Рухани құндылықтар жайлы үш күндік курс басталды

0
507
Рухани құндылықтар жайлы үш күндік курс басталды

Дәстүрлі рухани құндылықтар –  ұлттың болмысын, халықтық қалыпты сақтаудағы бірден-бір қажеттілік. Бұл қазіргі жаһандану дәуіріндегі ашық қоғам үшін ауадай маңызды.

Себебі кез келген сыртқы «шабуыл» ең әуелі халықтың ұлттық тұтастығына ауыз салатыны белгілі. Соның бір дәлелі ата дініміздің атын жамылған жат діни ағымдар десек, ол өз ұлттық ұстанымынан жеріген қаракөздер арқылы айқын көрініс беріп келеді. Осы індеттің бетін қайтару үшін Нұр-Мүбарак  университетінің Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы мен Алматы облыстық дін істер басқармасы аймақтағы әр ауданнан келген жамағат пен «Жусан» гуманитарлық операциясы арқылы елге оралғандарға арнап курс өткізуде.

Курстың ашылу дәрісінде университет ректоры, профессор Мухаммад әш-Шаххат: «Ислам дінінің мақсаты – адамдарды бөлу емес біріктіру, қоғам тыныштығы. Негізі Құран, хадисте адамдарға барлығың жиналып бір жіптен ұстаныңдар деген. Біз – бір үмметпіз. Сондай-ақ мұсылман баласы қоғамдағы өз діни бауырласын айтпағанда, өзге дін өкілдерінің ұстанымын жоққа шығарып, тіпті тіл тигізіп, бүлік шығаруға хақы жоқ. Тек насихат жасауға болады, қоғамда түрлі діни ұстанымдағылардың  бірге өмір сүруі – шариғат қағидаларының бірі. Соңғы статистика бойынша, арабтар мұсылман қауымының төрттен бірін құрайтыны көрсетіліпті, демек Ислам арабтың емес, адамзаттың діні екенін түсіну қажет», – деді.

Университеттің Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры Тимур Нүсіпханұлы курс барысында оқытушылар Н.Смағұлов «Мәтінді дұрыс түсінудің жолдары», докторант Е.Әміре «Бидғат: мәні және мазмұны», PhD доктор Қ.Кұрманбаев «Қазіргі таңдағы хадистану мәселелері»,  PhD доктор А.Әкімханов «Имам Матуридидің жат ағымдармен күрестегі әдіс-тәсілі», докторант Е.Есімқұлов «Дін және қоғам арақатынасы» секілді өзекті тақырыптар бойынша дәріс беретінін жеткізді.

Ислам дінінің классикалық қайнар көзінен сусындаған білім иелерінің дәрістері үш күнге созылады.