Қоғам тұрақтылығындағы діннің ролі

0
1548

Дін – адамзатпен бірге жасасып келе жатқан түрлі тарихи кезеңдер мен қоғамда өзін әртүрлі пішінде көрсетті. Адамзаттың рухани сұраныстарының түрлілігіне байланысты діндер де әртүрлі аталды. Дүниедегі халықтар, мемелекеттер өз тарихын зерттегенде діни, рухани үдерістерді негізге алады. Адамзат баласын өзге жаратылыстан ажыратып, өзінің осы жаратылған барша жаратылыстың қожасы екенін, бірақ сол үшін осы әлемнің иесі алдында жауапты екендігін сезіндіретін нәрсе – дін. Бұл кез-келген халықтың тарихи тағдырында діннің маңызды рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуінің көкжиектерін айқындайтын негізгі фактор екендігін көрсетеді.

Бірақ, біреулер қаласа да, қаламаса да дін қоғам өмірінен өз орнын алатын болады. Өйткені, адамдарда жүрек пен сана бар. Пенделік тірліктен қажып, мұңға бататын жүрек өзінің дауасын, өмірдің мәнін іздеуде пенделік қисыннан қанағат таппайтын сана өзіне кең өрісті қажет етеді.

Сол себепті де көптеген адамдар жүрекке дауа, санаға өріс беретін діннің мәңгілік құндылықтарына жүгінуге мәжбүр болады. Міне, осындай жандар адам өміріндегі, қоғам өміріндегі діннің орнын түсініп, оның мәні мен маңызын ашуға ұмтылады. Адамды осындай биік құлшынысқа, рухани жетілуге жетелейтін қасиеті діннің басты бір маңызы болып табылады.

Қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Себебі, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі.

“Қоғам” ұғымы қатаң социологиялық мағынада топ мүшелері мен топтар арасындағы көп бейнелі әлеуметтік қатынастардың етене араласып кеткенін білдіреді. Бұл қатынастардың күрделілігі дін мен мәдениеттің әрекеттесуінде көрінеді. Егер Вебермен келісе отырып қоғамды индивидтердің әлеуметтік әрекеті ретінде қарастыратын болсақ, онда ол олардың әрекетінің аумағы мен өнімі ретінде елестетіледі. Индивид әрекетті бастама ретінде көреді, әрекеттілік оның тарапынан келіп шығады. Мәдениет болса, мәжбүрлі түрде әрекет етушіні реттеу нормалары ретінде өмір саласының қалыптасып қалған амалдарын белгілейді, ол индивидке сырттан берілгендей болады. Осы тұрғыда дін, адамның әрекеті және әлеуметтік феномен болады. Яғни, қоғамның өмірлік әрекетінің туындысы, одан кейін адамға сырттан берілген және міндетті түрдегі қарсы тұратын секілді. Дін бұл тұрғыда мәдениет түсінігімен арақатынасын белгілейді. “Дін және қоғам” мәселесі көбінесе “дін мен мәдениеттің” бір бөлігі болып табылады. Енді ғана өркендеп келе жатқан дінімізді орнықтыра түссек, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Өйткені Ислам діні тарихи дамуымыздың негізі. Дінімізді бекем ұстап, дұрыс түсіну, жастарды ұлттық рухпен тəрбиелеу бүгінгі жағдайдың ісі. Ислам кез келген уақытқа, жағдайға, толыққанды тіршілікке арналған дін.

Қазіргі заманғы адам және қоғам өміріндегі діннің маңыздылын, ерекшелігін дұрыс түсіне білетін, ұрпақтан-ұрпаққа дұрыс жеткізіп, тәлім-тәрбие беретін, өсіп келе жатқан жастарымызды  дұрыс жолға салатын да өзіміз. Сонымен қатар, көппен бірге адаспай, жалғыз жүріп жол тауып, сол дұрыс жол арқылы көпті тәрбиелеудің маңыздылығының жоғары екенін түсіне  білейік.

А. Жолдасқызы,
Шымкент қаласының дін істері
басқармасы«Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ маманы
ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі.