Толеранттылық заман талабы

0
1256

Толеранттылық түсінігі туралы ең алғашқы ойлар антикалық заманда басқа діндер мен сенімдерді түсіну, қабылдау ретінде пайда болады. Сократ индивидті космостан бөліп алуға ең алғаш талпынады, ол тұлға аралық қатынасты табиғаттан тыс күштердің болжауы ретінде емес, тұлғаның ерік-жігері мен мінезіне байланысты қарастырады. Сократ алғаш индивидтің әлеуметтік мінез-құлқының феноменін, оның мінез-құлқын анықтайтын мотивтерін түсіндіреді. Платон мектептеріндегі шығармаларда еңбектегі шыдамдылық жақсылық үшін, қайғыдағы шыдамдылық жақсылық үшін деп «төзімділік» түсінігін сипаттайды. Бұл жерде қайғы рушылықты айтып тұрған жоқ, керісінше сабырлық, өзін ұстай білу, рухтың күшін баяндап тұр. Жалпы, Платонның көзқарасы бойынша, «толеранттылық – ақыл-ойдың өзін-өзі қорғауы» деген. Қоғамның табысты дамуы үшін төзімділік міндетті екенін айтып өткен. Толеранттық — [ лат. tolerencia — төзімділік] — айырмашылықтарды мойындау, сыйлау; өзінен өзге сенімдегі, көзқарастағы, мінез-құлықтағы басқаның құқын мойындау арқылы қақтығыстардың шешімін табу мүмкіндігін іздестіруге апаратын адамның күнделікті тұрмыста басшылыққа алып отыратын өнегелік жүріс-тұрыс ережесі. Көбіне толеранттық ретінде өзгелердің кемшілігіне кешіріммен қарау, төзе білу, басқаны қабылдай білу түсініледі. Толеранттық жеке адамдардың, әлеуметтік топтардың басқа адамдармен немесе әлеуметтік топтармен қарым-қатынасынан көрініс табатын психологиялық немесе әлеуметтік- психологиялық мінез-құлқы ретінде; қазіргі қоғамның аса маңызды құндылықтарының бірі ретінде; тәуелсіздікке, дербестікке, идеяларды зорлықпен таңуға жол бермеу ретінде; адам еркіндігін шынжырлайтын діни, этникалық, нәсілдік нанымдарды жоққа шығарушы ретінде қарастырылады. Бұл — басқалардың пікіріне, сеніміне, тәртібіне шыдамдылық көрсету. 1995 ж. ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы бекіткен толеранттықтың принциптер Декларациясында толеранттылық мынадай мағынада қарастырылады.

Жер бетінде өзіндік ерекше мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар түрлі ұлттар тұрады. Жер жүзінің адамдары тереңнен үңілсең, бір-бірімен жіпсіз байланыста. Осы өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсу үшін, біріншіден, толеранттылық керек. Адамдардың бір-бірінің нәсіліне, ұлтына, жынысына, жас ерекшеліктеріне қарамай, өзара сыйласуға ұмтылуын – адамзаттың үлкен жетістігі деп бағалау қажет.

Толеранттылыққа, төзімділікке, ынтымақтастыққа, өзара келісімге ұмтылу – жер жүзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адамдардың бостандығы мен құқығын сыйлауға, бақытты өмірге қадам басуға мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстан көптеген ұлттар өкілдерінің ортақ үйі, қасиетті отаны болып отыр. Діні, мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі әртүрлі ұлттардың елімізде тату-тәтті өмір сүріп келе жатқаны абыройымызды арттыра түсуде. Бұл мәселеде Қазақстанды әлем үлгі тұтады. Ұлы даламызда бұрыннан қалыптасқан толеранттылық, төзімділік үрдістері бүгінгі Қазақстан қоғамындағы азаматтық татулық пен келісімнің, ұлтаралық, дінаралық теңдіктің бастауында тұр. Толеранттылық пен дін еркіндігі еліміздегі дінаралық келісімнің орнығуын қамтамасыз етуде.

Жаңа ғасырдағы толеранттылық – бұл адамзат қоғамындағы қозғаушы күш, қоғамдағы үйлесімді қарым-қатынастың бірегей шарты болмақ. Міне, осы қағидат тұрғысында қоғамды толеранттылыққа тәрбиелеудің барлық мүмкін құралдары педагогикалық заңдылықтарға негізделіп іске қосылуы тиіс. Тек тың идеялар батыл іске асырылса ғана жемісті нәтижеге жеткізетіні белгілі дүние. Бұл өз кезегінде Қазақстанның қай салада болсын дамуына тікелей әсерін тигізеді. Бұл бағытта әрбір істі өзара келісіммен, бірлікпен шешкен жөн. Қазіргі таңда уақыт біздің ғана емес, бүкіл әлемнің алдына толеранттылықтың, төзімділіктің мән-маңызын түсінудің қажеттігін алға тартуда. Толеранттылық болмай әлем қауіп-қатерден арылмайды.

Е.Айнабек
Шымкент қаласы дін істері басқарамасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ маманы, дінтанушы