Қазақстан зайырлы мемлекет

0
13130

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. «Зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларында, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діннің мемлекет саясатына араласпайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы.

Елбасымыз Н.Назарбаев: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз» деп атап көрсетті

«Зайырлы» сөзі қазақ тіліне «ашық», «айқын», «сыртқы» деген мағыналарды білдіретін араб тіліндегі «захири» сөзінен енген. «Зайырлы» ұғымы латын тіліндегі «laicus» («лаицизм»), «saecularis» («секуляризация») сөздерімен үндеседі. «Саясаттың діннен оқшаулануы, оның табиғи-тарихи үрдіске айналуы» деген мағына береді.

Діннің мемлекеттен бөлектігіне байланысты мемлекет дін істеріне араласпайды. Зайырлы мемлекеттегі барлық діндер тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне (заң бұзылмаса) араласпайды, сондай-ақ, діни бірлестіктер мемлекеттік міндеттерді атқармайды. Мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге конфессиялық ерекшеліктер негіз болмайды.

«Зайырлылық» ұғымының ауқымы кең. Зайырлылық аясына гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін пайдалануы кіреді. Яғни зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы көптүрлілікті мойындау.

Қазір әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін қатынасының екі типі кең таралған. Біріншісі – мемлекет пен дін бөлек, екіншісі – мемлекетте белгілі бір дінге (дәлірек айтсақ, конфессияға немесе діни ұйымға) басымдылық немесе мемлекеттік мәртебе беріледі

Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлек болғанмен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлек емес. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екенін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетінін білдіреді. Мемлекет пен діннің арасында зайырлы әрі рухани құндылықтарға сүйенген жанды байланыстар орнаған.

Зайырлы мемлекеттің маңызды сипаттарының бірі – діни сенімдері мен көзқарастары әр түрлі азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруі. Яғни зайырлы мемлекет рухани саладағы көптүрлі қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді.

Зайырлылық ұстанымында мемлекет өз азаматтарының сенімдеріне, араласпай, бөле жармай, қандай да бір діни сенімнің келесі бір дінге қысым жасамауын, үстемдік етпеуін реттейтін функциясы бар. Мемлекеттің діни қысымды болдырмауының өзі оның демократиялық және зайырлы елдің басты қызметі. Мұны заңымыздағы «ар ождан бостандығы», «діни сенім еркіндігі» ретінде түсінеміз. Қазірдің өзінде қоғамда «сен мен сияқты сенуің керек, мынауы ширк, мынауың бидғат, натижеде сен кафирсің» деген психологиялық, діни, танымдық қысымдар көрініс беруде. Осы құбылысты реттейтін де зайырлылық ұстанымының кепілі болып отырған мемлекеттік институт болу керек. Ал мемлекеттің де демократиялық, либералистік, зайырлылық сипаты ешқандай сеніммен, діни қағидамен, дінмен қайшы келмейді. Сондықтан да тұлғаның әрі демократ, зайырлы әрі діндар болуында ешқандай қайшылық жоқ. Олай болса, «мен зайырлы емеспін, тек мемлекет қана зайырлы» деп жүрген азаматтарымыздың пікірі, мұсылмандар демократ, зайырлы бола алмайды, мұсылмандар шариғатқа негізделген мемлекетті қалайды деген саяси идеологиялық қабаттарынан хабар береді деген сөз. Жоғарыда да айттық, зайырлылық сенімге дінге, идеологияларға қатысы жоқ ұстаным. Сондықтан Қазақстан зайырлы ел, құрушысы қазақ мәдениеті, ол мәдениетте ислам басты анықтаушы дін.

Зайырлылық тек қана құлшылық пен сенім бостандығы немесе мемлекет пен діннің өзара ажыратылуы ғана емес. Зайырлылықтың негізгі мақсаты жеке тұлғаны діндердің және иделогиялардың қысымынан құтқару екендігін білуіміз керек. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстандағы діни экстремистік бағыттар, «салафилер» мен христиан миссионерлерге өз азаматтарын беріп қою, бақылаусыз қалдыру мемлекеттің қауіпсіздігіне қаншалықты зиян екендігін біреу білсе, біреу білмейді. Қазіргі қоғамдағы «салафилердің» барлық іс әрекеттері қоғам қауіпсіздігіне кері әсерін тигізіп отыр. Ал миссионерлік ошақтары жік шығарғалы қашан. Зайырлылық мемлекеттің демократиялық, рационалды ұстанымдарға негізделуін білдіреді. Зайырлылық әсіресе Батыстағыдай католик әлеміндегідей дін мен мемлекеттің емес, дін  мен шіркеудің өзара ажырауын білдіреді. Ал исламда жоғарыда айтқандай «дін адамы» немесе «дін адамы емес» деген бөлектену немесе  статус, «каста» болмаған. Олай болса, республикалық жүйедегі мемлекеттердегі «зайырлылық» ұстанымын әсіресе, ислам өркениеті мен мәдениетіне етене жақын немесе сол мәдениет негізінде құрылған мемлекеттер өзіндік комментарии жасау арқылы билік пен қоғам арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етуге ұмтылуы керек деп ойлаймын.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Таутаев Қуаныш