мұсылман әйелдердің еңбек нарығындағы құқығы  қаншалықты сақталатынын анықтау үшін әлеуметтанушылар мүлдем басқа салалардағы жұмыс берушілерге түйіндеме жіберіп көрген екен. Түйіндемелердің кейбіреуі хижаб киген әйелдердің фото-суретімен, кейбіреуі хижабсыз әйелдердің фото-суретімен жұмыс берушілерге жөнелтіледі. Алайда, хижабсыз әйелдердің түйіндемесінде олардың мұсылмандардың діри бірлестіктерінде өз еркімен белсенді жұмыс істейтіні айтылған. Нидерландыда жұмыс берушілердің 70 пайызға жуығы хиджабсыз мұсылман әйелдің суреті бар түйіндемеге жауап беріп, әйелдерді сұхбатқа шақырған. Ал шариғат шәлісін жамылған әйелдердің тек 35 пайызы ғана жұмыс берушілер тарапынан шақырту алған. Германияда хижабсыз әйелдердің 53 пайызына ғана жұмыс берушілер хабарласқан. Ал шариғат шәлісін жамылғандардың тек 25 пайызы ғана сұхбатқа шақырылған. Корнелл университетінің қызметкері Дорис Уайзелбаумердің бұрынғы зерттеуі Германияда тек діни парыздарын орындап жүрген мұсылман әйелдері ғана емес, сонымен қатар, иммиграциялық тегін көрсететін есімдері бар адамдар да кемсітуге ұшырайтынын көрсетіп берді.