Бала тәрбиесі бүгіннен басталады

0
11693

Отбасы  қоғамның тірегі. Біздің балаларымыздың санасында елге деген сүйіспеншілік сезімдері отбасында, олар мекендейтін ортада қалыптасады. Елдің болашағы, бейбітшілік пен өркендеуі ең алдымен осы шағын қоғамда өсіп жатқан балаларымызға байланысты.

Бүгінгі ұрпақ ол – еліміздің болашағы. Біздің алға қойған мақсатымыз – қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты, жарасымды тұлға тәрбиелеп өсіру. Ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, оның жан дүниесі де дұрыс қалыптасып жетіледі, яғни бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп өседі.Баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы жақсы мен жаманды, обал мен сауапты ажырата білуі, өзін қоршаған ортасына, ата-анасына, құрбы-құрдастарына, олардың іс-әрекеттеріне және де басқа да қасиеттеріне байланысты болады.

Хәкім Абай өзінің жетінші қара сөзінде бала өмірге екі түрлі болып келіп, екі түрлі мақсатта өмір сүретіндігін айтады. Яғни, бір бала тек ішсем –жесем деп, нәпсі мен тән қажеттіліктерін ғана өтеп, «жүректе қайрат болмай, ұйықтаған ойын оятпай, ақылына сәуле қонбай, хайуанша жүріп күнелтетінін» тілге тиек етеді. Бұл – тән құмары. Ал екінші бала «білсем екен, танысам екен деп тұрады» дейді. Ал мұны ол жан құмары деп атайды.Сонымен баланың жан құмарын қанағаттандырып, толық адам, кемел азамат, жан-жақты толысқан тұлға етіп қалыптастыруда отбасы мен ата-ананың тәрбиесінен бөлек, мектепке дейінгі мекемелер мен бала-бақшалардың орны ерекше.

Кез келген ата-ана баласын жамандыққа қимайды, жаман істің иесі болғанын да қаламайды. Көбіне балалардың материалдық жағдайына көңіл бөлінеді де, ал бірақ рухани тәрбиесіне мән берілмейді. Әйтпесе «мінезі қиын» жастар бізге басқа жақтан келген жоқ. Бүкіл жамандықтың басы – жаман дос. Жаман дос – баланың дөрекі, өтірікші, ұрлықшы және әдепсіз болуына себепші болады. Мұндай жаман мінездерге ұрынғандар ұзақ жылдар бойы бұл жаман мінезінен арыла алмайды. Қай кезде де халқымыз өзінің болашағы – жастар тәрбиесіне көңіл бөліп отырған. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда, оны түзете алмайсың», – деген халқымыздың аталы сөзі бекер айтылмаған.Сондықтан да балалардың бойына жастайынан ізгілік, имандылық, отансүйгіштік, қайырымдылық, кішіпейілділік, адалдық секілді қасиеттерді сіңіру мен тәрбиелеуде отбасы маңызды рөл атқарады.

Отбасылық тәрбие арқылы ұлттың ең негізгі құндылығы – ұлттық тілді құрметтеу сезімін қалыптастыру, баланың ұлттық сана-сезімін, ұлттық рухты дамыту, отбасылық тәрбиенің дұрыс ұйымдастырылуына қарай бала санасында отбасының құндылықтық мәнін ашу, отбасылық тәрбиедегі туысқандық қарым-қатынас ерекшеліктерін үйрету, бала тәрбиесіне байланысты қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрлердің мәнін ашып көрсету және қыз бен жігіт арасындағы қарым-қатынастарға байланысты қалыптасқан салт-дәстүрлерді (ер бала және қыз бала тәрбиесі, жігіттік сөз, жігіттік серт, қыз намысының жоғары болуы, қызқонақ, қыз ұзату, үйлену тойы, құдаласу, т.б.) сіңіру.Сонымен, отбасылық тәрбие арқылы балада ұлттық таным жүйелі қаланып, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан жағдайда ғана ол ұлт мүддесін ойлайтын, елжанды азамат бола алады.

