Отан мен тарих

0
373

немесе уақыт пәлсапасы

Адам баласы уақыт пен кеңістіктің ішінде ғұмыр кешеді. «Өткен күн – кеткен күн, қайтара алмайсың; ертең – әлі келмеді, ол да жоққа есеп. Сондықтан өткенге жабыспай, «ертең, келесі айда немесе 2-3 жылда қатырам бәрін» деп болашаққа ысырып қиялдамай, бүгінгі бар күніңді бағалап, жауапкершілігіңді арқалап, осы қазір істейтініңді істеп, осы шақпен өмір сүр» деген кеңесті жиі айтамыз.

Дұрыс. Бірақ уақытты игерудің екінші қыры бар. «Кеше-бүгін-ертеңімізді» тұтас қабылдап үйрену, тұтас уақыт ретінде сезіне алу, сөйтіп жеке тұлға ретінде әулеттің шежіресіне жалғану, қазақ ретінде ұлттың тарихи тізбегіне жалғану, адам ретінде адамзаттың тағдыр-талайына ортақтасу деген адами қасиет, азаматтық міндет бар.

Шыққан руыңды білу, 7 атаңды тарқата алу, бергі аталарыңның, туған ата-әжеңнің, әке-шешеңнің кімдер екенін тану, олардың тағдыр-талайы мен арыз-арманын білу – әулеттік, тектік тарихыңмен жалғайды, олардың алдындағы парыз-міндетіңді сезіндіреді.

Ұлтыңның тарихын зерделеу – еліңнің өткенімен байланыстырады. Адамзат тарихына үңілу – адамзат көшінің бір мүшесі екеніңді ұғындырады.

Байыптап қарасам: Адам баласының көрген көрешегі, жеткен жетістігі; ұлтымның тағдыр-тауқыметі, жинаған құндылық-қазынасы; тегімнің қуаныш-қайғысы, арман-мүддесі – маған да ортақ, менікі. Қанымда бар, түпсанамда бар. Маған дейінгі жүрілген Жол – мен шыққан Төбе. Осылай ойлай алсам, Тарих жүрегімді тербеп, санамды қозғайды; кешегі күн – менің бір бөлшегіме айналады, бойыма сіңеді.

Ата-анамның өмірлік жоспарлары мен маған қатысты қиял-армандарын естіп-білу, ата-әжемнің, арғы аталарымның болашақтан күткен үміт-тілектерін ойдан өткеру, ұлтымның ұлы мұратын тану, адамзаттың аңсарлы арманын түйсіну – мені ертеңгі күнмен, болашақпен жалғайды. Өз арман-мақсатыма ойлы көзбен қарауға үйретеді, сынап-толықтыруға жетелейді. Менің арманым ұлғайып, мақсатым зораяды! Сол асыл Арманымның қуаты, Болашақтың сәулесі мені алдыға жетелейді!

Осылайша қазыналы тарихтың қасиетті құндылықтары мен кемел келешектің биік асулары мені байытады, ірілендіреді! Осылайша өткенім мен болашағыма жалғана алсам, менің бүгінім мазмұндана түседі, мәнге толады! Мен өзімді ата-бабамның арманы мен аманатын арқалаған Қаһарман сезінем! Ата-анамның атына кір келтірмеуге барын салатын Намысты ерге, қазақ деген ел үшін жанын қиятын Батырға, адамдық кемелдікке ұмтылатын Арлы азаматқа айналам! Мен Тірімін-ірімін, Бармын-белсендімін, Адаммын!..

Өткенін білмейтін, болашағын ойламайтын, тек бүгінімен ғана өмір сүретін пендені қазақ «мәңгүрт» дейді, Құран «мал» дейді. Арқалаған аманаты, ұмтылатын мұраты жоқ пенде – бүгіннің күйбең тіршілігіне көміледі; рухани сипаты солып, нәпсісінің құлына айналады. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы жаппай араққа салынушылық – тарихын ұмытып тамырынан қиылған, алға қойған анық мақсат-мұраты жоқ мәңгүртшалыс көпшіліктің жалғыз жұбанышы мен дара қуанышы еді. Сәбеттік «құдайсыз» өкімет қазақты «сауатсыз едің, мал едің; мақтанарлық түгің жоқ» деп тарихынан ажыратып, өткенінен түңілдірді; «Құдай да жоқ, мәңгілік те жоқ; түк те жоқ» деп болашағынан үзді.

