«Піл оқиғасы»

0
1312

Ирак жеріндегі Хумейр мемлекетінің соңғы билеушілерінің бірі Зунубас яһуди дінін аймақта үстемдікке ие ету үшін Нажрандағы христиандарға 525 жылы шапқыншылық жасайды. Нажран христиандарына көмекке Хабашстан патшасы Нәжаси Әрият атты қолбасыны аттандырады. Әу баста Әбіраһа осы Хабашстаннан Йеменге аттанған Әрият әскерінің сапындағы жауынгер еді. Христиан дініннің мүддесін қорғап соғысқан Әрият әскері яһуди дініндегі Зунубасты тас-талқан етіп жеңеді. Алайда, соғыстан кейін Әрият пен Әбіраһа арасында түсініспеушілік орын алады. Оның соңы 537 жылы өзара қырқысқа ұласады. Екеуара соғыста Әбіраһа басым түсіп, Әриятты жер жастандырып, Йемен билігін қолын алады. Осы соғыста Әбіраһаның ерні мен мұрны жырылуына байланысты жергілікті арабтар Әбіраһаны «Әшрам» деп атай бастайды. Әбіраһа Йемен билігін қолына алғанымен, Хабашстан королі Нажасиге хат азып, оған вассал екенін мойындайды. Нажаси де оған метрополия билігін заңды түрде бекітіп береді. Әбіраһа христиан дініне шынайы берілген тақуа тұлға болатын. Ол осы дінді аймақта үстем ету үшін барын салып әрекет етеді. Йемен астанасы Сана қаласына «Кулейс» атты зәулім шіркеу тұрғызады. Шіркеуді безендіру үшін Византия империясынан мәрмәр тастар алдырып, мозаика жасайтын шеберлер шақыртады. Алайда, Араб түбегінде зәулім христиан шіркеуінің бой көтеруі өзге дін өкілдерінің қызғанышын оятады. Әсіресе, бұл жағдай Меккедегі қасиетті Қағбаға иелік етуші Құрайыш арабтарының шамына тиеді. Жалпы, Араб түбегінде сол дәуірде пұтқа табынушылық басым еді. Христиан дінінің үстемдік ала бастауы пұтқа табынушылардың Әбіраһаға деген дұшпандығын арттырды. Әбіраһа да алған бетінен қайтпай арабтарды Қағбаға емес, Кулейс шіркеуіне тәуап еткізуді жоспарлайды. Оған ерегіскен Кинан тайпасының бір адамы Кулейс шіркеуінің ішіне дәрет сындырып кетеді. Әбіраһа Кинан тайпасына елші жіберіп, қателіктерінің есесіне Кулейске келіп мінажат жасауын сұрайды. Бірақ, Кинан тайпасының адамдары елшіні өлтіріп, Әбіраһаның ұсынысын орындаудан бас тартады.

Әбіраһа кек алу үшін қол жинайды. Қағбаны қиратуға Махмұт атты пілді дайындайды. Йемен арабтарының ішінде Зунефер атты кісі Әбіраһаның бұл шешіміне наразылық танытады. Алайда, оның көтерілісі жаншылып, өзі тұтқынға түседі. Әбіраһа алған бетінен қайтпай Йеменнен қалың қолмен Меккеге жорыққа аттанады. Жолшыбай Қасам тайпасынан Нүфайл б. Ол Хабиб әл-Хасамиді де тұтқынға алады. Тайфқа жеткенде, қала басшысы Мәсуд б. Муаттаб оған мойынсұнып, өздерінің Ләт есімді пұттарына тиіспеуді өтінеді. Әбіраһа бұл өтінішті қабылдаған соң, оған Әбу Ригал есімді адамды жолбасшы етіп береді. Әбіраһа Мекке маңына келгенде Құрайыш халқының жайылып жүрген түйелерін барымталап алады. Оның ішінде Пайғамбардың (с.ғ.с.) атасы Абдулмутталибтің де түйесі бар еді. Абдулмутталиб қосынға келіп Әбіраһадан түйелерін қайтарып беруді сұрайды. Сонда Әбіраһа: «Мен Қағбаны шаппауды сұрай ма десем, сен бар болғаны түйелеріңді қайтарып беруді сұрадың ғой», – дейді. Абдулмутталиб: «Мен түйелерімнің ғана иесімін. Қағбаның өз Иесі бар. Оны Өзі қорғайды», – деп жауап береді. Әбіраһа келесі күні әскеріне Меккеге шабуылдауды бұйырады. Алайда, алдыңғы шепте тұрған піл орнынан қозғалмай қояды. Іле-шала аспаннан әбәбіл атты құстар тас жаудырып, Махмұт піл кері қарай жөңкіліп, Әбіраһа әскерін табанымен таптап өтеді. Әбәбіл құстарының жаудырған тастарынан сау-тамтығы қалмаған Әбіраһа әскері тас-талқан болып жеңіліп Йеменге қашып, әрең құтылады. Осы соғыста Әбіраһа қатты жараланып, ұзамай дүние салады. Бұл оқиға ислам тарихшыларының жеткізуінше Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар туылған 570 немесе 571 жылдары болған. Дегенмен, өзге тарихшылар Піл оқиғасын 547 немесе 563 жылдары болған деп те айтады. Мұхан ИСАХАН

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: «Піл оқиғасы» | Қазақстандағы Ислам