Дәстүрлі дініміздегі бала тәрбиесі

0
8985

Тәрбие сөзі араб тілінен аударғанда «көктету, өсіру, жетілдіру» деген ұғымды береді. Яғни, сәбидің болашағы осы алған тәрбиесіне тікелей қатысты болары анық.   Бүгінгі күннің  ұрпағы ол – еліміздің болашағы. Біздің алға қойған мақсатымыз –қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты жарасымды тұлға өсіру. Ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, оның жан дүниесі де дұрыс қалыптасып жетіледі, яғни бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп өседі.       

Бала тәрбиесінде ескерілетін мәселелерге тоқталар болсақ: біріншіден, оған сөзбен емес, іспен үлгі болу. «Айтпа – көрсет, үндеме – үйрет» деген принцип осындайда ауадай қажет. Оның көзінше күнәлі іске бой алдырмай, барынша теріс қылықтарды жасаудан бас тартқан абзал. Өйткені бізден кеткен қателікті періште сәби «дұрыс екен» деп қабылдайды. Әсіресе біреу іздеп келгенде немесе телефон арқылы хабарласқан сәтте баланың аузымен «әкем үйде жоқ» деген өтірік сөзді айтқызу – апатқа апаратын амал. Өзіміз өтірікке үйір болғанымызбен қоймай, баланы да осыған мәжбүрлейміз.

Екіншіден, жұмсақтық қажет. Бала ата-анасынан жылулық сезінбейінше, оның бойында мейірім-махаббат оянбайды. Қателігін бетіне басу – орынсыз. Өз қателігін өзі түсініп, көз жеткізуі ләзім. Бұрыс басқан қадамынан сабақ алған бала саналы түрде ендігәрі жат қы­лықты қайталамауға тырысады. Мінезі қырсық баланы таяқпен тү­зей­мін деу – әурешілдік. Санасына енсе – сабасына түседі. Бала бол­ған соң, бүлдірмей қоймайды. Оны солай қабылдауымыз қажет-ақ.

Үшіншіден, кейде қаталдық та қажет. Қатал болғанда да өз орнымен. «Қатал бол, бірақ қатыгез болма» деген тұжырым бар. Ол өзінің әдепсіз әрекеті үшін әкесінің ашуланатынын білуі керек. Жұмсақтық жақсы, бірақ бұл ұстаным баланы босаңсытып жібермеуі тиіс. Сол үшін даналықпен қаталдық жасаған абзал. Қаталдық жасау – оны қатты жазалау деген сөз емес. Жекіп тастағаннан гөрі қабақ шытудың өзі жеткілікті. Бұл – баланың жаман әрекетін құптамаудың ишарасы. Сонда ол өз қателігін түсінеді. Ескеретін жайт: сынған кесе, сызылған қабырға, т.б. ұсақ-түйек дүниелер үшін қабақ шыту – дұрыс ұстаным емес. Дүниелік заттар баланың жүрегін ауыртудың қасында түк те құны жоқ. Жат қылық, жаман әдет, күнәға жетелейтін істер үшін қабақ шыту – дүниелік нәрсенің қасында әлдеқайда қайырлы.

Төртіншіден, баламен үлкен адамдарша пікірлесу, сөйлесу ләзім. Көп жағдайда оған өз ойын ашық айтуға мүмкіндік жасаған жөн. Өз пікірін жеткізе алмай өскен бала есейгенде ынжықтық танытады. Бұған да мән бергеніміз жөн. Балаға ертегі немесе ғибратты оқиғаны әңгімелеп бердіңіз делік, айтылған жайттан алған әсері туралы кішкентайдың пікірін міндетті түрде сұрауымыз керек. Бұл тәсіл ойлануға, ой қорытуға көмектеседі, әр нәрсенің тағылымды тұстарынан тәрбие алуға итермелейді. Тұжырымды ой айтуға дағдыланған бүлдіршіннің өзіне деген сенімділігі артады.

Бесіншіден, бала тәрбиесімен жүйелі түрде айналысу қажет. Аптасына бір уақытты арнау – оның тәрбиесін жүйелі қадағалауға мүмкіндік береді. Бала болған соң, бұзықтық жасайды, босаңсиды, теледидардан көргенін қайталайды. Бұл – бүлдіршінге тән табиғи құбылыс. Сондықтан оған ұдайы көңіл бөлген абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Балаға бір рет көңіл бөліп, тәрбие беру – бір сағ (бір сағ – 2120 граммға тең) көлемінде садақа бергеннен де жақсы» деген.

Алтыншы, оның қолымен қайырлы істерді жасау. Мысалы, көшеде кетіп бара жатырмыз делік. Жол бойында қайыр сұраған қарияға, мүгедекке балаңыздың қолымен нан, ақша, т.б. беру. Болашақта мұндай қайырлы істер оның бойында қалыптасып, өмірінде көрініс табады. Отбасымен бірге науқас адамды зиярат етудің, қайырымдылық шараларға қатысудың маңызы үлкен.

Жетінші, сыйлық беру. Сыйлық – кез келген жүректі жібітеді. Сыйлық беру арқылы жаттаған «тақпақты» немесе берген тапсырманы оңай талап ете аласыз. Өйткені сыйлық алған адам берушіге «берешек» боп қалады. Беру арқылы, өз «билігіңізді» жүргізесіз. Алла Елшісі сыйлық беру адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен махаббатты оятып, мейірім мен бауырмашылдық сезімді арттыратынын айтқан. Мереке күндері, аптаның айтулы сәтінде, әсіресе айт мейрамы, қасиетті жұма күндері отбасын қуанышқа кенелту, оларға сыйлық тарату – сауапты іс.

Сегізінші, дұғагөйлік. Игі ұрпақты, құлшылығы мен тіршілігі үйлескен үлгілі баланы Алладан тілеу – әр мұсылманның міндеті. Өйткені қайырлы ұрпақты пайғамбарлар да Жаратушыдан сұраған. «Бала бер, бала берсең сана бер. Сана бермесең ала бер» деген қанатты сөз қайырлы ұрпақты тілеуден туған     ниет. Дұға – мұсылманның қорғаны. Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, әр пендеге ниет еткен нәрсесі беріледі. «Жақсы сөз – жарым ырыс».

Тоғызыншы, балаларды алаламау, бәріне бірдей қарау, бірдей көңіл бөлу қажет. Бірін екіншісінен артық жақсы көру – үлкен қателік. Мұны бала да сезеді. Дұрыс көңіл бөлінбеген бала дағдарыс пен күйзелісті бастан кешеді.

Сөзіміздің соның Мағжан Жұмабаевтың мына бір сөзімен түйіндесек:  «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнінде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ»  — ендеше, балам адам болсын деп ұрпағымыз үшін алаңдасақ, ең әуелі тәлім-тәрбиеге терең мән бергеніміз жөн.

Нұртаза Тойшиев,
Шымкент қаласы дін істері   басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің  маманы.