Исламдағы адамгершілік құндылықтар

0
1335

Діни түсінік тұрғысынан алғанда дін – адамның рухани жетілуіне мүмкіндік жасайтын іс-әрекеттер мен бүкіл дүниетанымды, болмысты толық қамтитын ауқымды ұғым.
Діннің сипаты – имандылық. Имандылық барлық дерлік діндерге ортақ, діннің ішкі мәнін білдіреді, сондай-ақ, ғибадатты да қамтиды, адамның сыртқы және ішкі болмысын тәрбиелейді.

Діннің басты мақсаты – адамның рухани жетілуі, Жаратушыға деген сүйіспеншілікке жету және оның мейірімі мен кешіріміне ие болу. Олардың ішкі мәнінде ғана емес, салт-рәсімдерінде де көптеген ұқсастықтар бар. Дәстүрлі исламға тоқталсақ, ол өзін бір ұлтқа немесе тек мұсылмандарға ғана жіберілген дін емес, бүкіл әлемге ортақ құндылық ретінде танытады. Жалпыадамзаттық құндылықтар – бұл барлық мәдениеттер мен заманалар өкілдері үшін ортақ болып саналатын іргелі, жалпыадамзаттық бағдарлар мен нормалар, моральдық құндылықтар. Олар адам тегінің ұлттық, саяси, діни және басқа да қатыстылығына тәуелсіз жалпы мүддесін білдіруімен ерекшеленеді және сол арқылы адамзат өркениеті дамуының басымдығы болып табылады.

Құндылықтар рухани мәдениет түрлеріне қарай:адамгершілік қайырымдылық, жауапкершілік, ұят, ар, абырой, діни, ғылыми болып жіктеледі.

Адамзат қоғамын өркениетке жеткізген құндылықтар кешені бір-бірімен тығыз байланысты. Соның ішінде рухани-адамгершілік құндылықтар ерекше орын алады. Адамгершілік құндылықтар адамның мінез-құлқы, іс-әрекеті, қарым-қатынасы, көзқарастары арқылы сипатталады. Сыйластық, өзара құрмет, ар, абырой, имандылық – бұлардың барлығы әлемдік діндерде маңызды орын алатын, негізгі ұстанымдар болып табылатын адамгершілік құндылықтар.

Ұлттық құндылықтардың бір түрі – дәстүр – қоғамда немесе жекелеген топтарда тарихи дәуірлерде қалыптасқан, ұзақ уақыт аралығында сақталған және ұрпақтан ұрпаққа берілетін әдет-ғұрыптар, мінез-құлық нормалары, салттар, қоғамдық нұсқамалар, мұраттар мен құндылықтар, әлеуметтік-мәдени мұра элементтері. «Дәстүр» түсінігі моральдық бастаулармен тығыз байланысты. Ұлттық дәстүрлер ең алдымен, халықтың қоғамдық өміріне қатысты және негізінен өз елінің ауқымында бірдей байқалатын барынша терең қасиеттерді көрсетеді. Ұлттық әдет-ғұрыптар ең алдымен осы халыққа тән отбасылық-тұрмыстық ерекшеліктерді білдіреді.

Ұлттық құндылықтар діни құндылықтармен үйлесім табады. Дін құндылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Өйткені бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді. Өйткені тыныштық, тұрақтылық пен

татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да исламда «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет – елге қызмет деп бағаланады.

Өмірде адам баласы тұтынатын, оның өмір бойы азығы болатын асыл екі қазынасы бар. Оның біріншісі – материалдық байлық (тән азығы) болса, екіншісі – рухани байлық (жан азығы). Жан азығы адам баласының жан қуатын арттырады. «Жан азығының негізі – дінде» дейді ислам ғалымдары. Өйткені дін – әлем, адам, Алла туралы ғана айтылған көзқарастар емес, сонымен бірге әдет-ғұрыптар, рәсімдер, дәстүрлер, қоғамдық өмірдің құрамдас бөлігіне кіретін мораль және құқық кодексі деуге болады.

Құран Кәрімде адам баласын бақытқа да, бақытсыздыққа да бастайтын нәпсі делінеді. Атаққұмарлық, мансапқорлық, өркөкіректік, өзін басқадан жоғары санау – нәпсінің түп-төркіні. Құранға тек діни уағыз ретінде емес, адамгершілікке, имандылыққа, инабаттылыққа, еңбекқорлыққа, т.б. тәрбиелейтін Алланың заңдылығы деп қараған жағдайда исламның тәрбиелік мәнін терең түсіндіруге болады.

Гүлбану Қуандық,
ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы