Білімсіздік – бүлікке бастайды

0
743

Дін — ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің дегендей, өте күрделі де, нәзік ұғым. Дінді жүрдім-бардыммен, кім болса содан үйреніп немесе интернет арқылы ұстаз тауып, соның айтқан уағыздарынан үйренемін деу үлкен қателік. Себебі дінді, соның ішінде Ислам дінін үйрену терең білім мен үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Білімді керек етпей, ғаламтордағы ұстазсымақтардың уағыздарын тыңдаумен шектелудің салдарынан қаншама жастардың өмірі күл талқан болды. Бірі Сирия асты, бірі террорлық актілерге қатысты, енді бірі бірнеше әйелге үйленіп, оны талақ етіп қор етті. Міне, мұның бәрі дінге бей-жай қарап, оны көшеден, әлде бір бейтаныс адамдардан үйренудің зардабы.

Кез келген мамандық секілді дін саласы да арнайы оқып, көп жыл арнап, еңбекпен меңгеретін сала. Тіпті жауапкершілігі зор сала деуге болады. Әдетте біз денсаулығымыз сыр берсе арнайы медициналық білімі бар маманға ғана жүгінуді жөн көреміз. Ал бұл саланың маманы емес адам сізді емдеймін десе, оған денсаулығыңызды сеніп тапсыруды қаламайсыз. Себебі ол кәсіби маман емес. Дәл сол секілді дін мәселесінде де біз өте қырағы болуымыз тиіс. Дін деген – адамның бар жан-дүниесімен, ішкі-түйсік, жүрек қалауымен қабылдайтын өз сенімі. Ал сенім адамның өмірлік бағытын, өмір салтын, тіпті арғы дүниесін анықтайды. Дінді көшеден не болмаса ғаламтордан үйренген адам өзінің өмірін бейтаныс біреуге тапсырғанмен бірдей болып саналады. Соңғы уақыттарда жастардың осы мәселеге бейжай қарайтыны байқалады. Дінді әлде бір таныстарының таныстарынан, қоғамдық жерлерде танысып қалған кісілерден үйрене береді. Соның салдарынан «намаз оқымаған кәпір», домыбра тарту, келіннің сәлем салуы харам», «ата-бабамыз адасқан екен» деген жосықсыз пікірлерді еш сүзгісіз қабылдай береді.

Соңғы жылдарда әлемдегі мұсылмандар арасындағы бүлік пен соғыстардың болуы жиі байқалатын болды. Мұндай жағдайлардың бастауы білімсіздікте болып отыр. Мұсылмандардың дінін шынайы сүйетінін, өз діні үшін барлық нәрсеге даяр екенін білген белгілі бір топтар, кейбір мұсылмандардың сол әрекеттерін өз мүдделері үшін пайдалануға тырысып бағуда. Құрандағы, Хадистердегі «Қасиетті ұғымдарды» теріс түсіндіру арқылы мұсылмандарды бір біріне айдап салып, қоғамды жік-жікке бөлуде. Дінге енді ғана келген жастарға тек қана арабша оқуды міндет деп, құранды өздігінен оқып түсінуге бағыттауда.

Мұндай жағдайлардан сақтану және алдын алу үшін жоғарыда атап өткеніміздей, біз білімге жүгінуіміз қажет. Ислам діні – ілім алуға, сауатты болуға шақыратын дін. Алла Тағала ең алғаш Құран аяттарын уахи еткенде «Оқы» — деген. Демек, алғашқы аяттар оқу керектігін меңзеп тұр. Бұл Алла Тағаланың бізге бұйырған әмірі. Яғни әрбір адам дінді үйрену үшін оқу мен ұдайы ізденуде болуы тиіс. Біз Құранды, Хадистердің өзін оқып қана қоймай, оған дін ғұламалары тарапынан түсіндірілген тәпсірлерін міндетті түрде қарауымыз керек. Себебі, қарапайым адам Құран мен Хадисті өзі оқып, толық түсіне алмайды. Сондай-ақ, дінді дұрыс түсіну үшін және жаман ниетті топтардың арбауына түспеу үшін бізге зайырлы білімді де алуымыз аса қажет. Әлемде болып жатқан саяси, геосаяси жағдайлардан хабардар болып, оны белгілі бір дәрежеде пайымдап, түсінуіміз тиіс. Сол арқылы арам пиғылды топтардың кім екенін, олардың дінді, соның ішінде Исламды жамыла отырып өз мүдделерін жүзеге асыруға асыруға құлшынып жатқандарын байқай аламыз.

Қазіргі әлемдік жаһандану заманында әрбір мұсылман діни білімді болуымен қатар зайырлы білімді алуы міндетті. Бұрынғыдай білекке, күшке сенетін заманнан өттік. Бүгінде қоғамның алға жылжуы үшін, адамдардың жайлы, бақытты өмір сүруі үшін ғылым өркендеп, соның нәтижесінде түрлі ғылыми жаңалықтар ашылуда. Адамзаттың игілігі үшін көптеген технологиялар дүниеге келді, медицина саласы қарқындап дамуда. Осындай сәттерде әлемде болып жатқан ғылым жетістіктерінен шетте қалмай, мұсылмандар тарапынанда «Алла Тағаланың разылығы үшін» деп адамзаттың игілігі жолындағы игілікті істерге өз үлестерін қосуы өзі үшін де, дін үшін де ең қайырлы амал болары сөзсіз!

Берік Жүнісов,
Шымкент қаласының дін істері
басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу
орталығының» әлеуметтанушысы