Ресейде тағы бір тіл құрып кетті

0
291

Камчаткада алеут тілін білетін соңғы адам Геннадий Яковлев қайтыс болды. Бұл туралы өлке губернаторы Владимир Солодов хабарлады. “Бұл жағдай Камчаткада тұратын жергілікті халықтардың тілдері мен материалдық емес мұраларын сақтаудың маңызды екенін аңғарта түскен қасірет”, – деп жазды ол өзінің телеграм арнасында. Жалпы әлемде алеут тілі жоғалып кету алдында тұр. Қазіргі күні ол негізінен АҚШ-тың Аляска штатында, Алеут және Командор аралдарында таралған. 2010 жылы Ресейде бұл тілде сөйлейтін 45 адам, АҚШ-та 150 адам болды. Ал соңғы жылдары Ресейде алеут тілін білетін екі адам қалған еді. Оның бірі Вера Терентьевна Тимошенко болса (ол беринг диалектісінде сөйлейтін), екіншісі Геннадий Яковлев (Медный аралының диалекті). Вера Терентьевна былтыр 93 жасында қайтыс болды. Алеут тілінің кириллица және латиница негізіндегі екі әліпбиі бар. Қазір АҚШ-тың және Ресейдің кейбір мектептерінде алеут тілі оқытылады. Жалпы әлемде 17 500-дей алеут бар. Оның 17 мыңы АҚШ-та (негізінен Аляска штатында), қалғаны Ресейде өмір сүреді. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі ана тілдерінен баяғыда айырылған.

Барлық құқықтар қорғалған. Kazislam.kz порталына сілтеме беру міндетті: Ресейде тағы бір тіл құрып кетті | Қазақстандағы Ислам