Адамзат баласы пайда болған күннен бүгінге дейін қаншама кезеңдерді бастан өткеріп, жаңа өзгерістерге бет бұрып жатса да «білім» өзінің өзектілігін еш уақытта жоғалтқан емес. Қазіргі таңда кез келген адам шетелде тағылымдамадан өтіп, қысқа немесе ұзақ мерзімді білім алып, жұмыс істей алады. Ол үшін шет тілінен білімі мен ниеті болса жеткілікті. Әрине, көп тілді меңгерген адамның шетелде қалаған ісімен айналыса алуға мүмкіндігі жоғары екені сөзсіз. Хакім Абай «Алладан қорық, адамнан ұял, балам бала болсын десең – оқыт, малды аяма» – деген екен. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта біздің алдымызға қойылған негізгі талаптардың бірі – білікті кадрлар мен озық үлгідегі түрлі сала мамандарын даярлау мәселесі тұрды. Нәтижесінде, бұл мәселе де өз шешімін тауып, жастарымыз «Болашақ» сынды бағдарламалармен шетелде білімні жетілдіру мүмкіндігіне ие болды.

Осы орайда, Таяу Шығыс елдеріндегі жағдайды ескере отырып, шетелде діни білім алғысы келетін жастарға алдымен Қазақстанның мүмкіндіктерін пайдаланып, кейін шетелде білімін жалғастырғаны абзал деп ойлаймын. 

Шетелде оқып келген теріс бағыттағы дін ұстанушылырдың қоғамға өз зияндарын тигізіп жатқан баршамызға белгілі. Әсіресе, деструктивті көзқарастағы индивидтерді даярлайтын оқу орындардың білім беру жүйесінде әуелі ортақ құндылықтарды дәріптей отырып, ақырындап адам санасын еркін ойлаудан ажыратады. Нәтижесінде оқыту процесінен өткен азаматтар өздері «идеал» тұтатын ұстаздарының кез келген бұйрығын бұлжытпай орындайтын «солдатқа» айналып, сол жолда құрбан болуға дайын тұрады. Мұндай «солдатқа» айналған тұлғаларды саяси мақсатта ұйымдастырылған, діни терминдерді жалау еткен соғыс алаңдарына тарту оңай жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, ораторлық қабілеттерін жетілдірген аталмыш «солдаттар» өз отандарына оралып,  өзін ақиқаттың жаршысы ретінде таныта отырып діндарлар арасынан белгілі бір «тобырды» қалыптастырады. Бұл процес сыртқы ықпалды күштерге өз мақсат-мүдделерін іске асырып отыруға тиімді құбылыс болады.

Аталмыш сипаттағы діни ағымдар ислам әлемінде ғана емес, христиандық бағытта да кездесетінін естен шығармаған жөн.
Сондықтан шетелдік оқу орындарынан білім алғысы келген азаматтар әуелі діни танымын отандық білім ордаларынан қалыптастырып алып, содан кейін ҚР Дін істері комитеті мақұлдаған шетелдік университтерге барып жалғастырғаны абзал.

Қазақстан Республикасының Конс­титуциясына сәйкес, мемлекетіміз өз азаматтарының қорғанысы мен қамқорлығын ел шекарасынан тыс жерлерде де қамтамасыз ететіні белгілі. Сондықтан, елдің мемлекеттік органдары қазақстандықтарды шет мемлекеттердегі түрлі даулы жағдайларға немесе жат діннің идеологиялық арбауына түсу жолдарынан шеттетуге бар күш-жігерін жұмсап отыр. Алайда мұндай жағдайлардың алдын алуда ата-аналар мен студенттердің рөлі ерекше екенін тағы да атап өту керек.

Қорыта айтқанда, шетелдердің діни оқу орындарында ҚМДБ және мемлекетаралық келісім негізінде ғана магистратура және доктарантура оқуға болады. Ал бастапқы білімді, яғни, бакалаврлық базалық білімді өз еліміздегі оқу орындарынан алу қажет. Сондықтан да болашағын дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге арнаған жастар өз  Отанында да кәсіби білім алудың барлық мүмкіндігі жасалғанын ескергені абзал.

Бексұлтан ЖҰМАДІЛЛӘ, 
Шымкент қаласы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог.

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *