Шетелде діни білім алудың көлеңкелі тұстары

0
2780

Қазіргі уақытта қазақстандық жастардың белгілі бір бөлігінің арасында діни білім алу үшін шетелдік теологиялық рухани оқу орындарына түсу қажет деген пікір бар. Алайда, олардың көбі шетелде теологиялық білім алудың үлкен қаупі бар екенін ескере бермейді.

Жастарымыз көпқырлы мамандық игеру үшін бүгінде   араб елдері мен Түркия, Пәкістан және тағы басқа  мемлекеттерден діни білім алып келуде. Араб мемлекеттері мен Таяу Шығыс, Азияның кейбір елдерінде жағдай  мезгіл сайын тез өзгеріске түсіп отырады және көп жағдайда діни фактор басымдыққа ие. Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттерде, атап айтқанда, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуымен, дінаралық қақтығыстардың белең алуымен және экстремистік, сондай-ақ, террористік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуымен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрт күрделеніп кетті. Бұған қоса, қазіргі күнде  әртүрлі жалған және деструктивті ұйымдардың қызметі ашық жүргізіліп, олар басқа елдерден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтары арқылы өз қатарларын толықтыруды көздейді. Сондықтан, ел азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, оның тарихын, мәдениетін, діні мен ділін біліп алғаны жөн. Өкінішке қарай, көптеген ата-ана шетелдерде білім алудың кейбір тұстарына мұқият назар аудармастан,  өз балаларының  басқа елдерде оқуын қуана құптайды. Олар балалары білім алғысы келген елдің ыңғайына бейімделуі үшін уақыт керек екенін, басқа мәдениет пен өзге менталитеттегі адамдармен қатар өмір сүріп, араласатынын білулері тиіс. 

Қиындықтардың басқа да жағы жоқ емес. Шетелге білім алуға кеткен жастарымыз бес немесе одан да көп жыл өткен соң, Қазақстанға қайта оралуы кезінде күтпеген жағдайларға жолығуы мүмкін. Елге қайтқан жастар мұндағы қоғамға қайта үйренісуі қажет, бәсекеге қабілетті жұмыс тауып, туған топырақтың игілігі үшін өзгелермен қатар қызмет етуі керек. Аталған жағдайдың бәрінде де ата-ана көмегінің маңызы орасан. Әсіресе, шетелге шығу кезінде қазақстандық жастар тап болуы ықтимал төмендегідей қауіп-қатерлерге ерекше тоқталғанды дұрыс деп есептейміз.

Біріншіден, сол білім алуға барған елде немесе оқу ордасында жат діннің ықпалына түсу қаупі. Әдетте, адам мұндай келеңсіздіктерге аты беймәлім ұйымдар, бауырластық, достық атын жамылған түрлі діни қауымдастықтар тарапынан қаржылай көмек алатын түрлі шет тілдерін үйрету орталықтарына қатысу, мемлекет бақылауынан тыс ғибадат ету орындарын аралау, белгісіз дін лидерлерінің жеке сабақтары мен дәрістерін тыңдау кезінде тап болуы мүмкін.

Екіншіден, балаңыз шетелде діни білім алатын болса, онда ата-ана баласының қандай діни мекемеде немесе діни орталықта оқып жатқанын білуі керек.  Мүмкіндігінше жиі бақылауда ұстап,  балаларының ресми медреселер мен жоғары оқу орындары қабырғасында оқып жатқанын анықтағаны жөн. Сондай-ақ, белгісіз «хұжыралар» мен «марказдарға» (діни орталықтар) байқамай түсіп кетпеуін де жіті қадағалап отырғаны абзал. Балалардың бос уақытын қалай және кіммен өткізетіні аса маңызды.

