Ақтөбе: «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жалғасуда

0
108

Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлы Мұғалжар ауданы әкімі Асқар Тұрарұлының қабылдауында болды. 

Кездесу барысында жергілікті діни ахуалдың жай-күйіне, өңірдегі дін қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына тоқталып, ауданға діни кадрларды тарту мәселесін қозғады.

Одан кейін аудандық әкімдіктің үлкен залында бас имам Серікжан Еншібай мен облыстық Дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев бастаған  теологтар, имамдар, психологтар т.с.с мамандар тобына арналған 5 күндік жұмыс жоспары талқыланды.

Сонымен қатар бас имам Қандыағаш қаласындағы КТЖ депода жұмыс істейтін дін ұстанушылармен кездесіп, Ислам дінінің мақсаты, білімсіздіктің зардабы тақырыбында түсіндірме жұмысын жүргізіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Іссапар барысында Қандыағаш қаласындағы Мұғалжар аудандық «Нұртай» мен «Қадырәлі ата» мешітінің тыныс-тіршілігімен танысып, имамдардың жұмысындағы мәселелерді талқылады. Одан өзге Серікжан Еншібайұлы экстремизм бабымен істі болып, босап шыққан екі азамат пен жеке кездесіп, түсіндіру жұмысын жүргізді.

Мұғалжар ауданындағы «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясындағы сапарда Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов аудандық емхана дәрігерлерімен кездесіп, теріс ағымның алдын алуға қатысты бірқатар нұсқаулықтар берді. Кездесуде оларға жат ағымның алдын алу мәселері, дін мен салт-дәстүр құндылығы, отаншылдық туралы айтылып, дәрігерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.

Облыстық Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Мұғалжар ауданында басталған іс-шара 5 күнге жалғасын табады. Еске салсақ, «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы Темір, Алға, Байғанин аудандарында жүргізілді.