Ислам ізгілік діні

0
680

Ислам сөзінің түп-тамыры «салима», «юслиму», «ислам» араб сөзі, қазақша мағынасы бейбітшілік, аманшылық, тыныштық деген сөздерге сай келеді. Алланың  «Салам»  деген көркем есімімен сабақтас. Ал шариғаттағы мағынасы  толық мойынсыну, Алланың алдында парыздарды орындау, одан басқа жалған құдайларға табынбау. Ислам адам баласына осы дүниеде және ақыретте бақытты өмір сүруге жетелейтін қағидалар жиынтығы. Қазіргі уақытта әлемде 1,5 миллиардқа жуық мұсылмандар өмір сүреді және жыл өте бұл көрсеткіш өсе түсуде. Еліміздің тарихы мен мәдениеті көптеген ғасырлар бойы дәстүрлі Ислам дінімен тығыз байланыста дамып келеді. Ислам — қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі болып табылады.

Дәстүрлі ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін мұсылман қауымынан мынадай негізгі қағидаларды сақтауды талап етеді:

Өзгенің ақысын бұзбау: Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеуі керек.

Әділ болу, жақсы қатынас жасау: адам өмірінің бір қалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек.

Жақсы мінезге ие болу: ислам жақсы мінез-құлықтан тұрады. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады.

Мейірімді және кешірімді болу: ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірімді болуды бұйырады. Құранда былай делінген: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» («Ағраф» сүресі, 199-аят).

Ислам дінінің бірлік пен татулыққа, бейбітшілік пен бауырмалдыққа үндейтіні, оның тек бір ру, тайпа, халық не елдің ғана діні емес, керісінше, барша адамзатқа бір-бірімен бауырласуы, достасуы, бірігуі үшін жіберілген дін екендігі Құранда баса айтылды.

Ислам – қоғам ішінде бейбіт өмір сүру мен тәртіп сақтауға шақыратын дін. Бұл әрбір адамның Алланың және адамдардың алдындағы мұсылмандық міндеттерін толық орындауына мүмкіндік береді. Үлгілі мұсылман өз мемлекетіндегі заңдарды сыйлайды, онда қоғамдық-саяси тұрақтылық пен тыныштықтың болуын қалайды, оның экономикалық жағынан өрістеуіне де қажыр-қайрат жұмсайды.

Ислам тек құлшылықтар діні ғана емес, ол қоғамды, Отанды қорғауға, елді сүюге, адамзатқа адал болуға, айналаға пайда келтіруге тәрбиелейтін парасат діні. Ислам діні өз ұлтын сүюді құптайды. Бірақ шектен тыс ұлтшылдыққа жол бермейді. Адамдар қоғамдасып өмір сүретіндіктен бір-бірімен тату-тәтті, жақсы мәміледе болып, бір-бірінің құқықтарына (ақыларына) құрметпен қарауы керек.

Ислам дінінің тәрбиелік маңызы зор. Ислам діні – мәдениеттіліктің бастамасы, оны қорғаушы күш. Ислам өзінің жолын құлдықты жою, кедейлерге көмек көрсету сияқты маңызды әлеуметтік-экономикалық реформалардан бастады, әлемге басқа әлемдік діндерден өзгеше, берекелік жүйесін берді. Бұл оған әлемді рухтандыратын мүмкіндік берді. Ислам бойынша, бақытты өмір сүрудің кілті имандылықта болып табылады.

Жомарттық, жақсылық жасау, туыстық қатынасты сақтау арқылы қоғамға пайдалу болу да мұсылманға тән сипат саналады. Хадисте: «Кімде-кім Аллаға және ахирет күніне иман келтірген болса, онда қонағына жомарттық жасасын. Және кімде-кім Аллаға және ахирет күніне иман келтірсе, онда туыстық қарым-қатынасын сақтасын. Ал кімде-кім Аллаға және ахирет күніне иман келтірсе, онда жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» делінген (Бухари; Муслим).

Осындай көркем сипаттар кез-келген адамның бойында табылса, онда ол өмірдің әртүрлі сынақтарынан сүрінбей өтіп, кез-келген әлеуметтік жағдайлардың шешімдерін оңай таба білмек.

Қазақ елінің рухани тұғыры ислам мен оның құндылықтарының қайта жаңғыруы – халықтың өзінің рухани түп-тамырын толық түсінуге деген ұмтылысы. Діннің қалыптасуына ықпал еткен рухани құндылықтарды зерттеу қазіргі қазақ қоғамының рухани гүлденуі және діни санамыздың беріктігін нығайту үшін қажет. «Өз дініңе берік бол, өзге дінді құрмет тұт» демекші өз дініміз бен дәстүрімізге берік болайық.

                                                              И.Айтаев, АТТ мүшесі, дінтанушы