Бас прокуратура: Терроризм бойынша 45 іс қаралып жатыр

0
395

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокуратураның 1-Қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов қаңтардың басындағы террорлық актілер бойынша 819 қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеді.

«Оның ішінде 45 іс терроризм актілерімен, 36-сы жаппай тәртіпсіздікпен, 15-і адам өлтіру деректерімен.  Сонымен қатар, ұрлық, тонау, қаруды жымқыру, билік өкіліне қатысты күш қолдану фактілерімен қылмыстық істер тергелуде», – деді Бас прокуратура өкілі.

Бұл істер бойынша 970 күдіктілер қамауға алынып, олардың ішінде 182-сі соттың санкциясымен күзетпен ұстауға алынған, 29-на қатысты үйқамақта ұстау түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылған.

Жалпы 464 адамдар терроризм және жаппай тәртіпсіздік істері бойынша ұсталынды.

«Бұдан басқа, 226 адам ұрлық, 60-сы қаруды заңсыз сақтау, 39-ы қаруды жымқыру, 25-і бұзақылық, 21 тонау деректерімен қамауға алынды. Басқа да қылмыстық істер бойынша ұсталынған адамдар бар», – дейді Елдос Қилымжанов.

Брифинг барысында басқа да мынадай деректер айтылды:

29 ұсталған адам бойынша соттар қамауға алудан бас тартқан, олар қазір босатылды;

–  адамдарды ұстауға негіздер болмауына байланысты 96 адам уақытша ұстау изоляторларынан босатылды;

– прокурорлар Алматы қаласының уақытша ұстау изоляторын тексеру кезінде 73 дене жарақаттары бар адамды анықтады;

– ұсталғандардың арасында 29 оқ жарақат алған адам қалалық ауруханаралға жатқызылды.

– қамауға алынған 41 адам жарақаттардың  ауырлығына байланысты, тікелей изоляторда ем алуда.

Брифинг барысында айтылған тағы бір маңызды жайт: құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тарапынан жасалып жатқан азаптау жағдайлары.

«Прокуратура органдарына азаптау және полиция қызметкерлерінің тергеу барысында азаматтардың құқықтарын бұзу деректері бойынша 91 шағымдар түсті. Әр шағымға шара қолданудамыз.

19 арызда көрсетілген заң бұзушылықтар расталмады, ал 56-сы бойынша тексерулер жүргізілуде. Сондай-ақ, кейбір жағдайларда азаматтардың құқықтарын бұзу расталды.  Мысалы, 12 қаңтарда Алматы қаласының прокуратурасы заңсыз қамауда отырған 24 қала тұрғынын босатты.  Бұл фактілер бойынша арнайы прокурор тергеу жүргізуде.

Сонымен қатар, ұсталғандарға қатысты адам өлімі, азаптау, билікті асыра қолдану деректерімен қылмыстық істер тергелуде. Республика бойынша осындай 16 қылмыстық іс басталды», – деді прокуратура өкілі.

Бұдан алдын, арнайы және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне жедел шара қолдану мақсатында, Бас прокуратура еліміздің барлық өңірлерінде арнайы мобильді топтар құрылғанын хабарлаған болатын. Осы мақсатпен, «prokuror.gov.kz» ресми сайтында облыстық және Бас прокуратураның сенімді телефондары жарияланды.

«Азаматтардың «STOPTERRORISM.KZ» ресми сайтына жолданған бейне жазбалары, оқиғалардың мән-жайларын анықтауға елеулі көмек көрсетуде. Бұл сайт 12 қаңтарда іске қосылған болатын.

Қазіргі уақытта, 1500-ден астам ақпарат түсіп, оларды тергеушілер толық зерттеуде. Осы сайтты қолдану арқылы, Алматы қалалық әкімдігінің алдында орын алған жаппай тәртіпсіздікке қатысқан адамдарды анықтадық», – деді Елдос Қилымжанов.