Алматы: Құран жарысының іріктеу сайысы өтті

0
519

ҚМДБ Алматы қалалық өкілдігінің ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан Х Республикалық Құран жарысының іріктеу сайысы мәресіне жетті.

Алматы қалалық орталық мешітінде өткен додалы жарыс Құран Кәрімнің 30 парасын, 20 парасын, 10 парасын жатқа және мәнерлеп оқу секілді 4 номинация бойынша өтті. 

Нұр-Мүбарак университетінің ұстазы Серік қари Ахметовтың әуезді Құран оқуымен басталған жарысты Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Қасым Ашимов жүргізіп отырды.

Жарыстың шымылдығын ҚМДБ-ның Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Оспан алғы сөзбен ашты. Бас имам өз сөзінде Құранның қадір-қасиеті мен Құран жарысының маңызына тоқталып өтті. Құран жарысына қатысушы қариларға сәттілік тілеп, көрермен жамағатқа алғыс білдірді.  

Іріктеу сайысына Алматы қаласы бойынша 46 үміткер қатысты. Атап айтқанда, Құран Кәрімді жатқа оқу бойынша 30 параға – 7 үміткер, 20 параға – 9 үміткер, 10 параға – 18 үміткер, ал мәнерлеп оқу бойынша – 12 үміткер өзара бақ сынады.

Құран жарысының іріктеу сайысына қазылық еткендер – Алматы қаласындағы «Төлеби» мешітінің бас имамы Ерсін қари Әміре, «Байкен» мешітінің бас имамы Данияр қари Жұмабаев, Нұр-Мүбарак университетінің ұстаздары Құрмет қари Смағұл мен Серік қари Ахметов және Алатау ауданы «Дархан» мешітінің ұстазы Мансур қари Инаятулла болды.

Үміткер қарилар күні бойы Құран оқып, көрермендердің құлақ құрышын қандырып, жандарын илаһи нұрға бөледі. Тартысты өткен бәсекеде 4 номинация бойынша жүлделі орындарға ие болған қарилар қомақты қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Бұл жүлделерді жарыс қазылары, ҚМДБ-ның Дін істері және талдау бөлімінің басшысы Нұрбек Есмағамбет, Алматы қалалық орталық мешітінің бас имамы Төлеби қажы Оспан, наиб имамдар Мадияр Пірімқұлов пен Қуаныш Абишев, Түрксіб ауданының бас имамы Саттарқұл Мейірман және қазылар алқасының мүшелері табыстады.

Жарыс соңында Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Оспан және ҚМДБ-ның Дін істері және талдау бөлімінің басшысы Нұрбек Есмағамбет Құран жарысына қатысқан қарилар мен шараны ұйымдастырушыларға және байқауды онлайн тамашалаған 7000-ға тарта көрерменге өз алғысын жеткізді. Сондай-ақ Х Республикалық Құран жарысына жолдама алған жеңімпаз қариларға сәттілік тіледі.Х Республикалық Құран жарысының іріктеу сайысының жүлдегерлері төмендегідей марапаттарға ие болды: 


Құран Кәрімнің 30 парасын жатқа оқу бойынша:
І орын – Уалихан Мансурхан (300 000 тг);
ІІ орын – Хакимов Ахметқожа (200 000 тг);
ІІІ орын – Дәукен Қайырбай (150 000 тг).

Құран Кәрімнің 20 парасын жатқа оқу бойынша:
І орын –  Абдулазиз Абдулбақи (150 000 тг);
ІІ орын – Хакимов Азизқожа (120 000 тг);
ІІІ орын – Жалиев Алибек (100 000 тг).

Құран Кәрімнің 10 парасын жатқа оқу бойынша:
І орын – Абай Шыңғысұлы (100 000 тг);
ІІ орын – Арсен Саятұлы (75 000 тг);
ІІІ орын – Қасым Рузихан (50 000 тг).

Құран Кәрімді мәнерлеп оқу бойынша:
І орын – Сейтқанов Қуаныш (75 000 тг);
ІІ орын – Бегімов Сұлтан (50 000 тг);
ІІІ орын – Кумабаев Ануар (35 000 тг).

Жоғарыдағы 4 номинация бойынша жүлделі І орын иегерлері биыл Түркістан қаласында өтетін Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан Х Республикалық Құран жарысына жолдама алды.