БАС МҮФТИ ЕЛОРДАДАҒЫ ҚҰРБАН ШАЛАТЫН ОРЫНДАРДЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫН ТЕКСЕРДІ

0
54

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық аппарат жанынан құрылған жұмыс тобымен бірге елордадағы құрбан шалатын орындардың Құрбан айтқа дайындығын тексерді.

Бас мүфти ең алдымен тазалық мәселесіне мән беріп, санитарлық талаптардың сақталуын ескертті. Сондай-ақ сойылатын малдың жас ерекшелігі мен жарамдылығы басты назарда болуын тапсырды. Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы былтырғы қашықтан құрбан шалу тәжірибесі биыл да қолданылатынын айтып, онлайн түрде құрбан шалуға арналған сайт іске қосылатынын жеткізді. 

Бас мүфтидің айтуынша, онлайн тапсырыстар үшін әр облыстан құрбан шалу орындары дайындалған. Оған жергілікті әкімдік пен аймақтағы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мамандардың рұқсаты беріледі. Тәртіп сақшылары карантин талаптарын бақылайды. Имамдар мен қасапшылар құрбан шалады. Ал еріктілер етті мұқтаж адамдарға тегін жеткізіп бермек. 

Бұған дейін Бас мүфти қиын-қыстау кезеңде азаматтарды мал бағасын қымбаттатпауға, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеруге шақырған болатын. Ал мал бағасын тұрақты ұстауды ҚМДБ Орталық аппараты жанынан құрылған жұмыс тобы қадағаламақ.

Айта кетейік, биыл Құрбан айт мерекесі 20 шілдеде басталады. Құрбандыққа түйе, сиыр, қой мен ешкі шалынады. Құрбандық малын айт намазынан кейін бастап айттың үшінші күні күн батқанға дейін шалуға болады.