Депутат діни экстремизмге қарсы жаңа бағдарлама әзірлеуді ұсынды

0
370

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сұлтан Дүйсембинов экстремизм мен терроризмге қарсы жаңа бағдарлама әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Статистикалық мәліметтер бойынша, діни қызығушылық білдірген азаматтардың 73 пайызы қажетті мәліметтерді ғаламтор желісінен іздейді. Яғни, қазіргі ғаламторда әлеуметтік желілер, видеохостингтер мен блокплатформалар және басқа да байланыстырушы ақпарат құралдары әлемдегі жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде», – деген депутат диструктивті діни ағымдардың түпкі мақсаты елдің конституциялық құрылымын өзгерту екенін атап өтті.

«2019 жылы Қазақстан дінтанушыларының 11 форумында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризмге қарсы орталығының өкілі Сергей Швейкин өз сөзінде қазақстандық деструктивті ағымдарды ұстанушылардың саны 20 мыңнан асатынын мәлімдеді. Осы тұста бұлардың саны неге көбейіп жатыр деген сұрақ туындайды. Кейбір деректер бойынша, елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен бес жылға 270 млрд теңге бөлінген.

Алайда оның 4%-ы ғана профилактикалық іс-шараларға жұмсалды. Бұл бағдарламаның өз нәтижесін тиісті дәрежеде бермегенін қайғылы қаңтар оқиғасы көрсетіп отыр. Әлі күнге дейін осы салаға жауапты уәкілетті органдар бұл мәселеге баға берген жоқ», – деді Сұлтан Дүйсембинов. Сауал соңында депутат елдегі діни ахуалды зерделеп, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірлеу керектігін айтты. Сондай-ақ, ол өңірлер бөлінісінде діни ахуалдың картасын әзірлеп, дін саласы бойынша мониторинг және сараптамамен айналысатын республикалық зерттеу орталығын құруды ұсынды.