ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПАРТИЯЛЫҚ ШТАБЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖИЫНЫ ӨТТІ

0
338

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынған болатын. Соңғы Жолдауда Президент тың саяси реформаларды жариялап, билік институттары арасындағы конституциялық құрылымды жетілдіруге мүдделі екенін танытты.

Өзгеріс аз емес, соның бірі — Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан қуатты Парламенті бар президенттік республикаға ауысады. Парламент палаталарының рөлі күшейіп, мәртебесі артады. Реформалардан соң халық ел басқаруға қатысады. Яғни, қоғам өз өкілдері арқылы маңызды шешімдерге араласады. Осыншалық ауқымды реформаларды заңмен бекіту үшін бізге референдум қажет. Себебі бұл тек Президент не Парламент шешетін мәселе емес, бұл — бүкілхалықтық деңгейдегі міндет.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен іс-шараларды ұйымдастыру үшін партия республикалық және 17 өңірлік штаб құрды. Олардың құрамына орталықтағы және өңірлердегі «AMANAT» активтері кірді. Бұл жұмысқа Парламент пен мәслихаттардағы фракция депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен спорт қайраткерлері, жастар қанаты мен өңірлердегі филиалдар атсалысады. Партия мүшелері өңірлерде және шалғай елді мекендерде сайлаушылармен кездеседі.

Бүгін Шымкент қалалық партиялық штабының алғашқы жиынын өткіздік. Штаб құрамындағы барлық азаматтар өңірімізде лайықты беделге және құрметке ие тұлғалар.

Жиын барысында республикалық штабтың келісімімен қалалық желілік кестені қабылдадық және бекіттік. Біз негізгі іс-шараларды елді мекендерде, өндіріс орындарында, азаматтар көп шоғырланатын демалыс орындарында өткізуді жөн көрдік. Үйме-үй аралап, шағын кездесулерге көп мән береміз. Әрбір қала тұрғындарына өзгерістердің маңызы мен мақсатын жеткізу бағытында ауқымды жұмыстар жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, филиал штабында азаматтарды қабылдайтын қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Біз келіп түскен ұсыныстар мен тілектерді талдау негізінде қоғамдық пікірді қадағалаймыз, сондай-ақ азаматтардың ұсыныстарын республикалық штабқа жеткіземіз.

Құрметті достар, біз Жаңа Қазақстанды құруға кірістік. Президентіміз бастамасымен Конституцияға енгізілген түзетулер еліміздің саяси жүйесін өзгертуге және елдегі одан әрі қайта құрулардың заңдылығының негізін қалауға арналған. Бұл тағдырлы шешім, уақыт талабы.