«Қазақстанның әкелері» маңызды іс-шараларды қолға ала бастады – Еркін Тобылбаев

0
510

Қазақ қашан да бала тәрбиесіне ерекше ден қойған. Осы орайда елімізде құрылған «Қазақстан әкелері» республикалық қауымдастығы әкелердің мәртебесі және жауапкершілігін жоғарылату, отбасы құндылықтарын дамыту мақсатында үздіксіз еңбек етіп келеді. Біз осы қауымдастықтың Ақтөбе облысындағы құрылтайшыларының бірі, көп балалы әке Еркін Тобылбаевпен әңгімелескен едік, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы  BAQ.KZ тілшісі. — Қазір облысымызда «Қазақстанның әкелері» республикалық әкелер қауымдастығының филиалы жұмыс жасап жатыр. Қандай шаралар, жобалар жүзеге асырып жатырсыздар? — Бала үшін отбасы – бұл ол өмір сүретін, ең бастысы, ол өсіп-өнетін орта. Отбасы мүшелері – энергияны тасымалдаушылар. Бала отбасында жаңа туған энергия ағыны болса, ол өз-өзін жүзеге асырудың ең жақсы тәсілін іздейді. Және ата-ананың басты міндеті — өз баласына отбасы құндылықтары мен қағидаттарын үйрету керек. Баланың өмірге келу мақсатын түсінуі — оның отбасыда тәрбиелеудің ең үздік нәтижесі. Кез келген отбасында әкенің рөлі маңызды. Әр әке өз баласына тәрбие берумен қатар, оның толыққанды тұлға болуына жан-жақты әсер етеді. Жалпы қазіргі қоғамда бала тәрбиесінде әкенің рөлін арттыру жыл артқан сайын өте өзекті болып барады. Біз осыны ескеріп, отбасы құндылықтары мен ер азаматтардың отбасындағы, қоғамдағы орнын, дәрежесін көтеру мақсатында осындай қауымдастық құрдық. Ең алдымен, 2020 жылдың маусым-шілде айларында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ең бақытты ел» қоғамдық қоры Қазақстанның түкпір-түкпірінен, оның ішінен республиканың 17 өңірінен 200-ге тарта белсенді әкені арнайы тренингтерді онлайн оқыту курсына шақыру ұсынысын жіберді. Бала тәрбиесін басты орынға қоятын белсенді әкелер қатарына мен де қызыға қатыстым. Қазақстанға танымал психологтар мен коуч-тренерлер күн сайын бізге құнды ақпараттар ұсынып, «Әкенің қоғам мен отбасындағы рөлі», «Ата-аналардың эмоциональды көңіл-күйі», «Бақытты бала тәрбиелеудің құпиясы», «Жасөспірім психологиясы», «Бала тәрбиелеудің үздік әдістемелері», «Әкесіз баланы қалай тәрбиелеуге болады?», «Тәуелділік және одан баланы қалай қорғай аламыз?», «Әке — отбасы ұйытқысы, тұтқасы» атты тренингтер топтамасынан үш ай көлемінде оқу курсын теория мен практикалық тапсырмалармен қамтылдық. Оқу курсынан соң «Жыл әкесі-2020» атты тапсырмалар легін орындайтын республикалық байқауда әр өңір өз өкілдерін қатыстырды. Осындай байқаулар мен тренингтер курсы Қазақстандағы белсенді әкелердің басын қосып, нәтижесінде 2020 жылдың қазан айында «Қазақстанның әкелері» республикалық әкелер қауымдастығын құру туралы шешім қабылданды. Осылайша құзыретті органдарға арнайы құжаттарды тапсыру 2021 жылдың қаңтар айынан басталып, сәуір айында ҚР Әділет Министрлігінде «Қазақстанның әкелері» республикалық әкелер қауымдастығы тіркелді. Жалпы, қауымдастық заңды түрде тіркелгенге дейін онлайн режимде әр аймақта «Бала тәрбиесіндегі 12 қадам» атты тренингтер топтамасын жүргізе бастады. «Қазақстанның әкелері» республикалық әкелер қауымдастығы былтырдан бастап көптеген маңызды іс-шараларды қолға ала бастады. Қазақстанның 17 өңірі әртүрлі бағытта өз жұмыс-жоспарын бекітті. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы – экологиялық мәселелерді, Ақтөбе облысы – ұлттық тәрбиені дамыту, Маңғыстау облысы – бала тәрбиесінде уақытты тиімді пайдалану, Павлодар облысы – бала тәрбиесінде интеллектуальды ойындарды тиімді пайдалану, Петропавл облысы – спортпен шұғылдану, т.б. өзекті бағыттарды қолға алынды. Сонымен қатар, облыстық білім басқармалары ұйымдастырған облыстық ата-аналар жиналыстары мен бұқаралық ақпарат құралдарында өзіндік іс-тәжірибе бөлісу жұмыстары да жүргізілді. Қауымдастық арнайы заңды құжаттамамен тіркелген соң, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен меморандум жасасып, облыстық білім басқармалармен жұмыс жасауды қолға алды. Мысалы, осы меморандум аясында екі жыл қатарынан баланы еңбекке баулу мақсатында көктем айларында Қостанай облысынан жіберілген 100 түп қарағай көшетін әр аймақ өз белсенді әкелерімен білім беру ұйымдарында отырғызу іс-шарасы жүргізілді. Мысалы, біз, облыстағы әкелер, Ақтөбе қаласындағы №78, №24, №75 орта мектептеріне қарағай көшеттерін балаларымызбен бірге отырғызып, игілікті бастаманы бастап бердік.

Жалпы бүгінге дейін «Қазақстанның әкелері» қауымдастығы әр өңірлерге 80-ге тарта психологты шақыра отырып, тікелей эфирлер өткізді, түрлі танымдық челлендждер ұйымдастырды, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатып, отбасында, қоғамда әкелер рөлін арттыруға бағытталған материалдар әзірледі, сұхбаттар өткізді. Мысалы, «Қазақстанның әкелері» республикалық әкелер қауымдастығының Ақтөбе өңіріндегі құрылтайшылары Ақтөбе облыстық білім басқармасы және Ақтөбе қаласы әкімдігімен бірлесіп, жұмыс жоспарларымызды бекіттік. Жұмыс жоспарда, ең алдымен, Ақтөбе өңіріне қарасты білім беру ұйымдарында 2021-2022 оқу жылының қыркүйек-желтоқсан айларында «Саналы әке» мектепішілік әкелер клубын ашу және кездесулер ұйымдастыру жұмыстарын қолға алдық. Кездесулер барысында ақпараттық тренингтер топтамасы ұсынылып, бала тәрбиесіне өз үлесімізді қосамын дейтін әкелер төрағалары тағайындалып, қазіргі ақпараттық-технология заманында бала тәрбиесі басты орынға қою маңызды екені айтылды. 2021-2022 оқу жылының қаңтар-мамыр айларында барлық білім беру ұйымдарында Қазақстандағы отбасы институтының негізгі тетіктерін жетілдіру, отбасындағы әке тұлғасын болашақ ұрпаққа паш ету, мейірімді қоғам құру идеясын насихаттау, отбасындағы әке рөлінің беделін көтеру, әке мен бала арасындағы байланысты нығайту, балалардың өнерге деген қызығушылығын арттыра отырып, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, балаларды отбасында сыйластыққа, сүйіспеншілікке баулу мақсатында «Өнерлі әке» мектепішілік байқауы ұйымдастырылды. Сондай-ақ биыл наурыз айында ұлттық өнерді насихаттау мақсатында біз әкелер арасында спорттық сайыстар ұйымдастырдық. Ал сәуір айында балалардың мамандық таңдауына байланысты насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында Ақтөбе облысындағы жоғары және арнаулы оқу орындарына 9, 11-сынып оқушылары мен олардың әкелерін қатыстырып, арнайы экскурсиялар өткіздік. Сонымен қатар жергілікті Aqtobe телеарнасының түрлі әлеуметтік бағдарламаларына белсенді әкелеріміз сұхбат беріп, дер кезінде алдын алатын өзекті мәселелер көтерді. — Тамаша! Сіздің ойыңызша, әкенің отбасындағы басты миссиясы қандай? — Жалпы әлемде «Анасы баланы армандауға, әкесі оны жүзеге асыру стратегиясын қалыптастыруға үйретеді» деген афоризм көп қолданылады. Бұл нақыл сөз, яғни, ата-ананың орындайтын миссиясын айқындайды. Мыселен, ананың миссиясы — бала өмірінде жылулыққа, қамқорлыққа, қуанышқа және қолдауға толы кеңістікті құру. Осы кеңістікке кіргенде, бала өз-өзін мықты, энергияға толы сияқты сезінеді, оның шығармашылықпен айналысып, эксперименттер жасағысы келеді. Егер анасы өз рөлін толыққанды жүзеге асыратын болса, онда бала оны қоршағанның бәрін және өмірді онымен болғанның бәрін позитивті қабылдауға дағдыланады. Бұл баланың әртүрлі сәтсіздіктер мен қиыншылықтарға төзудің ішкі «иммунитетін» қалыптастырады, оны депрессиядан қорғайды. Ал әкенің миссиясы — баланың өмір қиындықтарына психологиялық төзімділіктің мықты іргетасын қалыптастыру. Әрбір бала өмір жолында оған ілгері аяқ басуға бермейтін әртүрлі кедергілерге тап болады. Мысалы, сәтсіздіктер, қателіктер, аурулар, сыртқы ортадан қысым, тағы басқа. Әке өз ресурстары мен оны қоршаған адамдардың көмегіне сүйене отырып, балаға күрделі жағдайларда бағыт-бағдар береді, оны жеңуге көмектеседі, қиындықтарды жеңу тәсілдерін таңдауға үйретеді. Өкінішке қарай, қазір біз, әкелер, өз миссиямызды 100 пайыз орындамайтын болдық. Тіпті, қазіргі қоғамда біздің рөліміздің өзі төмендеп кетті. Оны мойындау қажет. Мысалы, біздің облысымызда «Анаға тағзым» орталығы бар, ал әкелерге арналған, әкелер бас қосатын ешқандай мекеме жоқ. Елімізде бүгінде заң алдында ең бірінші әйел адамның құқығы қорғалады. Әлеуметтік мәселелерге байланысты ер адамның табыс деңгейі күрт төмендеп кетті. Қоғамда бұрынғыдай «шүкір» деген ұғым жоғалып, «менікі, сенікі» деген бөлінетін сөздер, шекаралар көбейді. Міне, осылардың барлығы ер адамның отбасындағы жауапкершілігін төмендетіп жіберді. Меніңше, біз осы өзекті мәселелерді шешу үшін алдағы уақытта әлеуметтік жобаларды қолға алуымыз қажет. Бұрын әр ауылдың тентегін ретке келтіретін ақсақалдарымыз бар болатын, қазір бата қайырып, ақыл айтатын ақсақалдарымыз қарттар үйін паналап жүр. Қазір әлеммен бірге отбасылық құндылықтар да өзгеріп барады, мұның бәрі отбасының бұзылуына, ыдырауына әкеледі. Өкінішке қарай, бүгінде статистика бойынша Қазақстан ажырасу деңгейі бойынша 10 топ-елдің қатарына еніп отыр. Соңғы он жылда 1,5 миллион қазақстандық неке қиса, осы әр некенің үшіншісі бұзылады екен. Демек әр жылы 60 мыңға жуық неке бұзылады деген сөз. Олардың 83 пайызында кәмелетке толмаған балалар бар. Неке бұзылғаннан кейін көбіне балалар анасымен қалады. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдайда баланы тәрбиелеуге әкелердің тек 7-13 пайызы қатыса алады. Ажырасу — қоғамның айықпас дерті. Кез келген дерттің алдын алмаса ушығып кетеді. Осы мақсатта болашақ неке құратын жастарға жауапкершілікті қалыптастыру жолдарын үйрету қажет. Тамыз айынан бастап қауымдастық мүшелері Ақтөбе қалалық сот ғимаратында арнайы кабинет ашып, ажырасуға арыз берген отбасылармен кездесу жұмыстарын қолға алмақпыз, медиация немесе татуластыру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Өкінішке қарай, қазір елімізде алимент төлеуден бас тартып немесе өзінің баласы үшін еңбекақы көлемін заңды түрде төмен етіп көрсетіп жүрген әкелеріміз көп. Біз Ақтөбе қаласындағы білім беру ұйымдарында өткен кездесулер барысында осы алимент төлеуші әкелермен жекелей кездесулер ұйымдастырып келеміз. «Пышақтың да екі қыры бар» дегендей баланың тағдырына көңіл бөлуге шақырып, жауапкершілігі төмен әкелерге жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазір некеге тұрған жастардың бірінші жылы ажырасулары жиі байқалады. Жастар некеден кейін ерлі-зайыптылардың өзара бейімделуін, сондай-ақ мәртебеге, жаңа рөлдерге, бірге өмір сүрудің жаңа жағдайларына үйренуді қамтитын отбасылық бейімделу үдерісінен өту керектігін ескермейді. Осы тұрғыда біз жастарға ерлі-зайыптылардың жеке мінез-құлық қасиеттерін білуі, өзара қарым-қатынас стилін дамыту, рөлдік ұстанымдарын, ата-аналар үйінде қалыптасқан ерлі-зайыптылардың отбасылық құндылықтары туралы идеялардың келісімділігін түсіндіріп айтамыз. Біздің қауымдастықта тек әкелер ғана емес, ер азаматтар да бар. — Қауымдастықтың облыстағы құрылтайшыларының бірісіз. Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар? Қандай бастама көтеріп жатырсыздар? —  Жоғарыда айтып өткендей, Ақтөбе облыстың білім басқармасымен арнайы меморандумға қол қою барысында аудандарымызда әкелер клубтарын ашу және өнегелі әкелерімізді қоғамға үлгі ету мақсатында Aqtobe телеарнасында «Менің әкем» атты арнайы телебағдарламасын ашу бастамасын қолға алып жатырмыз. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, біздің облысымызда үлгілі әкелер өте көп, соның бірі Әйтеке би ауданының тұрғыны Айдын Пірмағанбетов өз ауданында қарқынды жұмыс жасап жатыр. Айдын республикалық «Жыл әкесі-2020» байқауында «Шығармашыл әке» номинациясының иегері атанды, әртүрлі әлеуметтік гранттарға қатысып, өз ауылының жастарына көптеген дүниелерді сыйға тартуда, мысалы, мектебіне гүлзар, мұражай ашу, қауіпті ғимараттарды белгілермен қоршау, ақсақал қарияларымызды компьютерлік сауаттылыққа үйрету, тағы басқа игілікті істерді жүзеге асырып жүр. Тіпті, ол облысымыздағы белгілі коуч-тренерлердің қатарында жұмыс жасап келеді. Осы Айдын сияқты өңірде хас шебер, талантты, ұлттық тәрбиені насихаттаушы әкелерді табу және оларға қолдау көрсету барша қоғамның міндеті деп есептеймін. Біз осындай үлгілі әкелерімізді республикалық әкелер қауымдастығының әлеуметтік желідегі Qazaqstan_akeleri инстаграм парақшалары мен Bestpapa.kz сайтында насихаттап отырамыз. Сондай-ақ біз Ақтөбе қаласының әкімдігі және Ақтөбе облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының қолдауымен облыс көлемінде «Менің әкем» әлеуметтік жобасын қыркүйек айында жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.  Осы жоба аясында Ақтөбе қаласының екі ауданында «Әкелер аллеясы» ашылады. Қазіргі таңда біз «Анаға тағзым» орталығында арнайы кабинет ашып, жалғызбасты және көп балалы әкелермен тренингтер мен кездесулер өткізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз — ер азаматтардың қоғамдағы, отбасындағы рөлін арттыру, үлгілі әкелерімізді насихаттау, олардың өзгелерге үлгі етіп көрсету, олардың қатарын көбейтуге атсалысу. Қорытындылай келе айтарым, «Бір әкенің тәрбиесін мың мектеп бере алмайды» дегендей, бала тәрбиесінде және отбасында әкелеріміздің рөлін арттыру, оларға қолдау көрсету, ұлттық тәрбиемізді дамыту бұл қауымдастықтың басты миссиясы болмақ. Сондықтан біз әкелерді бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуге, жауапкершілікті сезінуге, балалардың бақыты үшін үлгілі отбасы болуға шақырамыз. — Әңгімеңізге рақмет!

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: «Қазақстанның әкелері» маңызды іс-шараларды қолға ала бастады – Еркін Тобылбаев | Қазақстандағы Ислам