Текті атасының тәрбиесін сіңірген текті ұрпақтың көші тоқырап, тамыры суала бастаған шақта Тәңірі жарылқап Тәуелсіздік таңы атты. Әйтпесе, дінінен ажырап, тілі шұбарланған, дәстүрі дәрменсізденіп, санасы уланған, ділі бұзыла бастаған қазақтың күні не боларын, немен тынарын ойлаудың өзі қорқынышты. «Тәубе, шүкір» дейміз! Бірақ ес жия алдық па?..

Осы арада мысал ретінде: «Көбіміз үшін Тәуелсіздік мерекесі неге онша маңызды емес сияқты көрінеді? Неге қадірлі емес? Ол мерекеден гөрі әлі күнге Жаңа жыл мейрамын артығырақ тойлайтынымыз неліктен?» деген сауалға жауап беріп көрелік. Өйткені: біз бұл күнге қалай жеткенімізді әлі толық білмейміз; қан кешкен батырларымыздың, аштан қырылған бауырларымыздың, атылған арыстарымыздың, кешегі желтоқсандағы боздақтарымыздың тауқымет-тақсіретін, қайғы-қасіретін, арман-мұратын толық танымағанбыз; жүрекпен сезінбегенбіз; болмысымыздың бір бөлшегі ретінде қабылдамағанбыз; тарихи тізбекте жалғанбағанбыз! Олар бөлек, біз бөлек сияқтымыз. Сондықтан сезіміміз басқаша, мақсатымыз алшақ, арманымыз ұқсамайды. Бұл қалпымызда қалай жылап, қалай қуанамыз? Егемендіктің, еркіндіктің қадірін қалай білмекпіз?!

Шыны керек, әлі күнге тарихи танымымыз – бұлыңғыр, мұратымыз – тұман; тарихи тізбекте бірбүтін емеспіз. Нәтижесінде: жігер – құм, намыс – нөл, санамыз – құлдықта, тілегіміз – дүниеде, тізгініміз – нәпсіде. Мәңгүртшалыспыз…

Ата-бабасының, ата-әжесінің, тіпті қасында жүрген ата-анасының ой-арманынан хабарсызды; адамзат ауқымы былай тұрсын, ұлтына қатысты арман-мұраты жоқты; іздегені – күлкі-қызық, ұмтылғаны – той-думан, мақтаны – киім-тамағы болған бейшараны «мәңгүрт» демей кім дейміз?!  Мәңгүртте ұлттық сезім бола ма? Мәңгүрт жігіт қазақтың қызына «қарындасым» деп қарай ала ма? Мәңгүрт «Әр қазақ – менің жалғызым!» деп айта ала ма? Мәңгүрт өзгенің қайғы-қуанышын сезіне ала ма?.. Міне, кілтипан осы жерде. Ел де, тәуелсіздік күні де – біреудікі сияқты. Себебін айттық: елмен тұтастық, тарих-тағдырмен ортақтық, жалғанған Бүтіндік жоқ! Аз…

Не істемек керек? Әр ата-ана, әр тәрбиеші, әрбір мұғалім жас ұрпақтың санасына уақыттағы рухани тұтастықты, тағдыр-тарихтың ортақтығын, ата-баба алдындағы аманат мәнін үздіксіз түсіндіруі керек, сіңіруі тиіс! Әр саналы азамат бұлармен қоса бауыры алдындағы, келер ұрпақ алдындағы, ұлт алдындағы, ең арысы Алла алдындағы жауапершілікті сезінуі тиіс! Кітаптар қайта жазылып, кинолар түсірілуі тиіс!..

Мен – қазақпын! «Қазақ» деген халықтың қалыбында қалыптастым, осы қалыппен Ақыретіме кетіп барам! Қазақтың тарихы – менің тарихым, бабамның қайғысы – менің қайғым, атамның арманы – менің арманым! Қазақия – менің отаным! Бүгін – сол жалғыз Отанымның азаттығын алған күні, ата-бабамның арманы орындалған күн, аға-әпкелерімнің еңбегі жанған күн! Жаңа мүмкіндіктер ашылған күн! Қуанамын! Шүкір етем! Ойланамын…

Адам үшін ең үлкен құндылық – Еркіндік болса, ұлт үшін: сол Еркіндікке кепіл болатын мемлекетті қорғаудан артық мақсат, сол мұратқа жеткізген күннен артық Күн бола ма?..

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