Қаңтар қырғынынан кейінгі Орталық Азиядағы діни ахуал, радикалдарға қарсы күрестегі ұлттық жоба және салафиттер

0
8587
Мемлекет Қазақстандағы салафилік ағым өкілдеріне не себепті тыйым сала алмай отыр – Сарапшымен сұхбат

Жыл басында еліміздің бірнеше өңірінде орын алған бейбіт митингінің соңы бүлікке ұласып, Алматы қаласындағы мемлекеттік нысандар мен жүздеген коммерциялық ұйымдар қирап, өртке ұшырады. Билік аталған жағдайдың террорлық шабуыл екенін айтып, мемлекетті басып алуға діни ұйымдардың қатысы бар деп мәлімдеді.

Осы оқиғалардан соң «Қазақстандағы қырғын Орталық Азиядағы діни ахуалға қалай әсер етеді? Елдегі радикалдармен күреске мембағдарлама негізінде бөлінген миллиардтаған қаржылар мен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелі болмауының себебі неде? Ресми билік салафилік ағым өкілдеріне неліктен тыйым салмай келеді?» деген мәселелер төңірегінде Azattyq Rýhy тілшісі Конфессияаралықжәне өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығыДіни ахуалды талдау және дінтану сараптамасы институтының Діни аухалды талдау және мониторинг департаментінің директоры, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жәрдемқұлұлымен сұхбаттасты.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЛАФИЛІК АҒЫМ ӨКІЛДЕРІНЕ НЕЛІКТЕН ТЫЙЫМ САЛЫНБАЙ КЕЛЕДІ?

Салафилік топтарға тыйым салу мәселесі дін саласындағы сарапшылар тарапынан толассыз айтылып келеді. Алайда бүгінге дейін отандық құзырлы органдар «салафизм ұйым формасында көрініс бермеді, ол тек идеология, сондықтан оған тыйым салу мүмкін емес» деген ұстанымда отыр.

Мәселен, 2020 жылы ақпанда ҚР ҰҚК төрғасының орынбасары Н. Білісбеков те осындай мазмұнда мәлімдеме жасады. Бұл ұстаныммен сарапшылар мүлде келіспейді. Мен де келіспеймін. Сәләфилерді бүгінде біз шартты түрде топтарға жіктей аламыз (суруриттер, мадхалиттер, такфиршілдер), олардың ішкі ұйымдық-басқару жүйесі, күнделікті қозғалыстарын реттейтін ережелері, қаржылық-шаруашылық инфрақұрылымы, тағы да басқа ұйымға тән белгілері бар екендігін дәлелдей аламыз. Ал олардың қызметінің экстремистік сипаты айқын көрініп тұр. Яғни, «ұйым» ретінде, соның ішінде «экстремистік ұйым» ретінде де дәлелдеуге құқықтық және әдістемелік негіздер жеткілікті. Саяси ерік-жігер мен батылдық қана жетпей тұр, өкінішке қарай…

Құқық қорғау органдары бүгінде салафилік топтардың қызметіндегі экстремизм мен терроризмге шақыру, соны жасау фактілеріне баса назар аударып отыр. Әрине, мұндай құқықбұзушылық түрлері азаймайтыны белгілі. Себебі олар зайырлылық құндылықтары мен нормаларын мойындамайды және халифатта өмір сүруді қалайды. Сәйкесінше, елдің зайырлылығы мен тұрақтылығына қатысты мәселелер үздіксіз көрініс беріп отырмақ.

Сондай-ақ аталған топтардың арасында бүгінде есірткі сату және тасымалдау, азаматтардың мал-мүлкін тартып алу, бопсалау, ұрлау, кәмелетке толмағандармен отбасын құру және жыныстық қатынасқа түсу сияқты қылмыс түрлерінің саны артып келеді. Ең бастысы, олар осы қылмыс түрлерін дін тұрғысынан ақтап алатын (легитимдейтін) негіздерді де қалыптастырып алған. Сондықтан бұл қылмыс түрлері көбеймесе, азаймайды. Осы жағдайды да жіті бақылауға алу қажет.

Құзырлы органдардың саяси ерік-жігері болмаған жағдайда дін саласындағы саясатты жүзеге асыратын құрылымдар, амалсыздан, деструктивті діни топтардан зардап шеккендерді оңалту жұмыстарына басымдық беріп, тым болмағанда сол арқылы тосқауыл қоюға тырысып жатыр. Басқаша айтқанда, мемлекет себеппен күреспей, салдарды жоюмен жұмыс жасауда. Алаулап жанып жатқан өртті алақанмен су шашып өшіруге тырысып жатқан өрт сөндірушінің рөлін ойнап жүрміз. Нәтижесінде, қаншама күш-жігер, уақыт, қаражат ысырап болуда. Ал нәтижесі белгілі: салафилер саны қарқынды артып келеді.

Бұл орайда мына жағдайды да дәлел ретінде келтіруге болады. Мәселен, Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға қарастырылған 210 миллиард теңгенің профилактикалық іс-шараларға тек 2,6 пайызы ғана бағытталған, ал негізгі бөлігі, яғни, 96 пайыздан астамы қару-жарақ алу мен күштік құрылымдарды нығайтуға арналған. Бір өкініштісі, соңғы оқиғалардан сол күштік құрылымдардың күшейгенін көре алмадық…

ДІНИ РАДИКАЛИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУҒА АРНАЛҒАН ҰЛТТЫҚ ЖОБА ҚАНДАЙ БОЛУ КЕРЕК?

Проблеманың себебін жоймай, алдын алмай, мәселе ешқашан да шешілмейді. Сол себепті бізге Діни радикализмнің алдын алуға бағытталған превенциялық сипаттағы ұлттық бағдарлама (жоба) қабылдау қажет. Мұндай тәжірибе бірқатар дамыған елдерде жүзеге асып жатыр. Әрине, белгілі бір деңгейде радикализмнің алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар да жүріп жатыр. Жетістіктер мен жақсы тәжірибелер де жоқ емес. Алайда атқарылып жатқан дерадикализация жұмыстарында болсын, профилактикалық жұмыстарда болсын жүйелілік, сабақтастық, біртұтастық болмай тұр. Нәтижелері де мәз емес.

Мәселен, дін саласындағы басқару жүйесінде мынадай олқылықтар орын алған:

Бірінші. Дінге қатысты мәселе еліміздің барлық өңірлерін және қоғамның бірқатар салаларын қамтиды. Қазақстан – ол 17 өңір. Дінге қатысты мәселелер мен оқиғалар осы өңірлерде жүріп жатыр. Сондай-ақ діннің білім, заң, әділет, денсаулық сақтау сияқты көптеген салалармен түйісетін мәселелері бар. Сәйкесінше, олардың барлығы дін саласындағы уәкілетті орган болып табылатын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құрамындағы Дін істері комитеті тарапынан реттеліп, жүйелі түрде үйлестіріліп отыруы қажет.

Қазіргі жағдайда Дін істері комитетінің жергілікті және орталық органдардың дінге қатысты қызметін үйлестіру мүмкіндіктері шектеулі. Өңірлік құрылымдар сол жердің әкіміне бағынады, ал орталық атқарушы органдардың өз басшылығы мен басқа да негізгі міндеттері бар. Жалпы, біздің мемлекеттік саясатта дін саласындағы мәселелерге «қалдықтық» қағидамен қарау басып тұр. Діни мәселелерді шешу міндеті үнемі түрлі әлеуметтік және идеологиялық мәселелерді шешу міндеттерінің көлеңкесінде қалып қояды.

Бұл орайда, дін саласына ерекше назару аударып, тиімді ведомствоаралық іс-қимылдың тетіктерін қалыптастыру қажет. Орталық және жергілікті құрылымдардың жұмысын тиімді үйлестіру үшін Президент әкімшілігінің құрамында дін мәселелерімен айналысатын жеке бөлім болуы қажет. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде дін саласына жауапты вице-министр бар. Ол дінмен қатар этносаралық қатынастар мәселесіне де басшылық жасайды. Екі күрделі мәселені бір вице-министрдің құзырына беруге болмайды. Екі мәселе де өзекті. Еліміздегі басты резонансты оқиғалар да осы дін мен этникалық мәселелер аясында орын алып жатыр. Сондықтан екі мәселенің әрқайсысына фокус жасап, жеке қарап отыратын жекелеген вице-министрлерді анықтау керек. Ең бастысы, тағы да «қалдықтық» қағидаға салып, салғырт қарамай, вице-министрлерді тағайындауда олардың саланы білетін кәсіби біліктілігіне ерекше мән беру қажет.

Жалпы, айта берсек, бұл жердегі өзекті проблемаларды ұзақ әңгімелеуге болады. Негізінен, дін саласында қызмет атқарып жатқан жақсы мамандар бар, білікті ғылыми-сарапшылық орта қалыптасқан. Бірақ солардың барлығының әлеуетін жұмылдыратын, бар потенциалды тиімді ұйымдастыратын басқару жүйесі болмай тұр. Қысқасы, дін саласындағы мемлекеттік саясат және басқару күрделі реттеуді қажет етеді.

Бұл орайда, біздің Институт тарапынан әзірленген жоба-жоспарымыз, кешенді талдауларымыз бар. Еститін құлақ таба алмай келеміз, өкінішке қарай… Онымен бірге «айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман» дегендей, проблемаларды айтып маза бермеген соң, кейбір «тыныштықта» отырғысы келетін лауазымды тұлғаларға жақпай жатқан жайымыз да бар.

Екінші. Жаңа тағайындалған Ақпарат және қоғамдық даму министрі үкімет отырысында жасаған алғашқы баяндамасында профилактикалық іс-шараларды, ақпараттық-түсіндірме және дерадикализация жұмыстарын, мониторинг пен талдауды күшейтеміз деп мәлімдеді.

Шын мәнінде, жоғарыда айтқанымдай, бұл жұмыстар жүріп жатыр. Атқарылған іс-шаралар мен оған тартылған адамдар санын көрсеңіз, көз тойдырады. Алайда олардың ішінде жекелеген жақсы тәжірбиелер болғанымен, жалпы алғанда сапасы төмен жағдайда. Себебі жүйелі әрі сабақтас емес.

«НАЗАРБАЕВ ОРТАЛЫҒЫН ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ҚАЖЕТ»

Мен жоғарыда дін саласындағы мемлекеттік органдардың қызметі туралы шамалап айттым. Енді сол мемлекеттік органдардың жанында негізгі «қара жұмысты» атқаратын құрылымдар бар. Солар туралы да айтып өтейін. Министрлік жанында Діни ахуалды талдау және дінтану сараптамасы институты қызмет етуде. Бұл Институт «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» КЕАҚ құрамында отыр. Назарбаев орталығы Әлемдік және дәстүрлі діндер съездін ұйымдастыру және өткізу мақсатында құрылған. Ал Институттың жұмысы еліміздің ішкі діни ахуалын зерделеуге, талдауға бағытталған.

Осы орайда мынадай мәселелер орын алып отыр:

1) Назарбаев орталығының жалпы штат саны – 65 бірлік болса, соның ішінде Институтта 25 маман еңбек етеді. Яғни, барлық 65 маманның 60%-дан астамы 3 жылда бір рет өткізілетін Съезді ұйымдастыруға жауапты болса, қалған азшылық елдің ішкі проблемаларын шешумен айналысуда. Мен әріптестерімнің жұмысын қаралап, болмаса жоққа шығарғым келмейді. Дегенмен, ішкі проблемалардың өзектілігі артып, қордаланып жатқан жауапты кезеңде басымдықты дұрыс анықтап, қолда бар кадрлық ресурстарды рационалды пайдаланып отырған жоқпыз. Съездің маңыздылығы сөзсіз. Дегенмен, ең алдымен «имидждік» ретінде қарастырылатын мұндай халықаралық жобаға дәл қазіргі уақытта басымдық беру орынсыз деп санаймын.

2) Институттың құрамында 3 департамент қызмет етеді. Олар дінтану сараптамасын жасайды, дінтанулық зерттеулер ұйымдастырады, діни ахуалға мониторинг және талдау жүргізеді. Алайда дін саласында бұл бағыттардан басқа да жұмыстар бар. Бірақ олар Институт қызметі аясында қамтылмаған. Нақты айтқанда, өңірлерде жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндірме және дерадикализация жұмыстары орталық тарапынан жүйелі түрде үйлестіруді және әдістемелік қамтамасыз етіп отыруды қажет етеді.

Сондай-ақ дін саласындағы мемлекеттік органдар мен мекеме мамандарының және ақпараттық-түсіндіру топтарының біліктілігін арттыру қажеттілігі бар. Аталған категория өкілдерінің республика бойынша жалпы саны 3,5 мыңнан асады. Сондықтан біздің Институт бүгінде Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен келісіп, дін саласы мамандарының жүйелі түрде біліктілігін арттыру мәселесін ұсынып отыр. Сәйкесінше, Институт бұл жұмыстарды да үйлестіруі керек деп білеміз.

Осылардың барлығын ескерсек, Институт құрамынан тағы да бірнеше департамент ашып, кеңейту қажет. Яғни, дерадикализацияны, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын, біліктілік арттыруды жүйелі негізде үйлестіріп, әдістемелік қамтамасыз ететін құрылымдар құру керек. Басшылыққа мұндай ұсыныстар бірнеше мәрте берілді.

