Ресей Бұхаридың хадистер жинағына ресми түрде тыйым салған алғашқы ел атанды

0
397

Ресейдің Әділет министрлігі “Сахих әл-Бұхари” хадистер жинағын экстремистік материалдар тізіміне қосты. Бұл еңбекті 2021 жылы желтоқсанда Татарстанның Лаишев соты экстремистік деп шешім шығарыпты, ал осы жылдың 5 шілдесінде Татарстанның Жоғарғы соты бұл шешімді мақұлдаған. Қазанның аймақаралық сараптама орталығы берген түсініктемеге қарағанда, бұл кітапта мемлекеттің зайырлылық сипатына қарама-қайшы сөздер, яхудилер мен христиандарға қарсы белгілер кездеседі екен-міс. Сонымен қатар, олардың пікірінше, “Сахих әл-Бұхари” “исламның үстемдігін насихаттайды” екен. Айта кетейік, бұл хадистер жинағы Исламда маңызы жөнінен Құраннан кейінгі екінші кітап саналады. “Китаб ас-ситта” деп аталатын негізгі 6 хадистер жинағы бар, соның ең біріншісі – Имам Бұхаридың жинағы. Шариғатта кез келген мәселеге қатысты үкім шығарғанда дәлелді алдымен Құраннан, одан кейін хадистерден іздейді. Жаңа тарихта “Сахих әл-Бұхари” жинағына ешбір мемлекет ресми түрде тыйым салмаған еді, Ресей алғашқы ел атанып отыр.