Егер адам отбасының үлкен құндылық екенін түсініп, ата-ана алдындағы парызын өтеуге бейімделген болса, өсе келе ол бұл бағыттың біртіндеп Отан алдындағы борышы мен азаматтық парызына ұласатынын аңғарады.Сондықтан әр ата-ана баланың отбасылық құндылықтарды толық меңгеруіне мүмкіндік жасағаны абзал.Отбасындағы құндылықтарды бағалай алмаса, адам ұлттық құндылықтарды да құрметтемей өтуі мүмкін. «Бір елді жаулау үшін қарудың керегі жоқ. Бесігін бүлдірсеңіз өздері босағасын қиратып, есігін ашып береді»- деген қытай нақылы қазіргідей жаһандану заманында өте қауіпті.Сондықтан халқымыздың біртуар ұлы М.Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген сөзінің мән мағынасы дәл қазіргі кезеңде айқын жол табуға, дәстүрімізде сақталған ұлттық рух пен сананы жаңғыртып, өркениетке бағыт алған ұлт болашағын дамытудың өзекті арқауы болуы тиіс.

Өмірге келген балаға қазақ тәрбиесінде бесіктің орны бөлек.Сәби кезінен бесікке жатқан бала бесіктен түрлі жыр-дастанды, тәрбиелік маңызы бар ертегі, өлеңдерді естиді.Халық арасында ауыздан ауызға көшіп ел арасында таралып кеткен бесік жырында діни өлеңдер, үлгілі өнеге бар. Бесік жырының мақсаты баланы тыныштандыра отырып, баланың санасына ұлттық тәрбиенің, діннің нәрін сіңіру.Осы тұста қазақ халқы баланы бес жасқа дейін патшаңдай көріп, мейірімді болу керектігін үгіттеген. Бес жастан он үшке дейін жұмсауды бұйырып, он үштен кейін өзіңмен теңдей досша сырласа біл деп насихат айтқан.

Халқымыз  «Не ексең, соны орасың»- деп бекер айтпаса керек.Егер бала отбасында мейірімге толы дінге қанық, салт-дәстүрмен тәрбиеленіп өссе болашақта еліне, жеріне қызмет ететін жақсы азамат болатыны анық.Ұл бала өсірсе баланың тәрбиесіне әкесі немесе ағалары көңіл бөлген, ұл баланы тәрбиелеген кезде де дұрыс мәміле құрып, баланы төзімділікке және еңбекке баулып өсірген.Өтірік айтпауға, біреудің ала жібін аттамауға, ұрлық жасамауға баулыған. Қыз баланың тәрбиесіне анасы, жеңгесі немесе әжесі көңіл бөліп ибалы, инабатты етіп тәрбиелеген. Қыз айттырса да, құда түссе де қыздың жанында әрдайым жеңгесі жүретін болған. Қызға азды-көпті ақыл кеңесін айтып, қыз баласын жігітпен жолықтырғанда жеңгесі қасынан табылып отырған. Осындай тәрбиенің арқасында қыз аттаған босағасында абыройлы болған. Қазіргі таңда жас қыздар босаға аттамай тұрып ия болмаса мектеп кезінде – ақ некесін қидырмай екі қабат болып жатқаны қаншама. Үйінде естімеген жылы сөзін ғаламтор желісіндегі жігіттен сүйдім-күйдім деген басқа да жылы сөздерін естіп алданып қалып жатқан қыздарымыз жетерлік.Жоғарыда айтқандай ақ жаулықты әжесі, анасы жылы сөзін төгіп қызды тәрбиелесе, өскен кезде жеңгесі әрдайым жанынан табылып, ақыл-кеңесін айтып жүрсе бұндай жағдай болмайтыны анық.

