Жат ағымдардың басты қаупі – интернетте

0
925

Интернетте адасып кету оңай. Бірақ адаспаудың жолы көп. Бұл бүгінгі таңда аса өзекті мәселе. Өйткені қазір деструктивті діни ағымдардың бәрі де интернетке көшкен. Бұрынғыдай көшеде алдыңнан шығып, парақшаларын тықпалайтын әдеттері баяғыда қалған. Мамандардың айтуынша, ДАИШ экстремистік ұйымының жақтаушылары әлеуметтік желілерден 2 млн-ға жуық аккаунт ашыпты. Бұл олардың өздеріне қолшоқпар болатын ізбасарларын қай жақтан іздеу керектігін анық білгендігінің белгісі. Бүгінгі Таяу Шығыста орын алып жатқан жағдайлар соның айқын айғағы. Біздің елімізде де деструктивті діни ағымның жeтегінде кеткендердің 88 пайызына әлеуметтік желі әсер еткенін мамандар айтып келеді. Лаңкестік әрекеттeрімен танылған ДАИШ халықаралық террористік ұйы­мы әлeуметтік медиа және ғаламтордың тeхнологиялық қосымшаларын пайдалану арқылы өзге елдерден келген содырлармен қатарын көбейтті. Әлем бойынша оларға қосылушылардың 80%-дан астамы – ғаламтор арқылы арбалғандар. Деструктивті діни ағымдардың  жастарды арбау әрекеттері осы ғаламтор ресурстары арқылы, соның ішінде әлеуметтік желілерде жүзеге асырылуда. Теріс ағымды ұстанушылардың басым көпшілігін жастар құрайды. Олар діни ағымдарға рухани азық іздеп кіріп жатқаны да қаперден шықпауы керек. Әсіресе олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған жастар болып табылады және діни сауаты жоқ, жұмыссыз жастарды еліктіріп қатарына тартады. Дінге қызығушылығы бар, алайда діни білімді еліміздегі мешіт, медреселерден алуға ниеті жоқ жастар ғаламторға бір кірген соң шетін идеологияларға тап келіп, сол жерлерде шырмалып қалып жатыр. Facebook,  Instagram, VКontakte сияқты басқа да әлеуметтік желілерде салафизм идеологиясындағы материалдармен танысуға, оны жүктеп алуға, кейін санасы уланған соң таратуға жол ашты. Қазіргі таңда  жастарымыздың интернеттегі теріс ағымға арбалмауы үшін екі нәрсе керек. Олар – медиасауаттылық және сын тұрғысынан ойлау.

Ғаламтордағы сансыз ақпаратты қабылдау бар және оны ары қарай сараптау бар. Көбіне-көп дін жолына енді аяқ басып жатқан жастар әлемді өзгерткісі келеді. Осы жолда олар әлеуметтік желілер арқылы айтылған барлық ақпаратты сорғыш материал секілді қабылдай береді. Бұл өткінші кезең. Өкінішке қарай, осы өткінші кезеңде олар деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсіп қалып жатады. Соңғы жылдары діни ағымдарды таратушы псевдошейхтар интернеттің күшін білгендіктен сол жаққа қарай ауыса бастаған болатын. Оған 2020 жылғы карантин қосылғаннан кейін олар түбегейлі интернетке көшіп алды. Ал соңғы 2-3 жылда TikTok әлеуметтік желісі пайда болғаннан кейін оның ақпарат тарату күші бұрынғы әлеуметтік желілерден әлдеқайда жылдам екені белгілі болып отыр. Әрине, бұл деструктивті діни ағымдардың назарынан тыс қалған емес. Сондықтан бүгінгі таңда ақпараттық қауiпсіздік күн тәртібіндегі ең бiр өзекті мәселеге айналып отыр. Деструктивті діни ағымдардың идеологтары ұсынатын контенттер өте әсерлі, қысқа, түсінікті әртүрлі форматта болып келеді. Бүгінгі таңда технологияның дамуына, заман талабына сай Қазақстан халқының 80 пайыздан астамы интернетте отыр. Ендеше, бұғатталған деструктивті ағымдардан босаған орындарды ұлттық құндылықтарды насихаттайтын материалдармен толықтыру – уақыт талабы. Қазақтың мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін насихаттау, ата-бабалар ұстанған дін мен дәстүр сабақтастығын жалғастыру – діни теріс ағымдарға бірден-бір тосқауыл болмақ. Жоғарыда айтылғандай, медиасауаттылықпен қоса діни сауаттылықты арттыру – ғаламтордағы жат ағымдармен күрестің ең бастапқы жолы. Біз айтып өткен қауіп-қатерлер – көтеріліп отырған тақырыптың бергі жағы ғана. Теріс ағымдардың айла-әрекеттері күн өткен сайын жаңарып, түрлі іс-әрекеттері пайда болуда. Ендеше біз де олардан қалыс қалмай, қарсы насихат пен күрес амалдарын жүргізе беруіміз керек. Серік ЖОМАРТОВ, Жастар Қоғамдық даму орталығы КММ-нің Дін мәселелері бойынша директордың орынбасары

Серік ЖОМАРТОВ,
Жастар Қоғамдық даму орталығы КММ-нің Дін мәселелері бойынша директордың орынбасары