Фанатизм мен радикализм дінге жат ұғым

0
1282

Қазір ғаламтор арқылы ешқандай шекарасыз әр отбасы, әрбір адамның санасын жаулап жатқан ақпараттық қауіппен қатар, ішке сыналап енген жат діни ағымдар «үнсіз» жатыр деп айта алмаймыз. «Радикализм» латынның «radix» «тамыр, түбір» деген сөзінен шыққан, саясатқа қатысты пайда болған, яғни шығу тегі дінмен байланысы жоқ термин. Радикализм қоғамда қалыптасқан әлеуметтік-саяси жүйеге қарсы, оны түбірімен қайта жасауды ұсынушы саяси топқа қатысты пайда болған. Ал діни радикализм «діни фундаментализм», «діни фанатизм», «діни экстермизм» секілді лаңкестік әрекеттерге қатысты қолданыла бастады. Терминнің түбірі саясатпен байланысты бола тұра, яғни дінмен еш қатысы болмаса да оны әсіресе, ислам дінімен байланыстырылып айтылуы «астарлы» саясаттың көрінісі екенін дәлелдейді. Яғни дін саясатпен байланысты болмаса да, діни ағымдардың өз мақсаттары жолында радикалды тәсілдерді қолдануға ұмтылыстарын, олардың идеологиясының да осы бағытта екендігін көрсету үшін айқындауыш термин ретінде қолданылатын болды. Сондықтан мемлекеттің ішкі бірлігіне қарсы жат ағымдардың айқын әрекеті қазақ елінің ежелден ұстанатын Ислам дінінің «қолымен» жасалуы да көпшілікке ой салатын мәселе. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап 2000 жылдар төңірегінде өзге діни миссионерлік ағымдар жайлы ақпарат құралдарында жиі дабыл қағылды.

Ал ислам атын жамылған діни радикализмнің үрдісі елімізде 2000 жылдан бастап күрт өсіп, алғашқы бастамасы 2011 жылы жарылды. 2011 жылы мамырда Ақтөбе өңірінде үш айда қарулы 5 оқиға орын алып, тамызға дейін тыншымай, артынша Атырау, Тараз, Алматы қаласы мен Ақтөбе өңірі лаңкестік топтардың нысанасына ілікті. Ақтөбеде қайтадан 2016 жылы 5 маусымда үш жерде атыс болып, 19 адам қаза тапты. Оның төртеуі бейбіт тұрғын болса, үшеуі – әскерилер. Бейбіт күнде құзырлы мекемелерге діни содырлардың баса-көктеп кіру, сонымен қатар құзырлы мекеме маңайында өзін-өзі жарып жіберу, тәртіп сақшыларына қарсы жасалған лаңкестік әрекеттер, т.б. оқиғалардың барлығы мемлекеттік билікке қарсы бағытталған дін атын жамылған радикалды топтардың әрекеті екені айтпаса да түсінікті бола бастады.

Елдегі діни радикализмнің шектен шыға бастауы «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген түсінік ернеуінен асып кеткенін жат ағым жетегінде шатасып Шамға аттанушылардың легінен айқын көрініс тапты. Жат ағымдардың адамдар санасын соншалықты «төпелеп» тастауының бір дәлеліне айдың күні аманда сенім-нанымына, құлшылығына ерік беріп отырған Отанын тастап, соғыс ошағына айналған Сирияға аттанушылар еді. Қашанда жесірін қаңғыртпай, жетімін жылатпаған қазақы дәстүрмен «Жусан» операциясын ұйымдастырған Қазақстан басшылығы бүкіл әлемге нағыз мұсылмангершіліктің үлгісін көрсеткені жайлы айтып келеміз. Ал «Жусан» операциясымен елге оралғандардың арасында өкінішке орай, «мәзһаб», «ханафи» деген түсінік иелері жоқтың қасы, тіпті ол сөзді өмірінде естімегендері баршылық екенін көзіміз көрді. Бұл дегеніңіз олардың қазақ халқының дәстүрлі ұстанымы, ұлттын сенім-нанымынан алыс болғандығын айғақтайды. Олар рухани вакум кеңістігін ең алғаш «уаһаби, сәләфизммен» толықтырған. 

«Уаһаби ағымы» шамамен екі жарым ғасыр бұрын Араб түбегінде, Нәжд даласында Мұхаммед бин Абдулуаһаб негізін қалаған ағым. Олар соңғы жиырма жылдан бері белгілі бір себептерге байланысты өздерін «салафилік жолдамыз» деп есептейді. Мұхаммед бин Абдулуаһаб құрған уаһабилік ағым Нәжд пен Араб түбегіндегі кейбір аймақтарға ғана тараған еді. Олар – дінде негізі жоқ сенімдер мен әрекеттерге қарсы күресеміз деп өз идеологиясын бастады. Міне, осылайша уаһабилік ағым өкілдерінің арасында үлкен қарқынмен таралды. Уақыт өте уаһабия сөзінің орнына сəлəфия сөзі қолданыла бастады. Мұндағы мақсат – уаһаби ағымының пікірлері тек Мұхаммед бин Абдулуаһабтан емес, сəлəфтардан бастау алады деген ойды қалыптастырып, халықты «бұл ағымды құрудағы негізгі себеп сəлəфтар ақидасын ұстанып, солардың жолын жалғастыру» деп сендіру болатын,-деп түсіндіреді. Бұл ағымның қарапайым халыққа «шабуылы» «біз Құран мен сүннет жолын ұстанамыз» деп мәзһаб ғалымдарын «мойындамай», нәтижесінде исламдағы әдет-ғұрып, салт-дәстүрге қатысты қағидаларды санадан мүлдем өшіруге ұмтылуы. Сондықтан сәләфизм құрығына негізінен отбасында ұлттық құндылықтардан шетін қалған жандар ілігіп жатады.

Ұлттық тәлім-тәрбие – ата дініміз бен салт-дәстүр сабақтастығымен ғылыми негізде жүйеленіп, ұлттық педагогика үлгісінде отбасы институтын күшейту арқылы әлеуметтік институционалды даму жүйесін қалыптастырумен қоғамдағы діни радикализмнің ғана емес, жаһандануға қарсы таптырмас қалқан болары сөзсіз.

А. Жолдасқызы,
Шымкент қаласының дін істері
басқармасы «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ маманы,
ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі