ИХСАН ІЛІМІ ЖӘНЕ РИЯ МӘСЕЛЕСІ

0
586

Бүгінгі ақпараттық және ксерокөшірме технологиясы дамып, әлеуметтік өмірдің барлық қыры әлемжеліленіп жаһанданған заманда риясыз шынайылық, төлтума немесе түпнегіз (оригинал) дүние тапшылыққа айналып барады. Қадам басқан сайын табиғилықтан жұрдай жасандылық, менмендік пен тәкаппарлық, жалған намыс пен мақтанымпаздық (понтмания), көрсеқызарлық пен әсекілік, көсемсу (демагогия) мен жағымпаздық, мансапқорлық пен жемқорлық, екіжүзділік пен өсек-аяң, өшпенділікпен айдап салу (буллинг), көшіре салу мен сұғанақтық (плагиат), имитация (еліктеушілік) пен симуляция (көлгірсу, көзбояушылық) т.б. жүрек, рух, тіл кеселдері мен содан туындайтын амал мен дене дерттерінің көріністеріне куә боласың. Күшенген, ызаланған, тыраштанған бір үрдіс бар. «Болудан» гөрі «болып көріну» басым. Ниеті таза, сөзі түзу, айтқаны мен амалы айнымайтын, өз мінезіне адал, әділдікке жүгінетін тұлға табу қиын. «Заманға күйлемейтін, замана оны илемейтін» жан жоқ тәрізді. Бұл келеңсіз құбылыстар соңғы кездері қоғамда қарсыласушылық көңіл-күйді тудырып, билік пен азаматтар арасындағы алшақтықты ұлғайтып бара жатқандай. Осы орайда, уағызшылардың жиі айтатын қасиетті Құрандағы Рағыд сүресінің «Расында бір қауым өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» деген аятын, сондай-ақ, адамзаттың ардақтысы Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Өздерің қалай болсаңдар, солай басқарыласыңдар», «Ең жаман адам – араларыңда сөз таситын, араларыңды бұзатын және адамдарды бір-бірімен шағыстыратын адам» деген хадистерін еске алған жөн деп ойлаймын. Біздің елімізде дін саласындағы мемлекеттік саясат зайырлылық пен діни құндылықтардың балансын сақтай отырып жүзеге асырылып келеді. Былтыр, яғни 2020-жылдың қараша айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдағаны белгілі. Сол кездесуде мүфтият алдағы уақытта «ихсан ілімін», қазақтың данасы Абайдың «кемел адам» концепциясын кеңінен насихаттайтыны айтылған еді. Бұл бастама мемлекет басшысы мен дінбасының елдегі қоғамдық ахуалды жақсартуға деген ізгі ниетінен туындаса керек.