Қарқынды беби-бум: Жыл басынан бері 95,6 мың сәби дүниеге келді

0
465

Елімізде коронавирус пандемиясы басталғалы бері туу көрсеткіші артқаны белгілі.  Energyprom.kz сайтының жазуынша, қазақстандық беби-бум басталған 2020 жылы елімізде 426,8 мың бала өмір есігін ашып, рекорд жасаған. Ал 2021 жылы рекорд қайтадан жаңарып, 446,5 мың сәби дүниеге келді. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 4,6 пайызға, ал коронавирусқа дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық көрсеткіш.

Осы жылдың басынан бері Қазақстанда 95,6 мың бала өмір есігін ашты, яғни беби-бум биыл да жалғасын тауып жатқанын көрсетеді.

Қазіргі күні Қазақстанда бала туу коэффициенті 3,32 көрсеткішін құрайды, яғни әрбір әйелге 3 баладан артық тиесілі. Бұл көрсеткіш соңғы екі жылдан бері сақталып тұр. Салыстырмалы түрде айтсақ, 1999 жылы бір әйелге 1,8 баладан келетін.

Бір қызығы, өткен жылы 125,1 мың бала немесе жалпы өмірге келгендердің 28 пайызы көпбалалы отбасыларда туған, яғни олар төртінші немесе одан кейінгі бала болып өмірге келген. Ал 95 сәби он немесе одан да көп балалы отбасыларда туған.

Айта кетейік, халық санының табиғи өсімі болуы үшін бала туу коэффициенті кемінде 2,1-ді құрауы тиіс, яғни бала босанатын жастағы әрбір әйелге 2,1 баладан келуі тиіс. Одан төмендеп кетсе, халық саны біртіндеп кеми бастайды.