Рухани жаңғыру – ел болашағы

0
1107

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласында еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымыз және бұқаралық сана­­ны қалай өзгертетініміз туралы көзқарас­тарын ортаға салды. Алдағы биык мақсаттарға жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс екенін атап өтті.

Елбасымыз аталмыш жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айнала білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды»,– деп атап көрсетті. Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды.

Біз дамыған алдыңғы қатарлы ел болу үшін тілімізді, дінімізді, рухани дәстүрімізді, мәдениетімізді дамытуымыз керек. Бұл орайда барлығы бір-бірімен үнемі рухани байланыста болуы шарт. Елбасының бұл мақаласында қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан және оны жай мақала емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы деуге болады.  Елбасы ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасын халық назарына ұсынды.

Мемлекет басшысы қазақтың ежелгі «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақырып, былай деп атап көрсетті: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Мемлекет басшысы нұсқап отырған ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, заман ағымына қарай оның сипаттарын өзгерту, «білім культін» қалыптастыру, атап айтқанда өз білімің мен қабылетіңді жетілдіріп, өз-өзіңді дамыту арқылы өмір бойы білім алу,  мемлекет пен қоғамды революциялық емес, эволюциялық жолмен дамыту, ең бастысы, сананың ашықтығын, яғни әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу идеялары ұлттың рухани-мәдени қалыбы болмақ. Әрі жаңа дәуір сынақтарын бәсекелік қабілеті ерекше ел ғана еңсере алады. Осы тұрғыда Елбасының мемлекет пен қоғам алдына қойып отырған нақты міндеттері рухани саладағы түбегейлі реформалардың бастауына айналарына күмән жоқ.

Сондай-ақ, Елбасы өз мақаласында қазіргі жаһандану заманында ұлттық бірегейлікті сақтап қалу, өркениеттің жақсысын алып, жаманынан жирену жөнінде өте құнды пікірлер айтты. Ендігі міндет – осы айтылғандарды іске асыру жолында аянбай еңбек ету. Жаңа заманда білім берудің өзекті  мәселесі жас ұрпаққа  рухани патриоттық тәрбие  беру. Құнды  қасиеттерге  ие  болу, рухани бай  адамды  қалыптастыру  оның  туған  кезінен  басталуы  керек. Халықта «Ағаш  түзу  өсу  үшін  оған  көшет кезінде көмектесуге  болады, ал үлкен ағаш  болғанда  оны  түзете  алмайсың» деп бекер  айтылмаған. Сондықтан  баланың  бойына жастайынан ұлттық намыс, мінез құлық, тектілік, отансүйгіштік  яғни  рухани патриоттық  құнды  қасиеттерді  сіңіріп тәрбиелеуді  отбасы  мүшелері мен  тәрбиешілер шешуші  рол атқарады. Еліміздің  болашағы  жас  ұрпақты  тәрбиелеуде бірінші  бесік отбасы, ата -ана тәрбиесі болса, екінші  бесік – білім беру  мекемесі болуы тиіс.

Ел басшысы білім, ғылым, зияткерлік қабілет және сапалы еңбек арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыру керектігіне ерекше тоқталды. Яғни, әрбір адам өз тарихын терең біліп қана қоймай, заман талабына сай қасиеттерге де  ие болуы керек. Сондықтан, қазір «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» бағдарламаларын жүзеге асыру маңызды.Қазақ елінің бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамуға ұмтылуы заңдылық. Дегенмен, ең бастысы жаһандық өзгерістер кезеңінде біз ұлттық ерекшелігімізді, құндылығымызды сақтай білуіміз керек. ХХІ ғасырдағы рухани жаңғырудың мәні осыда болмақ. Білімді, көзі ашық көкірегі ояу болуға ұмтылу-біздің қанымызда бар қасиет. Ең бастысы – бағыт-бағдарымыз анық, жолымыз жарқын.

Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағи­да­ларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді.

Осыған байланысты, Елбасы мақаласында  бірнеше жаңа жобаларды, оның ішінде патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын айта келіп, «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды.

.  Туған жер» бағ­дар­ламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек.Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек екені өзінен-өзі түсінікті.

«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ.  Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мав­золейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жеті­судың киелі мекендерін және басқа да жерлер­ді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлт­тық бірегейлігінің мызғымас негізін құрай­ды», — деп атап көрсетті Елбасы.

Елбасының осынау тарихи мақаласына орай сөзімізді түйіндейтін болсақ, еліміз мықты, жауапкершілігі жоғары ұлт болу үшін әрбір қазақ баласы өз Отанының көркейіп, өркендеуіне,туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысуға, сол арқылы – шынайы патриотизмнің өнегесін танытуға міндетті деп білеміз.

Аружан АТЫМТАЕВА,
Шымкент қалаcының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдықмемлекеттік мекемесі директорының орынбасары