Үшіншіден, ата-аналар мен жастар шетелдің кейбір діни ұйымдары аттарын әртүрлі зайырлы немесе ресми атаулармен жасыратынын білулері керек. Мысалға, ағылшын немесе араб тілдерін, бизнес жүргізу негіздерін тегін үйрету курстары, өзін өзі дамыту, танымал психология, шешендік өнер курстарының артында шетелдік азаматтарды арбаумен айналысатын деструктивті ұйымдар тұруы мүмкін. Барлық аталған факторлар деструктивті, соның ішінде діни идеялар мен көзқарастардың елімізге енуі мен таралу қаупін тудыратынын естен шығармаған жөн. Олар діндарларымыздың арасында ой мен көзқарас қақтығыстарының, қоғамымыздың азаматтық, әлеуметтік-экономикалық және моральдық-этикалық өмір сүру аяларында теріс қоғамдық көзқарастың туындап, дамуына әсер етуі ықтимал.

Мұның бәрі, әрине, бізді қатты толғандырады, әрі шетелдегі азаматтарымыздың қауіпсіздік шараларын терең зерттеуге мәжбүрлейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 11-бабына сәйкес, мемлекетіміз өз азаматтарының қорғанысы мен қамқорлығын ел шекарасынан тыс жерлерде де қамтамасыз ететіні белгілі. Сондықтан, еліміздің мемлекеттік органдары қазақстандықтарды шет мемлекеттердегі түрлі даулы жағдайларға немесе жат діннің идеологиялық арбауына түсу жолдарынан шеттетуге бар күш-жігерін жұмсап отыр.

Алайда, мұндай жағдайлардың алдын алуда ата-аналар мен студенттердің рөлі ерекше екенін тағы да атап өту керек. Еліміздің жастары қазіргі таңда діни білімді отандық діни оқу орындарында алған маңызды. Ата-аналар мен студенттер сапалы діни білім алу үшін Қазақстанның да мүмкіндіктері жоғары екенін білулері керек. Бүгінгі күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты бір Ислам университеті мен тоғыз медресе жұмыс істейді. елімізде медресе-колледждер, университеттер ашылып, осы бағытта білім беріп жатыр. Айталық, «дінтану», «теология», «исламтану» мамандықтары бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында жоғарғы оқу орындарында білім берілуде. Оқытушы-профессор құрамы да жеткілікті, біліктілігі де жоғары. Сондықтан еліміздегі діни оқу орындар шетелдегі діни оқу орындарынан кем емес деп айта аламыз.

Әрине, ғылым жолын елімізден бастап магистратура, доктарантураны шетелде жалғастырамын деушілерге тосқауыл жоқ. Ол бойынша заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, бакалавр яғни білім берудің бастапқы сатысы міндетті түрде еліміздегі отандық діни білім беру стандарттары арқылы беріліп, содан кейін барып арнайы белгіленген шетелдік жоғары оқу орындарында магистратура немесе докторантура бағдарламаларымен білімдерін жалғастыра алады.

Мұны жазу себебіміз, қайсыбір жылдары шетелге діни білім алуға кеткен жастар білім мен сол елдің әдет-ғұрыптарын ажырата алмай, діни ілім іздену әрекеттерінде іс жүзінде өздерінің діни ұстанымы негіздері мен қағида ұстыны, заңдық үкім, ережелерін білмегендіктен шалыс басып, діннің таза бастауларынан көз жазған. Соның салдарынан емес пе, кейбіреулер өздерінің ата-бабасына жат діни ағымдарға ден қойып. Ислам дінінің ілімі туралы сауатсыздығының салдарынан «дәнді қауыздан айыра алмай» қалған жағдайды бастан кешірдік. Сондықтан қазіргі жастар сол жылдарда жасалған қателіктерге ұрынбай діни білімнің ірге тасын елімізде қалап, ары қарай заңның шеңберінде шетелде ғылыми ізденістерін жалғастырып, дінді ғылыми тұрғыдан ой елегінен өткізе алатын, дін мен шариғат, зайырлылық пен дін, діни тәжірибе мен діни сана аражігін ажырата алатын діннің нағыз мамандары,ғалымдары болса елдің рухани болашағына өз үлесін қоса алады.

Гүлбану Қуандық,
Шымкент қаласының дін істері
басқармасы«Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ бөлім басшысы