Ал қазіргі кезде жас отбасы баламыз біз көрген қиындықты көрмесін, таршылықты сезінбесін деп балаларына қалаған нәрселерін әпереді.Осы тұста осалдық танытып жатқанын түсінбейді, саналық тұрғыдан  балаға қалағанын әперу, машақатсыз келген нәрселер баланы еріншектікке және жаман әдетке тәрбиелейтіні анық. «Шайнап берген ас болмас» деп қазақ халқы айтқандай әр бір келген дүниенің бала үшін құны болмай қалатыны тағы бар.

Осыдан кейін бала үшін әрбір нәрсе ақшамен теңеліп, барлығы ақшамен сатып алынатындай көрінеді, кейбір дүниелер ақшасыз келетінін бала түсінбей өседі.Көк тиын құны жоқ болған «мейірім», «шапағат», «бауырмашыл» деген дүниелерді бала сезінбей өседі. Бұндай нәрселерден алшақ өскен бала үшін әке-шешесіне қарау, мейірімін төгу сияқты ең асыл қасиеттерді сезіне алмай, сараңдық танытады. Қарттар үйінің көбеюі, әке-шешесін сонда апарып тастауы қазіргі таңда ерсі қылық болмай қалғаны ащы да болса шындық. Жастардың рухани байлығы тым төмен болса, олардан елге де, жұртқа да, ертеңгі келешекке де мардымды пайда әкелмесі анық. Жақсы жардың қадірін білмейтін жаман еркектер, ер қадірін білмейтін жайсыз әйелдер қайдан шығып жатыр? Осы рухани құндылықтың жоқтығынан шығып жатыр.

Сондай-ақ,  ұрпақ тәрбиесіне асыл дінімізбен қатар, дана халқымыз да қашанда бей-жай қарамағаны белгілі.Ислам діні бала тәрбиесі туралы маңызы зор толғамдар мен пайдалы насихаттарға толы. Балаға жақсы есім қою, оған тәлімді де парасатты тәрбие беру – ата-ана үшін ең ұлағатты парыз.Бала тәрбиесі ешқашан салғырт қарауды көтермейтін, аса бір күрделі де маңызды іс. Адамды адамдық қалыпқа келтіретін де, аздырып, тоздыратын да тәрбие жұмысы. Балаға жас кезінде әсер ететін құбылыстар әр түрлі болғанмен оларды тәрбиелеуші, әрине, ата-ана.Ата-ананың тәрбиесібала мінезінің іргетасы.«Ертең бүгіннен басталады» дегенді ойымызға терең тоқи отырып, бала тәрбиесімен қазірден бастап, жалпы айтқанда баланың тулған сәтінен бастап айналысқан жөн. «Не ексең соны орасын» демей ме қазақта, ата-ананың балаға бүгін көрсеткен дүниесін бала өскенде қайталайды. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны істейсің» дегендей сіз жасаған әрекетті көріп өскен ұрпағыңыз ертең соны қайталайтынын ескеріп,салиқалы, көрегенді ұрпақ тәрбиелеуге тырысу керек.Адам —  қоғам байлығы, ол байлық бүгінгі отбасында тәрбиеленіп, өсіп келе жатқан – жас ұрпақ.Олай болса, қоғамда да, отбасында да тәрбиенің беделі мен орнын көтеру арқылы ұлтымыздың болашағының жақсы болуы үшін атсалысайық..

Сөзімізді қорыта келе жас бала енді бүршік атып шығып келе жатқан жас шыбық тал секілді. Жас шыбықты дер кезінде таза ұстап, суғарып тұрмасақ тік, түзу өсуі екіталай. Жас шыбықты қалаған жағыңа иілдірген секілді жас баланы рухани құндылықтарға бай әрі салт-дәстүрге қанық етсе, тәрбиелі болып өсетіні анық.Сол себепті біздің келешеіміз  ертеңгі ұрпақтың тәрбиесін бүгіннен бастап қолға алып, жастарымызды ұлтын, Отанын сүйетін патриот етіп тәрбиелеу, ұлттық тәрбие мен құндылықтарды қолға алу біздің басты міндетіміз болуы тиіс.

Ғазиза Көпжасар,
Шымкент қаласының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бухгалтер-экономисті