Жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру қажеттілігі талқыланды

0
339

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласында «Зират және зиярат мәдениеті» тақырыбындағы жерлеу рәсімдерін бір ізге түсіру форумы өтті. Форумға ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы, Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлы, Ақтөбе облысы дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Жәнібекұлы, зиялы қауым өкілдері, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері және Қ.Жұбанов университетінің оқытушылары т.б қатысты. Наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы: «Жерлеу рәсімдері кезінде барынша шариғат шеңберінен шықпаған абзал. Мазар тұрғызып бәсекелесу, ысырап пен мақтан марқұмға ешқандай абырой әпермейді. Мұндай жарыстың дүние салған адамға тигізер сауабы болмайды. Сондықтан әр нәрсені өз әдебімен атқарған дұрыс. ҚМДБ бұл бағытта «Зират жəне зиярат мəдениеті» құжатын дайындаған болатын. Жерлеу рәсімдерін бір ізге түсіру мақсатында дайындалған бұл құжат зират тұрғызу мен зиярат жасаудың, кесене салудың жалпыға ортақ, бірыңғай мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Құжатта көрсетілгендей, зират көтерудің өз мәдениеті бар. Әрине, қайтыс болған кісінің есімі мен жатқан жері белгілі болсын деген мақсатпен басына құлпытас қойған дұрыс. Алайда, зират басына үлкен ескерткіштер, сәнді қоршаулар, мүсін кеуделер тұрғызу марқұмға ешқандай пайда бермейді», – деп бүгінгі күннің өзекті мәселесін талдап өтті. Облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы: «Бүгінгі таңда жерлеу рәсімдері үлкен бизнеске айналғаны баршамызға белгілі. Себебі кейбір азаматтар марқұмның басын көтеруге ақшаны аямайды. Ондай адамдар зәулім ескерткіш пен мазар салу арқылы жаралы жанына дауа іздеп жатады. Бір адамның бейітіне ондаған үйдің құрылысына жететін қаржы жұмсау секілді қисынға келмейтін іс-әрекеттер жасап жатады. Аталған мәселені біріздендіру, ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатында ҚМДБ Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жерлеу рәсімдерін және зират көтеру мәдениетін бір жүйеге келтіру жұмыстары республика аумағында басталуда. Осы орайда Ақтөбе облысында атқарылатын жұмыстар бойынша жиналып отырмыз» деп форумның маңыздылығын атап өтті. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Бекежан Аханұлы өңірдегі жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру туралы ұсынысын талқыға салса, «Бақытжан» мешіті Ақсақалдар алқасының мүшесі, өңірдегі көптеген мешіттердің салынуына мұрындық болған дін жанашыры Сағынай қажы Құсайынов ақсақал зират жəне зиярат мəдениетін қалыптастырудағы олқылықтың алдын алу мәселелеріне жіті назар аудару керектігін алға тартты. Қ.Жұбанов университетінің проректоры, тарихшы Рахым Ағыбайұлы жерлеу рәсімдеріне тарихи сараптама жасады. Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов т.б қатысушылар форумда қарастырылып отырған тақырыптың аса өзекті екеніне тоқталды. Игі басқосу барысында алдағы уақытта «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының Ақтөбе облысында жасалатын жұмыстарының жоспары таныстырылды. Форумға қатысушылар облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлының осы жұмысты жүргізудегі бастамасын бірауыздан қолдады.

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру қажеттілігі талқыланды | Қазақстандағы Ислам