Ақпаратты дұрыс дерек көздерінен алайық

0
508

Қазір ақпарат ағыны көп. Өзіңе қажет мазалаған сауалдың жауабын ғаламтордан тез әрі оңай табуға болады. Алайда әр түрлі желілердің арасында адамға пайдасымен қоса, зиянын тигізетін ақпараттар да жетерлік. Соның бірі – діннің атын жамылған деструктивті діни ағымдардың идеологиясын құрайтын ақпарат көздері.

Ғаламторда діни ақпарат іздеген адамға мыңдаған дерек көзінің шығатыны белгілі. Кейде осы ақпараттардың ақ-қарасын көп адамдар ажырата бермейді. Соның салдарынан кей адамдардың санасында күмәнді ойлар қалыптасып та жатады. Өйт­кені деструктивті теріс бағыттағы діни ұйымдар ғаламтор арқылы өз идеологияларын таратып, жақтас­тарының санын арттыруды қалайды.

Ғаламтор террористік және ­экстремистік көзқарастарды насихаттауда өте тиімді құрал болып тұр. Деструктивті діни бағыттағы ­идеологиялар үшін ғаламтор арқылы ақпарат таратудың тиім­ділігі мынада:

– кең аудиторияға қол жеткізу мүмкіндігі;
– ақпаратты анонимді орналас­тыру;
– материалдарды таратудың жоғары жылдамдығы;
– ешқандай қаржылық шығынсыз үгіт-насихат интернет-ресурс­тарын құру мүмкіндігі.

Көп жағдайда деструктивті бағыт­тағы діни ұйымдар интернет-ресурстарында орналастырылған өз идеологияларын шетелден жүргізіп басқарады. Сол себепті кейде олардың ақпараттық көздері көбінесе халықаралық домендік атауларға ие болады.

Айта кету керек, ғаламтор арқылы болған діни экстремистік көріністер көбінесе жастар арасында жиі кездеседі. Жастардың психологиясы мен иммунитеті қарсылықты тұрғыда әлсіз келеді. Ғаламтор желісінде әсіресе әлеуметтік желілерде жалған псевдоуағызшылардың айтқанына еріп, отбасынан оқшауланып, күнделікті тіршілікті діни нормадан алыстаған деген көзқарас білдіріп,  тіпті Сирияға кету фактілері де орын алған жағдайлары орын алған.

Елімізде діни экстремизм және терроризм әрекетін алдын алу мақсатында күмәнді бағыттағы діни ақпараттарды тарататын сайттарға әрдайым талдау жасалып, қажеттілігіне байланысты сақтандыру мақсатында бұғаттау жұмыстары да жасалып отырады.

Қорыта келе, діни тақырыптардағы ақпараттарды ғаламтор арқылы алуда аса сақтық танытқан жөн. Сондай-ақ, қазіргі кезде Қазақстанда діни бағыттағы оң ақпараттарды қалыптастыратын ресми сайттар да бар. Солардың бастысы – Kazislam.kz, Muftyat.kz, Fatua.kz, Azan.kz, Mazhab.kz, Ummet.kz және басқа да өңірлердегі орталық мешіттердің ресми сайттары.

Сонымен қоса, деструктивті, радикалды діни ағымдардың алдын алу бойынша ақпараттық-танымдық бағытында әр өңірде жұмыс жасап тұрған дін мәселелерін зерттеу орталықтарының сайттарынан мәліметтер алуға болады.

         Жоғарыда аталған ресми сайттардан туындаған діни мәселелерге қатысты сауалдар жолдау арқылы сұрақтарға жауаптар алуға мүмкіншілік бар. Электронды мүмкіндік – заманауи ақпарат берудің қайнар көзі. Солардың ішінде дұрыс таңдау жасай алу қауіпсіздігіміздің кепілі болмақ. Ақпараттық кеңістікте діни мәліметтерді байыбына бармай алудан сақтануға шақырамыз.