ДЕНЕ ТӘРБИЕСІНІҢ ТӘЛІМГЕРІ

0
468

Өзінің жаны сүйіп таңдаған төл мамандығы – дене тәрбиесі мұғалімі болып 10 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бұл пәннің басқа пәндерден айырмашылығы өте көп. Мәніне терең бойлай бермейтіндер үшін дене шынықтыру жәй ғана ойын. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, №90 мектеп-гимназиясында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі – Сабыр Кадиров үшін дене тәрбиесі – ең басты құндылық. «Өйткені бойын билей алмаған адам ойын да билей алмайды. Жасынан шынығып шымыр болып өскен ұлан қиындыққа шағылмайтын берік, әрі төзімді болып өседі»,– дейді Сабыр Мықтыбайұлы. Өзге пәндерде мұғалім сабақты айтады, түсіндіреді. Ал денешынықтыруда жаттықтырушы айтады, түсіндіреді, сосын өзі көрсетеді. Осылайша бүкіл сабағының методикасын мінсіз игеруге талпынып, баламен бала болып кететінін аңғармайды. Есесіне денешынықтыруды жай сабақ деп қарамайтын, оған ерекше дайындықпен келетін кейіпкеріміз епті шәкірт тәрбиелей алған. Ол 2012 жылы №90 мектеп ашылғаннан бүгінге дейін таеквондодан спорт шеберіне 15 үміткер, 2 спорт шебері мен Азия чемпионын дайындаған. С.Кадиров өзінің жаңашылдығымен, ізденімпаздығымен мұғалімдер арасында сыйлы, беделді. Ол республикалық, қалалық, мектепішілік жарыстарда төрешілік пен шебер сабақтарын өткізеді.Ұстаздың білім беру, патриоттық тәрбие саласында айрықша еңбегі үшін 2015 жылы Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» медалімен марапатталды. 2020 жылы «Ұлы даланың ұлттық спорты» ойындарына оқушыларды баулуға арналған авторлық бағдарламасы үшін «Үздік авторлық бағдарлама» номинациясы бойынша марапатталған. Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі