АЙТАЙЫҚ, ЖАРАПАЗАН ЕЛІМІЗГЕ!

0
460

Жарапазан «Жә-Рамазан», яғни арапша «Рамазан келді» деген сөзден шыққан. Баяғы кезде жарапазан жыры бүкіл қазақ ауылы, қауымы боп айтылған болса, ал қазіргі кезде ол қолданыстан қалып бара жатқан ұлттық фольклордың бірі. Елімізде Рамазан айының қасиеті асқақтап, арамызда ораза ұстаушылар қатары жылдан жылға молаюда ата-бабамыздың бүгінге ауыз әдебиеті арқылы мұра боп жеткен Жарапазан жыры қайтадан жаңғырып, ол жаңаша реңке ие болады деген үміттеміз әрі ұлтымыздың көне дәстүрін жаңғырта жүруге шақырамыз.
Жарапазан – қазақ ауыз әдебиетіндегі тұрмыс салт негізіне байланысты туындап, кең тараған өлең түрінің бірі. Ол ораза ұсталатын Рамазан айында ғана орындалады. Жарапазанды жас-кәрісіне қарамай барлығы айта береді.
Әрине, айтушы өзінің қабілет — қарымына орай, жаттанды мәтіннің қаңқасын бұзбай өз ойынан да шумақтар қосып айта береді. Үй иесінің көрсеткен құрмет — сыйына қарай оның жомарттығын, шүлендігін марапаттап, алғыс — тілек те айтады.
Жарапазанның негізгі мақсаты — ораза айында ел көңілін көтере жүріп, ислам дінін насихаттау, жұртты шариғатқа, иманға ұйыту, береке — бірлікке, ізгілікке шақырудан туған. Оған, әсіресе, жастар мен балалар белсенді ат салыса жүріп, өздері де үлгі — өнеге алған.
Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы былай деп жазады: «Жарапазан — Рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар, сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екі адам болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады».
Ал М.Әуезов: “Қазақ ортасына ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан мұсылманшылық дін де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген. Жарапазан өлеңі де сондайлық дін мағынасы мен дін үгіті болып шығып,….».

ЖАРАПАЗАН ЖЕЛДІРМЕСІ:
Үйің үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен.
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен.
Ақтөбедей көрінген,
Қандай байдың үйі екен!

ЖАРАПАЗАН СӨЗІ
Айтайын, «айт» дегенде Жарапазан,
Бір келген он екі айда ораза иман!
Ассалаумағалейкум, дәуіт ғалам,
Ағаға осы үйдегі бердік сәлем.
Ағаға осы үйдегі берсек сәлем,
Сәлемді қабыл көрсін, Хақ Тағалам!
Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Мәуесі жер мен көкке тиіп тұрған.
Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Алдыңда Нұр-Мұхаммет күліп тұрған.

Мінгені пайғамбардың жирен дейді,
Намазды он екіңде үйрен дейді.
Намазды он екіде үйренгесін,
Тіліңе қызыл істік түйрелмейді.
Меккеде бір ағаш бар іші қуыс,
Ораза намазыңның несі жұмыс.
Ораза, намазыңды күтіп барсаң
Бейіштен құрма жейсің уыс-уыс.
Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Бұтағы жер мен көкке тиіп тұрған.
Ораза намазыңды тұтып барсаң,
Алдыңда Нұрмұхаммет күліп тұрған.
Біреуі бес намаздың таң намазы,
Оқыған тал түстегі қай намазы.
Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Терісі шұбар киіктен-жайнамазы.
Біреуі бес намаздың бесін біл тек,
Аллаға «оқыдым» деп қылма міндет.
Аллаға «оқыдым» деп қылсаң міндет,
Алдыңда дайын тұрар екі жендет.
Біреуі бес намаздың екінтіні,

Үстінен жалғыз қылдың секіртеді.
Қылмысың ол дүниеге жақпай барсаң,
Барғанда ахиретте өкіртеді.
Біреуі бес намаздың ақшам намаз,
Қойыңдай алдыңдағы бақсаң намаз.
Намазды әр уақыт қылсаң қаза,
Тартасың ахиретте өзің жаза.
Біреуі бес намаздың Жашихты,
Білген адам тартады тәспиықты.
Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Алдыңда періштелер бас иіпті.
Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,
Бір келген он екі айда ораза иман.
(әр шумақтан кейін қайырма қайталанады)

ЖАРАПАЗАН БАТАСЫ
Үйіңіздің артында шатыр болсын,
Балаңыздың үлкені батыр болсын.
Жау жағадан алғанда, бөрі етектен,
Балаңның батырлығы татыр болсын!
Айтайын жарапазан есігіңе,
Ұл берсін қошқардай ғып бесігіңе.
Ұл берсе қошақардай ғып бесігіңе,
Береді Алла бірге нәсібін де.
Айтайын жарапазан есігіңе,
Қыз берсін құндыздай ғып бесігіңе.
Қыз берсе құндыздай ғып бесігіңе,
Береді Алла бірге нәсібін де.
Әумин! Аллаху әкбар, -деп бет сипайды.

Мұхамеджан Естеміровтың «Жарапазан» кітабынан үзінді