Ислам дініндегі дәстүрлі құндылықтар

0
1567

«Ислам» сөзінің «бейбітшілік», «амандық», «тыныштық» «мойынсыну, бағыну» деген мағыналары бар. Ислам діні сансыз көп ұлттар мен ұлыстарды түрі мен нәсіліне қарамай бір шаңырақ астына біріктірген бүкіл әлемдік бауырмалдықты үйретеді. Кешегі түркі жұрты өзінің дінге қатысты таңдауын жасаған болатын. Ол – дәстүрлі Ислам. Ислам ұлтымыздың жан дүниесімен, рухани құндылықтарымен, табиғи сенімдерімен барынша үйлескен бірден-бір дін. Халқымыздың болмысына сіңе отырып, ислам біздің бүгінгі бірегей мәдениетімізді құраған, мемлекеттілігімізді қалыптастырған ата дінімізге айналды.

Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі болмақ.

         Қазақстан мұсылмандары үшін де дәстүрлі болып табылатын ханафи мәзһабының іргесін қалаған имам Ағзам Әбу Ханифа ілімінде ислам дінін қабылдаған жергілікті халықтардың салт-дәстүріне баса мән берілді. Ханафи мәзһабында әдет-ғұрыптар исламдағы пәтуа шығарудың, яғни белгілі бір мәселеге қатысты діни үкім берудің бір негізі ретінде саналады. Осы мәзһабты ұстанған қазақ халқының бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері ислам қағидаларымен үйлесіп, кірігіп кетті.

        Ислам діні мен қазақ дәстүрлерінің ғасырлар бойғы астасу үдерісінің нәтижесінде шариғат пен әдеттің қатар өмір сүру формалары қалыптасты.

Ұлттың құндылығы – мәңгі өзімен бірге жасасып келе жатқан тілінде, салт-дәстүрінде, ұлттық өнерінде. Олар бірін-бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттың болмысын құрайды. Қазақтың өзара астасқан ұлттық және діни дәстүрлерінің тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі орасан. Бала дүниеге келгеннен «сүйінші сұрау», «азан шақырып ат қою», «шілдехана тойы», «бесікке салу», «қырқынан шығару», «сүндетке отырғызу» – бәрі-бәрінің өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар екені белгілі.

Салт-дәстүрлер тек қана тәлім-тәрбие ғана емес, бұлжымас тәртіпке де негізделген. Жеті атаға дейін қыз алыспау, ата-бабалар мазарына зиярат жасау секілді т.б. ғұрыптардың бәрі мұсылман дінінен ауытқушылық немесе қарсылық емес, бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып. Сол әдет-ғұрыптың бәрі де дәстүрлі Ислам тағылымының аясында да дамуын жалғастырып, өмір сүріп келеді.

Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері арасында ғасырлар бойы орныққан ашық сұхбат бар. Ол сұхбаттың іргесін кешегі атеистік қоғам – Кеңестер Одағы да ыдырата алған жоқ. Жаһандану үдерісі белең алған бүгінгі дәуірде өкінішке орай сол табиғи сұхбатқа сына қағып, шабуыл жасау фактілері кездесіп отыр. Мың жыл бойы халықтың өзімен бір жасасып келген, тұрмысына, санасына, болмысына сіңіп, рухымен тұтасып кеткен дінді қол жетпес күрделі дүниеге ұқсатып, Құран мен хадистің мазмұнын бұрмалап түсіндіріп, халықтан қасақана алыстату үдерісі орын алуда. Қазақты исламға жаңа кірген ел секілді көрсетіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді, ғұламалар жүрген жолды адасушылық деп, қазақ руханиятының күре тамырын қырқуға бағытталған арандатушы әрекеттер де байқалады. Қазақ әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін ешбір шариғи негізсіз исламға қарсы қойып, күпірлік пен надандықтың, Аллаға серік қосудың көрінісі ретінде айыптау надандық.

Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады.

 АТТ мүшесі, И.Айтаев