«Сәләф» және «сәләфилік» ұғымдары арасындағы айырмашылық

0
765

Тарихта терең іздері болмаса да, қазіргі таңда көптеген ағымдар және идеалистер өздеріне көпшіліктің назарын аудартуда. Олар – модернистер, реформистер, құраншылар, т.б. десек, Исламды саф негізінде ұстауды алға тартқан сәләфилер бұлардың алдыңғы қатарында.

Діни сауатсыздық және дұрыс пен бұрыс мидай араласқан қазіргі жағдайда бұл ағымдар ниеттері дұрыс мұсылмандардың адасуына, теріс жолға түсуіне себепкер болуда.

Сәләфилік XIII ғасырдан бастау алған ағымдардың бірі. Бұл ағымның көзқарастары, жетекшілері, оларға тағылған сындар өз алдына бөлек тақырыптар. Біз бұл мақалада оның негізгі ұғым-терминдеріне тоқталып, қысқа түрде тұжырымдамалар береміз.

Кімдер сәләф деп аталады?

Бұхари мен Мүслімнің «Cахих» деп аталатын жинақтарында риуаят етілген хадис шәріпте Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ең қайырлы буын менің кезеңімде өмір сүргендер. Кейін олардың соңынан ергендер, одан кейін олардың артынан жүргендер» [İmam Nevevi. Riyazü’s-Salihin. – İstanbul, Erkam yayınları. 607 s. III c. 2005 s. 278 б.], – деген хадисіндегі «ең қайырлы буын» деген атқа ие болған алғашқы үш буынды арабша «сәләф» деп атайды. Яғни «сәләф» сөзі араб тілінде «бұрынғы», «алғашқы» деген мағыналарды білдіреді. Жоғарыдағы хадисте Ислам діні даму сатысының ең биік шыңына жеткен үш буынына сілтеме берген.

Сол алғашқы үш буынды қатарымен айтар болсақ, олар – сахабалар, табиғиндер (сахабаларды көргендер) және табаға-табиғиндер (табиғиндерді көргендер), яғни Исламның алғашқы үш ғасырында өмір сүргендер. Бұлар иманда, ілімде және амалда бүтін мұсылмандарға үлгі-өнеге болған буындар.

Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін сахабалар Исламның алғашқы өкілдері болды, Хижаз аймағында және Ислам әлеміне қосылған жаңа аймақтарға Исламды дұрыс уағыздап жеткізіп, көптеген шәкірттер дайындады. Құран кәрімді, хадис шәріптерді және ислами жораларды сол кездегі мұсылмандар сахабалар арқылы үйренді. Сондықтан тарихқа көз жүгіртсек, сахабалардың әрбірі ілімге үлес қосумен қатар иман, амал, әдеп, зуһд, тақуалық және көркем мінез-құлықта өз үлестерін қосқан.

Олардан кейінгі келген буын – табиғиндер сахабалардың көз алдында жетіліп, иманды, ілімді және амалды солардан үйренді. Бұл буынның табиғиндер деп аталуының себебі – мәселеге атүсті қарамай, сахабалардың артынан жүруде көрсеткен табандылықтары мен сүйіспеншіліктері.

Сахабалардың мәртебесінің жоғары болуы, Құранда жақсылықтың жаршысы ретінде мадақталуы, Мұхаммед пайғамбардың көзінің алдында жетілген өкілдері болуы, сонымен қатар Исламды ең дұрыс бойларына сіңіріп өмір сүрулерімен қатар қара қылды қақ жарған әділеттіліктерінде жатыр.

Ал табиғиндердің шоқтықтарының биік болуы мына екі негізде жатса керек:

• Олар Исламды сахаба буынынан, яғни дін амалдарын дұрыс түсініп іске асырған жандардан үйренді.

• Сахабалар кезеңінде кездеспеген, кейіннен ортаға шыққан Исламға жат бейтаныс идеялар, мәдениеттер, наным-сенімдермен алғаш рет олар бетпе-бет келді.

Философиялық ағымдармен қатар, философиялық ойдан өрбіген Мұғтәзила, Жәбрия, Мүржия секілді жаңа шыққан ағымдар және түрлі мәдениеттер мен наным-сенімдер алғаш рет табиғиндер кезеңінде Ислам қоғамына еніп, түрлі көзқарастардың және ақидалық мәселелердің туындауына түрткі болды.

Табиғиндер буынынан болған ғалымдар аталмыш ағымдармен күрес жүргізіп, сахабалардан мирас болып қалған таза Ислам түсінігінің кемшіліксіз таралуына және келешек ұрпақтарға дұрыс жетуіне көпір болып, көптеген қызметтер атқарды. Міне, сондықтан Ислам негізіне жат келетін әртүрлі жаңалықтарға көзқарасымыздың қандай болатындығын табиғиндер буынынан үлгі алып бағдарымызды белгілеуіміз қажет.

Табиғиндер кезеңі фиқһи мәзһабтардың негізі қаланған және жеке мәзһабтардың ортаға шыға бастаған дәуірі ретінде де өте маңызды. Сол дәуірде өмір сүрген Хасан Басри, Суфиян Сәури, Ибраһим Ән-Наһаий, Шағбий секілді көптеген ұлы тұлғалардың әрбірі мұжтәһид болып, жеке мәзһабқа ие болды. Ханафи мәзһабының имамы Әбу Ханифа да осы кезеңде өмір сүрген табиғиндер буынынан.

Табиғиндерден кейін келіп, олардың шәкірттері болғандарды «табаға-табиғиндер» дейді. Бұл кезең ғылыми салалардың қалыптасып кең етек жайған, хадистердің жеке кітаптар хәлінде жинақталып, фиқһи мәзһабтардың кемелденіп тармақталған шағы болды.

Сонымен, жоғарыда баяндалған үш буын Құран мен сүннетте ардақталып, таза Ислам түсінігінің бізге дейін кіршіксіз жетуіне жауапкершілікті өз мойындарына алып орындады. Сондықтан аталмыш үш буынның діни наным-сенімдері, діни шешімдері мен ұстанымдары ең сенімді әрі дұрыс пен бұрыстың өлшемі.

Фиқһтағы (Ислам құқығындағы) төрт мәзһабтың жетекші имамдары Имам Әбу Ханифа (80-150 һ.ж.), Имам Мәлік (94-179 һ.ж.), Имам Шафиғи (150-204 һ.ж.), Имам Ахмад ибн Ханбал (164-241 һ.ж.) Ислам дінінің алғашқы дәуірлерінде өмір сүрген. Сондықтан төртеуін де «сәләф» имамдар дейміз. Исламның алғашқы дәуірлерінен бері бұл төрт мәзһаб Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мен оның саңлақ сахабаларының ұстанымдарына негізделгендіктен «әһлу сунна уал-жамағат» деп танылған.

Тарихқа қарасақ, Ислам қоғамында қандай да бір толқулар туындаған сәтте бұл үш буынның үлгі-өнегесіне қайта оралу нәтижесінде мәмілеге келіп, тұрақтылық жүзеге асырылған. Сондықтан «Сәләфу салихин» – Ислам үмбетіне бас тартуға болмайтын даңғыл жол және әділ таразысы есепті.

Сәләфилік дегеніміз не?

Сәләфилік – жоғарыда баяндағанымыздай, Исламды сәләфу салихиннің түсінгеніндей етіп түсіну керектігін алға тартатын ағым. Алғаш рет XVIII ғасырда қазіргі Сауд Арабиясының шекарасының ішінде қалған Нәжид аймағында пайда болды. Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың жүргізген «Уаһһабилік» қозғалысы да кейіннен «сәләфилік» делінген.

Сол сияқты Мысырда Жәмаледдин Ауғани, шәкірті Мұхаммед Абдух тарапынан бастау алған «Исламдық реформа» қозғалысының мақсаты дінді бұрынғылардың түсінігі бойынша іске асыру, негізгі қайнар көзге оралу, мұсылмандардың мәдени, саяси ұстанымдарын реформалау және батыс отаршыларына қарсы тұру идологиялары кейіннен сәләфилік атымен аталатын ағымның ортаға шығуына себепкер болған.

Бұл екі қозғалыстың негізінде түпкілікті түсінбеушіліктер жоқ, бірақ мына мәселелерде айырмашылықтар кездеседі.

