Қостанай: «Ауызашар қоржыны» таратылды

0
811

Қостанай облыстық мешітінің атқарар жұмысының бір бағыты күн көрісі төмен жерлестерімізге қайырымдылық жасау екендігі белгілі. Сондықтан «Зекет және қайырымдылық» қорының жұмысы Рамазан айында да барынша жандана түсуде.

Қасиетті Рамазан айының оразасы басталғалы бері «Зекет және қайырымдылық» қорының тікелей атсалысуымен облыс бойынша 1 170 отбасына «Ауызашар қоржыны» деген атаумен азық-түлік таратылды. Ал өздігінен жүріп-тұра алмайтын кісілерге азық-түлік үйлеріне жеткізілді. Бұл қайырымдылық шараларының дер кезінде орындалуына өңірдегі жанашыр әрі жомарт жандар лайықты үлес қосуда. Қамқорлықты сезінген бауырларымыз демеушілерге шынайы алғыс білдіруде.

Қайырымдылық көмегін жасауда жоғарыда аталған қордың қызметкерлері – наиб имам Бақытжан Икрам мен өз ісінің білікті маманы Мейрам Есламханұлы көп еңбек сіңіруде. Сондай-ақ азық-түлік салынған пакеттерді үйді-үйге жеткізуде «Тұмар» мүгедектер қауымдастығының өкілі Лейла Балғабаева және басқа да азаматтар белсенділік танытуда.