Жастардың дінге қызығушылығы

0
980

Бүгінгі таңда жастардың көз алдында дін рухани-құлықтық идеяларды таратушы және мәдени дәстүрді сақтаушы ретінде жоғары дәрежеге ие болып отыр. Осыған орай білім беру мекемелері мен мемлекеттік органдар алдында дәстүрлі діндердің әлеуетін жастарды рухани-тәрбиелікке және отансүйгіштікке тәрбиелеуге пайдалану. Сондай-ақ, елімізде өзара түсіністік пен дінаралық татулықты сақтай отырып,  мемлекеттілікті нығайту үшін жас ұрпаққа дәстүрлі діндер, олардың рухани құндылықтары, еңбектері, дін ғұламалары жайлы білуі керек.

Әлеуметтік зерттеулер өздерін дінді ұстанатындардың қатарына жатқызатын жастардың көп бөлігі дінге отбасындағы тәрбие ықпалымен келгендігін көрсетеді. Екіншісі – жастардың дінге өздерінің рухани ізденістері нәтижесінде келуі. Келесі сатыдағы  респонденттер дін жолына өз таныстары мен достарының ықпалымен келгендер. Яғни, жастардың дінге келуін оның қоршаған әлеуметтік ортасымен және басқа да әртүрлі жағдайларға қатысты бірнеше факторлармен айқындауға болады. Осы деректер және күнделікті өмірдегі қарапайым бақылау жастардың дінге келуі мен ұстануында олардың ішкі ізденістерінен гөрі, сыртқы факторлардың ықпалы басымдау екендігін көрсетеді.

Кейбір мұсылман елдеріндегі діни оқу орындарын тәмамдаған отандастарымыз елге оралған соң исламдағы ханбалит мазхабы іліміне негізделген мәдениетті уағыздауда, бұл жағдай біздің дәстүрлі рухани құндылықтарымызға сәйкес келмейді.

Бұл өз кезегінде дінге сенушілер арасындағы алауыздыққа әкеп соқтырады, өйткені қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанған діни дәстүрлеріне қайшы келеді. Соның салдарынан қоғамдық және діни қауіпсіздікке айтарлықтай зиянын тигізеді. Ат төбеліндей дүмшелер дүниеден өткен марқұмдарға Құран бағыштау салтын теріске шығарып, құлпытастарды қиратушыларды ақтап алуға тырысуда. Сондай-ақ олар адасып жүрген бауырларымыздың тарапынан жасалып жатқан мән-мағынасыз лаңкестік әрекеттерді де ақтап алмақшы.

Бұл орайда қазіргі уақытта мемлекеттің құзырлы мекемелері экстремистік ұйымдардың және олардың идеологтарының қызметін айқындап, тыйым салу бағытында ықпалды шаралар қабылдауда. Рухани-ағарту және тәрбие жұмыстарының сапасын көтеріп, тиімділігін арттыру үшін біз қазақ халқының рухани құндылықтары мен дәстүрлерін, қазіргі жастардың еліктеуіне лайықты қаһарман тұлғаларды белсендірек насихаттауға тиіспіз.

Жастардың санасына діни қайраткерлерден басқа адамдар да рухани бай бола алатынын сіңіру керек. Елімізде үлгі-өнеге алуға лайықты қаншама иманжүзді ғалымдар, дәрігерлер, ұстаздар, өнер қайраткерлері, әскери қызметкерлер, саясаткерлер бар. Оларды құрметтей және оларға еліктей отырып, жастарымыз көптеген өмірлік сауалдарына жауап тапқан болар еді.

Жастардың қай замандарда болмасын, әрқашан қоғамда үлкен әлеуметтік күшке ие болғанын байқаймыз. Олар әрдайым қоғамның ең белсенді мүшесі әрі жұмыс күші болып табылған. Оның үстіне бүгінгі жастың ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын басшы боларын ескерсек, олардың қоғам үшін маңызы арта түседі. Сондай-ақ, жастардың бойында үлкен, әрі жүзеге асырылмаған қуаты мен мүмкіндіктері де бар екенін ұмытпауымыз қажет. Ал, бірақ басқа қырынан қарасақ салыстырмалы түрде жастар қоғамда әлеуметтік жағынан ең аз қамтылған топқа жатады. Яғни, олардың арасында  баспанасы мен жұмысы жоқтар, білім алуға да мүмкіндігі аз санаттар бар. Сондай-ақ әлі өмірлік тәжірбиесі қалыптаса қоймаған және сезімге ерік беретін жастар, көбінесе өзіне ұнаған кез-келген бір идеяның соңынан еруге дайын тұрады. Мұнан көріп тұрғанымыздай жастар қоғамның ең күшті әрі ең осал тұсы болып табылады. Әдетте қоғамға таңсық, оның тыныштығын бұзатын идеялар көбіне жастар арқылы таралатыны тарихтан белгілі.

Жаңа мүмкіндіктер бар жаһандық кезеңде жастардың санасы мен дүниетанымы ең алдымен отбасындағы рухани құндылықтар мен тәрбиелік жауапкершіліктен бастау алады. Кейін отбасы, мемлекет пен діни бірлестіктер өздерінің атқарып жүрген жұмыстарын одан әрі нығайта түссе, болашақ ұрпақты саналы, сыни тұрғыда ойлай алатын бәсекеге қабілетті, рухани терең құндылықтарды бойына сіңірген тұлғалар ретінде тәрбиелеп шығаруға мүмкіндік береді.

Қ. Ахметжанұлы, ақпараттық түсіндіру
тобының мүшесі