Ең қызығы, басшылық Институт жұмысын кеңейтудің орнына оны жойып, оған қарасты құрылымдарды Назарбаев орталығының жеке құрылымдары ретінде ғана қалдырмақшы. Сондай шешім дайындалып жатыр, мүмкін қабылданған да шығар. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, сақалынан айырылыптының» кері. Мұндай шешім неліктен қате? Себебі, ең алдымен, ішкі діни ахуалды шешудегі көзқарас пен әрекеттердің жүйелілігі мен біртұтастығы бұзылады. Екіншіден, ішкі мәселелерді шешу Съезд жұмысының көлеңкесінде қалып қояды. Басшылықтың ішкі мәселелердің өзектілігін түйсіне алу деңгейі – үшінші мәселе. Жалпы, соңғы жағдайларды ескере отырып, Назарбаев орталығын қайта ұйымдастыру қажет деп санаймын.

Өңірлерде «қара жұмысты» атқаратын құрылым – дін істері басқармалары жанындағы Дін мәселелерін зерттеу орталықтары. Олардың да өзекті мәселелері көп. Олар негізінен ақпараттық-түсіндіру және дерадикализация жұмыстарына басымдық береді. Жоғарыда айтқанымыздай, өкінішке қарай, өз сорпаларында өздері қайнап жатыр. Орталықтан қызметтеріне ақпараттық-әдістемелік тұрғыдан жүйелі қолдау тетіктері қарастырылмаған. Ең сорақысы, бір арнада жұмыс істеуі керек деген Институт пен осы орталықтар негізгі жұмыс бағыттары бойынша вертикаль да қалыптастыра алмай отыр. Себебі тиісті құрылымдар қалыптаспаған, үйлестіру тетіктері қарастырылмаған… Себептері көп, қысқасы.

Тағы бір өзекті мәселе – осы орталықтардың мамандарының жалақысының төмендігі. Идеологиялық майдан, шын мәнінде, өңірлерде жүреді. Оны жүргізетін осындай мамандар. Алайда олардың орташа жалақысы 60-70 мың көлемінде. Соның салдарынан білікті мамандарды сақтап қалу, жұмысқа тарту мүмкін емес. Осы мәселені де шұғыл шешу қажет.

Бұдан да басқа мәселер жеткілікті. Мен негізгілерін атадым.

РАДИКАЛДЫ АҒЫМДАРМЕН КҮРЕСТЕ ҚАЙ ЕЛДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ МЫҚТЫ?

Әр мемлекеттің тәжірибесі әртүрлі. Олардың әрқайсысы жергілікті әлеуметтік-мәдени, этнодемографиялық, т.б. ерекшеліктерге байланысты. Биліктің ішкі және сыртқы саяси векторы мен бірінші лауазымды тұлғалардың көзқарасы да маңызды рөл атқарады. Өзбекстандық тәжірибенің де өзіндік артықшылықтары бар. Ол жердегі басты жетістік, менің пікірімше, азаматтық қоғамның ұйысып, экстремизмге қарсы тұруында. Әсіресе, өзбектер махалля арқылы әрбір көше тұрғындарының жат ағымдарға кетпеуін бақылауға алған. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік бақылау емес, қоғамдық бақылау болып табылады.

Ал енді И. Кәрімов билігінен қалған жат ағым өкілдерін жаппай қудалау тәсілдері уақытша әсер береді. Бүгінде сол қудаланған өзбектер шет жақтағы түрлі деструктивті ұйымдардың аясында топтасып, үлкен күшке айналған және өз әрекеттерін Өзбекстан аумағында жалғастырғысы келеді. Осы сияқты қырлары да бар. Сондықтан идеал тәжірибе жоқ деуге болады.

Қазақстандық тәжірибенің де өзіндік артықшылықтары бар. Мәселелері де жоқ емес. Біздегі басты кемшілік, менің ойымша, экстремизммен күреске азаматтық қоғамды тарту тетіктерінің әлсіздігінде. Біздің азаматтардың ішінде экстремизммен күресті «мемлекеттің ғана міндеті» деп қарайтын бей-жай сана басым. «Менің үйім мен аулам тыныш болса болды» деген енжарлық бар. Нәтижесінде, мемлекеттік құрылымдардың жүргізіп жатқан экстремизмге қарсы күресі еліміздегі кейбір діндар топтар мен халықаралық қауымдастықтар тарапынан «діни азшылықтардың құқығын шектеп жатқан антидемократиялық акт» ретінде бағаланады.

ҚАҢТАРДАҒЫ ОҚИҒАДАН СОҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНДЕГІ ДІНИ АХУАЛ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?

