«Менің кім екенімді білесің бе?»

0
750

Жүрек көзі ашық, иманды бір ғұламаны шайтан бір жолын тауып күнә жасауға аздырмақшы болады. Алдап түсіру үшін қызметші кейіпіне еніп, жиырма жыл қасына барып-келіп жүреді. Барлық ойынын, түрлі айлаларын қолданып көреді, бірақ арамдығын асыра алмай мысы құриды. Ғұламаны иманды жолдан тайдырудың ретін таппайды. Не істесе де, нәтиже шықпайды. Бір күні шыдай алмай:

– Ей, ұстаз, сіз менің кім екенімді білесің бе? – деп сұрайды.

– Сен алғаш осы жерге келген кезден-ақ білем. Сен – Ібіліссің!

 Шайтан таңданып:

– Ей, турашылдардың сұлтаны! Өмірімде сіз сияқты жоғары дәрежеге жеткен ұлы адам көрмедім. Иманыңыз кәміл екен: жиырма жыл бойы түрлі тұзақ құрсам да, түнгі намаз оқымай не болмаса біреу туралы ғайбат айтқаныңыз болмады, – дейді.

 Осы кезде ақсақал ғұлама: «Жанымнан кет, малғұн! Жиырма жыл бойы жасай алмағаныңды жиырма секундта жасамақшысың ба? Көзіме көрінбе! – деп сұстанған екен.

Дайындаған –Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