Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық дамып келеді

0
552

Бүгін Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды, деп хабарлайды BAQ.KZ. Аталған уақыт ішінде екі ел арасындағы қатынастар теңдессіз жоғары деңгейге жетті: мазмұнды саяси диалог жүргізілуде, өзара сауда қарқыны өсуде, келісімшарттар базасы кеңейіп, көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастық нығаюда. 2009 жылы қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы Шарт Қазақстан-Италия қарым-қатынастарының ерекше мәртебесін айғақтайтын аса елеулі оқиға болды. Бүгінде Қазақстанда ауқымды саяси өзгерістер орын алуда. Мемлекет басшысы саяси жүйені жаңғыртуға, адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге, Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған реформалар бағдарламасын ұсынды. Осы тұрғыда Италия Республикасымен серпінді қарым-қатынастар елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыруға және ілгерілетуге маңызды үлес қосуда. Италия Республикасы еліміздің аса ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі, ал Қазақстан Италияның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі. 30 жыл ішінде Қазақстан экономикасына құйылған италиялық инвестицияның көлемі 15 млрд. АҚШ долларына жетті. 2022 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымының жалпы көлемі 8 млрд. АҚШ долларын құрады. Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – энергетика, табиғи ресурстарды барлау және өндіру, құрылыс, инфрақұрылым, көлік, коммуникациялар, ауыл шаруашылығы, ғылыми-технологиялық сала. Қазақстанда Италияның 250-ден астам компаниясы сәтті жұмыс істеуде. Екіжақты қатынастарды дамыту мақсатында Өнеркәсіптік және экономикалық ынтымақтастық пен алмасу жөніндегі Үкіметаралық жұмыс тобы, сондай-ақ «Қазақстан-Италия» парламенттік достық тобы құрылды. Халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша ұстанымдардың ұқсастығын ескере отырып, халықаралық ұйымдар аясында елдеріміз арасында сенімді қатынастар орнатылды. Қазақстан мен Италия әлемдік аренада екі елдің өзара құрмет қағидасына негізделген өзара іс-қимылды нығайтуды құптайды.

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық дамып келеді | Қазақстандағы Ислам