Елімізде орын алған шерулер бейбіт мақсатта басталды. Мұны басып айтуымыз керек. Әйтпесе, кейбір лауазымды тұлғалар мен БАҚ өкілдері оларды терроршылар ретінде таныстырып жатыр. Ол дұрыс емес. Шеруге шыққандарды қылмыскер-мародерлармен және лаңкестермен араластырмай, жіктеп айту керек. Бұл жерде науқаншылдық пен шолақ белсенділікке бармаған жөн.

Бейбіт шеруге шыққандар, ең алдымен, әлеуметтік талаптарын жеткізді. Одан кейінгі аралықта олардың талаптарының саяси мәселелерге ұласып кетуі де заңдылық. Себебі олардың көтерген мәселелерінің шешілуі саяси себептермен байланысты болды.

Міне, осы түрлі өңірлерде алаңдарға шыққан бейбіт шерушілердің арасына басқа мақсат көздеген топтар да кіріп кетіп, салдары қайғылы жағдайға әкелді. Менің байқауымша, лаңкестер, негізінен, Алматыда көрініс берді. Сол лаңкестер арасында деструктивті діни топтардың да болғандығы анықталып отыр. Оларды кім басқарғандығын, қандай мақсатта пайдаланғанын құзырлы органдар айтады деп сенемін.

Қандай да бір діни топтардың әрекеттерінің «домино» қағидасымен басқа елдерге де проекциялану мүмкіндігі жоғары. Мәселен, бізде қызметіне тыйым салынған «Таблиғи жамағат» ұйымы және біз қауіптеніп отырған деобандық ханафиліктің басқа да топтары көрші Қырғыз елінде салтанат құрып отыр. Олардың мешіттерінің тең жартысына жуығында аталған ағым өкілдері имамдық қызмет атқаруда. Олар өз кезегінде Пәкістан, Ауғанстан елдеріндегі жақтастарымен еркін байланыс жасап отыр. Мұндай жағдайда қазақстандық деобанд өкілдері де көрші елдегідей жағдайды аңсап, соны қалыптастыруға мүдделі болмақ.

Деобандизмнің бір өкілі таблиғтар болса, енді бір өкілі Ауғанстандағы тәліптер. Олар билікті жеңіп алу үшін «Халифат» идеясы аясында салафилік топтарды да біріктіре алды. Ең бастысы, бір кездегі «халықаралық терроршыл ұйым» мәртебесіндегі тәліптер Ауғанстанда билікке жетіп, ресми саяси күшке айналды. Ендігі аралықта өздерін бүлікшіл емес, жасампаз күш ретінде мойындату үшін халықаралық қауымдастықпен оңтайлы қарым-қатынас орнатуға талпынып жатыр.

Бұл көріністердің нәтижесінде мынадай екі болжам жасауға негіз бар: біріншісі – ауғанстандық тәліптердің билікке жетуі басқа да деструктивті діни топтардың саяси күш ретінде мойындалуға және легитимденуге деген үміттерін оятып, белсенділіктерін арттыратын болады, екіншісі – «халифат» идеясы Орталық Азия аумағындағы деобандық және салафилік топтардың уақытша саяси-әскери мақсатта одақтасып, іс-қимыл жасауына негіз болуы ықтимал.

Ең бастысы, бұл орайда діни топтардың қашан да белгілі бір саяси күштердің құралы болатындығын ұмытпауымыз керек. Яғни, дін факторы ендігі аралықта орын алуы ықтимал кез келген әлеуметтік немесе саяси шиеленістерде басты құралдардың бірі ретінде қолданылатын болады. Ал Орталық Азия елдерінде ондай шиеленістердің жиі орын алу мүмкіндігі жоғары.

Орталық Азия елдерінің тағдыры мен келешегі ортақ. Сондықтан қазіргі жағдайда аталған өңірдің 5 мемлекеті, сырттан ешбір елді араластырмай, Орталық Азияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету алгоритмін ойластыруы қажет. Бұл орайда, «Үлкен Орталық Азияны зерделеу орталығы» халықаралық зерттеу институтын құру маңызды. Сондай-ақ өңір елдері басшыларының тұрақты кеңесін және Орталық Азияның Қауіпсіздік кеңесін құру да күн тәртібінде тұр деуге болады.

Сөз соңында айтарым, дін саласындағы мәселелер өте өзекті және қордаланған жағдайда. Оларды шешуде жанашырлық, жоғары жауапкершілік және кәсіби біліктілік қажет. Мемлекет басшысы айтқандай, бұл салада «нан табарлықпен ғана жүрген» кездейсоқ адамдар жұмыс жасамауы керек. Жағдайды түзетуге болады. «Еститін мемлекеттің» назары мен ниеті жеткілікті болса, әрине…

Айжан БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