Жастардың дінге қызығушылығы

0
340

Ғылым мен технология қарыштаған сайын, қоғамда дінге деген бетбұрыс әлемдік деңгейде дамуда. Жаһандық құбылыстан Қазақ елі жырақ қалмайды.  Қоғамда, әсіресе, ел болашағының ертеңі ­­- жастар арасында заман талабына сай дұрыс діни түсінікті қалыптастыра білу ең маңызды мәселелердің қатарында.

Қазіргі жастар білім алу, өмір сүру жағынан алғанда сауатты, бірақ діни сауаттылық тұрғысынан алғанда бәрі бір деңгейде емес. Дінге бет бұрған жастар одан дәстүрдің тамырын, өздеріне рухани азық іздейді. Ал дінге қызықғушылық танытпайтын жастар мәдени ұстанымдардың аясында өмір сүреді. Сондықтан жастарды дінге қызығатын немесе бейтарап қарайтын деп бөліп қарастыруымыз керек. Қала жастарының дінге қызығушылығы төменірек. Ал, ауыл жастарында жоғары. Олар қалаға келгенде жалғыздық сезінсе, діни тұрғыда өздеріне тірек іздеп, мешітке барады. Бірақ олар пәтер, қаражат мәслелерін шешу үшін топтасып өмір сүруге мәжбүр. Сол себепті де діндес бауырлар іздеп, жамағатпен тұра бастайды. Қазіргі уақытта дін әлеуметтенудің бір жолына айналды.

Жастар ересек өмірге өздігінен бейімделіп жүр. Несін жасырамыз, көп жағдайда үлкендер бұрынғыдай үлкендік көрсете алмайды, аға ағалығын, әпке әпкелігін жасай алмайды. Жастарымыздың өмірде өз орнын таппай, жат діни ағымның ықпалында кетуіне оларға немқұрайлы қарау себеп болып жатыр.

Жастарға  зайырлы қоғамға сәйкес өмір сүріп, діндарлық мәдениетін ұстануды үйрету керек. Діндарлық мәдениет деген тек ғибадат жасау емес. Ол — адамның ішкі және сыртқы болмысының үйлесімділігі, ішкі рухани мәдениетінің жоғарылығы, нақты қоғамдық қатынастарға бейімделу, мемлекеттік ұстанымдарға сай әрекет ете білуі. Өкінішке орай, теріс діни ағымның жетегінде кетіп жатқан жастар медицинаның жетістіктерінен бас тартуды шығарды, ортағасырлық дәуірде өмір сүруді қалайтын топтар пайда болды. Дінге деген қызығушылық жастардың арасында жоғары болып тұр. Мысалы, жұма, айт намаздарына барсаңыз, мешіттегі жамағаттың 80-60 пайызы жастар болады. Ол жастардың да әлеуметтік құрамы әртүрлі. Көбі жұмыс іздеп келгендер, пәтерде тұратындар. Осындай пәтерде тұратын жастар көбінесе жат ағымның ықпалында қалып кетеді. Себебі, көптеген ағымдар жастарды үймен, жұмыспен қамтамасыз ету арқылы оларды өздеріне тартады. Бірақ діни адасушылықтың себебін тек діни аспектілерден іздеудің қажеті жоқ. Онда әлеуметтік, писхологиялық, рухани жағдай да себеп болуы мүмкін. Тіпті еліктеушілік те адасушылыққа алып келеді.

Қазіргі жастарда білім алатын, еліктейтін ұстанымдар өте көп. Интернет ашық, небір ықпалды фильмдер бар. Жастар түрік, кәріс, орыс сериалдарының жетегінде тәрбиеленіп жатыр.

Жастардың қай замандарда болмасын, әрқашан қоғамда үлкен әлеуметтік күшке ие болғанын байқаймыз. Олар әрдайым қоғамның ең белсенді мүшесі әрі жұмыс күші болып табылған. Оның үстіне бүгінгі жастың ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын басшы боларын ескерсек, олардың қоғам үшін маңызы арта түседі. Сондай-ақ, жастардың бойында үлкен, әрі жүзеге асырылмаған қуаты мен мүмкіндіктері де бар екенін ұмытпауымыз қажет. Ал, бірақ басқа қырынан қарасақ салыстырмалы түрде жастар қоғамда әлеуметтік жағынан ең аз қамтылған топқа жатады. Яғни, олардың арасында  баспанасы мен жұмысы жоқтар, білім алуға да мүмкіндігі аз санаттар бар. Сондай-ақ әлі өмірлік тәжірбиесі қалыптаса қоймаған және сезімге ерік беретін жастар, көбінесе өзіне ұнаған кез-келген бір идеяның соңынан еруге бейім тұрады. Мұнан көріп тұрғанымыздай жастар қоғамның ең күшті әрі ең осал тұсы болып табылады. Әдетте қоғамға таңсық, оның тыныштығын бұзатын идеялар көбіне жастар арқылы таралатыны тарихтан белгілі.

Жаңа мүмкіндіктер бар жаһандық кезеңде жастардың санасы мен дүниетанымы ең алдымен отбасындағы рухани құндылықтар мен тәрбиелік жауапкершіліктен бастау алады. Отбасы, мемлекет пен діни бірлестіктер өздерінің атқарып жүрген жұмыстарын одан әрі нығайта түссе, болашақ ұрпақты саналы, сыни тұрғыда ойлай алатын бәсекеге қабілетті, рухани терең құндылықтарды бойына сіңірген тұлғалар ретінде тәрбиелеп шығаруға мүмкіндік береді.

Гүлбану Қуандық,
Шымкент қаласы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлім басшысы