Қостанай: Рамазанға дайындық басталды

0
380

Қостанай облыстық мешітінде өңірдің бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлының төрағалығымен Рамазан айына арналған жиын өтті. Жиынға өңірдегі қалалар мен аудандардың бас имамдары қатысты.

Басқосуда қасиетті Рамазан айын жоғары деңгейде өткізу, жер-жердегі мұсылман бауырларымызға оның маңызы мен мәнін түсіндіру, ораза кезінде ауызашардың талаптарға сай болуы жан-жақты айтылды.

Бас имам осы жайларға тоқтала келіп, биыл пітір садақа көлемі әр адамға шаққанда 500 теңге болып бекітілгенін атап өтті. Пітір садақа еліміз бойынша 2 келі ұнның нарықтағы орташа бағасы негізінде алынғанын айьа келе, қасиетті айда діни қызметкерлерге халыққа осы айды ішкіліксіз өткізуді үндеуді және қайрымдылық шараларын көптеп атқаруға шақырды.

Жиын соңында 2021 жылғы пандемия кезінде ел боп атсалысқан шараларды ұйымдастырып-өткізу бойынша облыстық мешіттің наиб имамы Икрам Бақытжанға Мемлекет басшысының қолы қойылған «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» медалі табысталды.