• Ақидада уаһһабилер кәлам мәзһабтарын қабыл етпейді. Әһли сүннеттің екі атақты кәлам ғалымы Әбу Мансур әл-Матуриди мен Әбул Хасан әл-Әшғариді саф Ислам ақидасының негізін кәлами дәлелдер қолдану арқылы және ақылды нақылдан (Құран, сүннет) үстем тұтуымен бұзған деп айыптайды. Сонымен қатар, мұташабих (астарлы) аяттар мен хадистердің Алла тағаланың ұлылығына сай жорамалдануына қарсы шыққан уаһһабилер тасаууфқа да қарсы екендіктерін ашық айтады.

Ал, Ауғани мен Абдухтың жолы болса, ақида саласында кәлам ғалымдарының қолданған әдістемелерін қолдап, философия, логика және кәлам секілді ғылымдарға қарсы шықпайды, мұташабих аяттар мен хадистердің, Алла тағала мен мақұлұқаттарының арасында ұқсастық болмауы үшін тәуил (астарлы мағынасы түсіндірілуін) етілуін қолдайды.

• Уаһһабилер, фиқһи (құқықтық) мәзһаб ретінде Ибн Таймия мен оның шәкірті Ибнул Қаийымның жолымен жүреді. Әһли сүннет мәзһабтарын истихсан, истислах, мәсалихи мурсәл және т.б. құқықи дәлелдерді қолданғандары үшін бидғат (жаңашылдық) енгізді деп айыптайды.

Ал, Ауғани мен Абдух жолы болса, бір мәзһабпен ғана жүруді қабыл етпейді. Барлық фиқһи мәзһабтарды бірлестіру жолын қарастырады.

Сонымен, араларындағы айырмашылықтарды қысқа түрде түсіндіргеніміздей, бұл екі ағым уақыт өте келе бір-біріне жақындасып «Сәләфилік» деп атала бастады. Ортаға шыққан кезеңнен қазіргі таңға дейін сәләфилік ағымына басқа көзқарастағылар да қосылды. Сондықтан «Сәләфилік» деген кезде бір түсінікте, бір формада қалыптасқан топ емес, төменде баяндайтын көзқарастарды бойларына сіңірген топты көруге болады.

Cәләфилердің көзқарастары

1) Мұташабих аяттар мен хадистер жайлы

Сәләфилердің ең айқын сипаттарының бірі – мұташабих (астарлы) аяттар мен хадистерді сөздік мағынасын негізге ала отырып, айтылғанындай қабыл ету керектігін алға тартады. Сондықтан Құранда және хадис кітаптарында Алла тағала жайында айтылған «қол, жүз, келу, отыру, түсу, арышқа истуа ету, ашулану, күлу…» [Мұташабих аяттар мен хадистер жайлы кең мағлұмат: Қайрат Жолдыбайұлы. Дін мен діл. – Алматы, 2010 ж. 127-172 бб.] сияқты сипаттар, мақлұқаттарға қалай айтылған болса, олардың көзқарасы бойынша, Алла тағала хақында да дәл солай қолданылуы керек дейді.

Әр ғылым саласында, сол саланың білікті мамандарының пікірлеріне жүгіну керектігі ақиқат. Осы қағидаға сәйкес тәпсір саласында муфассирлер, хадис саласында мұхаддистер, фиқһ саласында фақиһтар, ақида саласында кәлам/ақайд ғалымдарының тұжырымдарына құлақ асылуы қажет. Барша ғұмырын фиқһ ғылымының терең мәселелеріне жұмсаған бір ғалымның ақайд саласында айтқандарын, ақайд саласы ғалымының айтқандарымен бір таразыға тартуға келмейді. Сондай-ақ, қаншама жылын тәпсір саласында өткізген бір ғалымның, хадис ғылымының тереңдігі мен айырмаларын хадис ғалымы сияқты білуін күту мүмкін емес.

2) Тасаууф (сопылық) жайлы

Ислам әлемінде кейбір аймақтарда тасаууф атымен ортаға шыққан бұрыс әрекеттер, сәләфилердің тасаууфқа дұшпан болуларына негіз болды. Әһли сүннетпен бірге қайнасқан шынайы тасаууфты, Батинилік, Хурафилік секілді адасқан топтармен бірге қарастыруға болмайды. Әһли сүннет жолының дұрыс сақталып таралуына үлес қосқан шынайы тасаууф мұсылмандардың ішкі жан дүниесі мен рухани өмірінің жаңғыруына, көркем мінез-құлықтың әсемделуіне және парасатты тұлғалардың жетісуіне ықпал етті.

Сахабалар кезеңінен бастау алған тақуалық жолды үлгі тұтқан тұлғалардың шыңдана түсуіне де айрықша рөл атқарды. Ақайд саласында болсын, амал саласында болсын тасаууф ғалымдарының еңбектері және көзқарастары нақты білдірілген.

3) Тақлид (ілесушілік, еліктеушілік) жайлы

Кейбір сәләфилер, фиқһ мәселелерінде мұжтаһид имамдарға тақлид етілуіне қарсы шығып, бұның адамдарды шіркке, діннен шығаруға апаратын жол екендігін алға тартады. Бұл айтқандарын дәлелдеу үшін көптеген аяттар мен хадистерді дәлел ретінде қолданады.

Олардың тақлидтің харамдығын дәлел ретінде алға тартқан аяттар мен хадистерге терең үңіліп қарағанда бұрмалап жорамалдау арқылы қол жеткізгендіктерін көреміз. Яғни, аят-хадистерден тақлидтің харамдығын күштеп шығарғылары келетіндігін байқаймыз. Олар тәуәссул мәселесінде қателескендері сияқты, тақлидтің харамдығы мәселесінде де үмбет ғалымдарының дәлелдеріне қарсы шыққан.

Хадис ғалымдарының арасында бір мәмілеге келген мәселелер бар. Хадис ғалымдары ижтиһад (аят-хадистерде берілмеген мәселелерді ақылға сүйеніп шешу) ете отырып, барлығы бір ауыздан хадистерді дәрежесі жағынан сахих, хасан және дағиф деп үш топқа бөлген.

Демек, хадистерді бұлайша бөлу сол ғалымдардың ижтиһадтарына сүйенеді. Сондықтан кейінгі ғалымдар олардың кітаптарындағы хадистерді дәлел ретінде қолданарда хадистердің дәрежесін білу үшін олардың көзқарастарын ұстанып оларға «тақлид» жасаған, яғни еліктеген.

Қазіргі таңда біздер үшін осыдан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген хадис рауилерінің сипаттарын (дұрыстығын немесе бұрыстығын) білудің бір ғана жолы бар. Ол – хадис ғұламаларының бұл мәселеде айтқан пікірлері мен жазып қалдырған еңбектеріне сүйену. Біздің қандай да бір хадистің сенімділігі мен дұрыстығына көз жеткізу жолындағы іс-әрекетіміз толығымен сол ғалымдардың ижтиһадтарына негізделіп отыр. Әрі бұл еліктеудің (тақлидтің) нақ өзі. Әр мәселеде сәләфтің жолын қуамыз деген сәләфилердің өзі хадис ғалымдарының соңынан ерген еліктеушілер (муқаллид) болып есептеледі.

Түйіндей келсек, егер қандай да бір ғалымның ой тұжырымын, дәлелін білместен қабыл ету тақлид ретінде харам болса, бұл «харамды» сәләфилердің өздері де істеп жүр. Егер хадис ғалымдарының хадистердің дәрежелері жайындағы қанағаттарын тақлид ету дұрыс болса, мұжтәһид имамдардың фиқһ жайындағы ижтиһадтарын тақлид ету не үшін харам? Тіпті, өздерін сәләф деп атап жүрген бауырларымыздың өзі де тақлид істеп жүргендерін білмей ме?

4) Қияс жайлы

Ислам құқығында шариғаттың қайнар көзі ретінде Құран, хадис, ижма және қиясты дәлел етіп белгілеген. Сөз етіліп отырған сәләфилер деп аталатын топтардың арасында қиясты Ислам құқығының дәлелі ретінде қабылдамайтындар бар. Олар қиясты «Алланың дініне өз көзқарасы бойынша үкім беру» деп түсінеді.

Фиқһ әдістемесі кітаптарында егжей-тегжейлі баяндалған мәселелер Құран аяттарында және Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде жалпыламалы түрде айтылған, сол сияқты адамзаттың бетпе-бет келген тіршілік мәселелері үкімінің барлығы аяттар мен хадистерде егжей-тегжейлі баяндалмаған. Құран мен сүннеттен біраз мағлұматы бар адамдар бұл үкімді қабыл етіп мақұлдайды.

Олай болса, үкімі Құран мен хадисте айтылмаған мәселелер жайында алдымызға екі таңдау шығады. Біріншісі – бұл мәселелер жайында Ислам діні ешқандай да бір үкім бермегендігін айту, екіншісі – бетпе-бет келген мәселенің дәл өзін болмаса да, оған ұқсас үкімдер жайлы Құран мен хадисте орын алған үкімдерді, араларындағы ұқсастығына байланысты жаңадан туындаған мәселеге де қолдану керек.

Бұл екі таңдаудың біріншісінің дұрыс екендігін айту, Ислам дінінің жаһандығына, жер шарының әр тарапындағы адамдардың әр уақыт мәселелеріне шешімін таба алатындығын жоққа шығару болып табылады. Қиясты Ислам құқығының дәлелі ретінде қабыл етпеген Ибн Хазм тарихта күлкілі жағдайға тап болған. Мысалы, Құран мен сүннетте шошқа етінің харам екендігі айтылған. Бірақ майының харамдығы жайлы ешқандай үкім берілмеген. Міне, осы мәселеге байланысты Ибн Хазм шошқа майының халал екендігін айтқан. Бұл қиясты фиқһи дәлел ретінде қабыл етпеу нәтижесінде туындаған жағдай.

Әһли сүннет не дейді?

Жоғарыда тұжырымдағанымыздай, сәләфилер «сәләфу салихинді» өздеріне үлгі тұтқандарын алға тартса да, бұл тек құрғақ сөз екендігін айтқымыз келеді. Шынтуайтына келгенде, имам Ағзам Әбу Ханифа да сәләфтар қатарынан еді. Сондықтан оның ақидаға байланысты және фиқһи көзқарастарын қабылдау нақты сәләфтардың жолымен жүру болып табылады. Бұл айтылғандар басқа да шоқтығы биік ғалымдар үшін тиесілі.

«Әһли сүннет уал жамағат» ақидасы ретінде жоғарыда баяндалғандар жайлы имам Ағзам Әбу Ханифа мен имам Шафиғи арасында ешқандайда бір пікір қайшылығы жоқ. Бұл екі имам ғана емес, имам Мәлік, Әузағи, Зуһри, Ахмад ибн Ханбал, Суфиян әс-Саури, Яхия ибн Мағин, Әбу Юсуф, Мухаммед ибн Хасан секілді т.б. көптеген ғұламалар Хижаз, Шам, Ирак имамдары, Хорасан және Мауерауннәһир имамдары, Әһли рай және Әһли хадистің барлығы, олардан бұрын өмір сүрген сахаба, табиғин, табаға табиғиндер де бұл мәселеде бір пікірде.

Әһли рай мен Әһли хадис арасында бұл тақырыптар бойынша қандай да бір дау, жанжал болмағандығын тексергісі келетіндер, Әбу Ханифаның кәлам саласында жазған «Китабул Алим (уал муғаллим)», «Әл-Фиқһул Акбар» және «әл-Уасия» атты еңбектеріне қарасын. Сонымен қатар, имам Шафиғидің де жазған еңбектеріне қараса, екі мәзһаб арасында қандай да бір айырмашылықтың болмағандығының куәгері болады.

Жоғарыдағы айтылғандар бізге мынаны дәлелдеуде: сәләфилердің «сәләф» көзқарасы мен шынайы сәләф арасында үлкен айырмашылық бар. Сондықтан сәләфилік деген ағым, сәләфтік түсінікті және тәжірибені негізге алғандығын ілгері тартса да, шынтуайтына келгенде, сәләфилік түсінік пен тәжірибеге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын көзқарастарды ұстанады. Олардың өшпенділік, менсінбеушілік, қатал және тек менікі ғана дұрыс деген ұстанымдары бұрынғы сәләф ғалымдарында кездеспейді.

Саясат КӨКЕНАЙ