Қазақстандағы тарихи-діни ескерткіштер

0
6006

Тарихи-мәдени ескерткіштер – ұлттық тарихымыз пен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері болып табылады. Әлемнің көптеген елдеріндегі сияқты қазақ даласындағы тарихи-діни ескерткіштердің де өзіндік шежіресі бар екені анық. Олардың да тарихы сол жұрттың заманы, қоғамы, халықтары мен қала, кенттерінің тағдыр-талайымен тікелей байланысты.

Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіштер сақталған. Соның ішінде еліміздің оңтүстіктік өңірі отанымыздың көптеген тарихи және мәдени мұра ескерткіштері шоғырланған аумаққа кіреді. Бұл жерде ежелгі қалалар, кесенелер, ғибадат орындары көптеп шоғырланған. Тарихқа көз жүгіртсек ғасырлар бойы осы жерлермен Қытай мен Еуропаны, Таяу Шығысты байланыстырған атақты Жібек жолы арқылы керуен жолдары да өткен. Жалпы археологтардың пайымдауынша Түркістан аумағында тізімге алынған археологиялық, діни-рухани ескерткіштер саны 2000-ға жуық деп есептелінеді.

Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – Қазақстан мен Орта Азия тарихы мен сәулет өнерінің ең таңдаулы жәдігерлерінің бірі. Күллі Орталық Азия көлемінде ауқымы мен көркемдік деңгейі тұрғысынан алып қарағанда оған тең келетін бірде-бір сәулет ескерткіші жоқ. Яссауи кесенесі «ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне» енген Қазақстанның алғашқы тарихи жәдігері. Кесене Түркістан қаласында ХIV ғасырдың соңында Әмір Темірдің бұйрығымен салынған, сәулет өнерінің жауһары. XIV ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны Ахмет Ясауидің құрметіне тұрғызылған кесене – түркі әлемінің рухани орталығы болып есептеледі.  Себебі Түркістан ұзақ уақыт бойы Қазақ хандығының саяси және рухани астанасы болған. Сонымен бірге кесене кешенінде бірқатар атақты қазақ хандары да жерленген.

Сондай – ақ, Оңтүстік жерінде Арыстан баб кесенесі — көне Отырар жерінде орналасқан ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші болып табылады.Аңыз бойынша, Арыстан баб Мұхаммед пайғамбардың серігі және төрт ғасыр өмір сүрген Қожа Ахмет Яссауидің рухани жол салушысы болып саналады.

Жалпы статистикаға сүйенсек, еліміздегі тарихи ескерткіштердің 80 пайызы Оңтүстік өңірінде екен. Басы аяғы мұнда 505 тарихи-археологиялық нысан бар. Алайда, бұлардың барлығын аралап, тарихымен терең танысуға көпшіліктің мүмкіндігі бола бермейді.

Сонымен қатар еліміздің тарихынан сыр шертетін тарихи-діни ескерткіштердің ең әйгілілері: Баба Түкті Шашты Әзиз, Ысқақ баб, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Ибрагим ата, Қарашаш ана, Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қарахан әулие, Айша Бибі, Бекет Ата кесенелері болып табылады.

Ескерткіштер – ел тарихы немесе тарихи-мәдени мұра халық тарихының аса маңызды айғағы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Ескерткіштерді түпнұсқа қалпында сақтау қазіргі таңда өзекті мәселенің бірі болып отыр. Көптеген тарихи-мәдени мұралар жеке тұлғалардың жауапсыздығынан өзгерістерге ұшырап, кейбір жағдайда жойылып кету қаупі төніп отырады. Осы орайда жергілікті халық аталған тарихи-мәдени мұраларымызды бүлінуден, зақым келтіруден қорғап, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ескерткіштерді қорғау елдің, бүтін халықтың баға жетпес асыл қазынасы екенін түсіндіріп, насихаттайтын болса, оның келешек ұрпақты өз елінің мәдениетіне, өткен тарихына жанашырлықпен қарайтын, ұлтжанды етіп тәрбиелеуде маңызы зор болмақ.

Гүлбану ҚУАНДЫҚ,
Шымкент қаласының дін істері басқармасы 
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы