Ақтөбеде «Әзіреті Біләл» мешіті ел игілігіне берілді

0
640

Ақтөбе қаласындағы Ақжар-2 ықшамауданында «Әзіреті Біләл» атындағы жаңа мешіт ел игілігіне пайдалануға берілді. Мешіттің ашылу салтанатына Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлы, ҚМДБ «Уақып» қорының басқарма төрағасы Ардақ Нүсіпханұлы, облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев, РАНТ мүшесі, «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбекұлы, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, имамдар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты. Салтанатты шара орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имам Бекжан қари Әлденовтың Құран оқуымен ашылып, облыстың бас имамы батасын жасады. Ал шара барысында құрметті қонақтар рет-ретімен сөз алып, жүрекжарды лебізін бөлісті. Көпшіліктің қуанышымен бөлісуге арнайы келген «Уақып» қорының басқарма төрағасы Ардақ Нүсіпханұлы: «Мешіт салу – Алла Тағаланың сүйген құлдары пайғамбарлар шұғылданған қасиетті іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресінің 18-аятында: «Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға иман келтіріп, ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі тұрғызады. Міне, солардың тура жол табушылардан болулары үміт етіледі», – деп айтқан Сондай-ақ ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла үшін мешіт салса, Алла Тағала оған тура сондай етіп, жәннатта бір үй тұрғызады», – деген (Бұхари, Мүслим)» дей келе, аталған ғибадат үйінің салуына демеушілік танытқан Айбек Қаныбайұлы мен Әмірбек Тоғайбайұлына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар Бас имам Серікжан Еншібайұлы өз құттықтауында: «Мешіт – жер бетіндегі имандылық үйі. Жақсылықтың жаршысы. Қайырымды істердің ошағы. Ал «Әзіреті Біләл» мешіті осынау игіліктердің бастауы болғай деп тілейміз. Хадисте: «Алла Тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттері», – делінген. Бүгін ең жақсы орнына айналатын Ақжар-2 ықшамауданында мешіт ашылды. Сартай ауылы мен Ақжар-2 ықшам ауданы жамағатының арманы орындалды. Қуаныштарыңыз құтты болсын!», – деп ризашылығын жеткізді. Іс-шара қортындысында Серікжан Еншібайұлы «жаңа мешіт жастарға имандылық тәрбие беріп, асыл дінімізді насихаттайтын құтты мекенге айналсын» деген тілекпен мешітке арнайы алдырған сый-сияпатты тарту етті.

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Ақтөбеде «Әзіреті Біләл» мешіті ел игілігіне берілді | Қазақстандағы Ислам