Жастардың діни танымына интернеттің, әлеуметтік желілердің әсері

0
789

ХХІ ғасыр – ақпараттық технологиялар мен ғаламтор заманы десек қателеспейміз. Себебі, бүгінгі күнде қоғамның барлық саласы, адамдардың әлеуметтік өмірі де ғаламтормен тығыз байланыста. Адамдар қандай да бір қажетті ақпараттарды немесе белгілі бір білімді ғаламтордан іздеп табуға тырысады. Ғаламтордан кез-келген уақытта және қай жерде болмасын қалаған мәліметіне қол жеткізуге болады.  Дегенмен, әр нәрсенің пайдасымен бірге зиянды тұстарыда қатар жүретіні белгілі. Барлық білім мен ақпараттарды ғаламторға жүгініп, сол жерден аламын деп ойлау көп жағдайда үлкен қателікке ұрындырып жататынын өмір көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта көпшілік қауым, әсіресе жастар діни білім мен ақпараттарды ғалымдардың еңбектерінен, кітаптардан емес ғаламтор арқылы алуға көптеп жүгінеді. Дін өте күрделе де нәзік болғандықтан дінге байланысты сұрақтарды дін мамандарынан немесе кітаптардан алмаса мәселелеге тап болары анық.

Бүгінде әлем халқын үрейлендіретін, шынайы хақ Ислам дініне күйе жағағытын тіріс діни ағымдар баршылық.  Олар санасы қалыптаспаған жастарға ғаламтор арқылы тіпті, соның ішінде әлеуметтік желілерде көбінесе «Facebook», «Вконтакте», «Одноклассники» т.б. осы тектес желілерде Құран аяттарын теріс бұрмалап, Исламның қасиетті «Жиһад», «Тауһид» ұғымдарын қате түсіндіретін кітаптар мен еңбектерін салып, өзге елдерге жиһадқа шақыруда. Олар ғаламтор кеңістігін теріс жағынан тиімді пайдалана отырып, жалған ұрандарымен дінді бұрмалап, жастарға ықпал етудің түрлі жолдарын жасайды. Сондықтан шынайы діннің мазмұнын түсініп үлгермеген жастар қауымы ғаламторды кезіп жүріп қателікке ұрынып қалуы әбден мүмкін. Жастардың ғаламтор, әлеуметтік желілердегі мұндай жалған ақпараттарына ұрынбауы және кез-келген ақпаратты сүзгіден өткізе білуі үшін жастардың бойына рухани, мәдени сананы қалыптастыруымыз қажет. Ол үшін әрине жан-жақты болуды, ізденуді, сыни ойлауды және кітап оқуды әдетке айналдыруымыз керек.

Жастардың діни көзқарасы мен алғашқы діни танымын қалыптастыруда ата-ананың міндеті мен маңызы зор. Себебі, бала өсе келе рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін дінге жүгінері анық. Осы кезде балаға дұрыс дінді көрсету, оған дін мен дәстүрді ұштастыра жеткізу қажет. Ол үшін ата-ана балаларын мешіт имамдары арқылы немесе діни кітаптарды оқыту арқылы діни түсінікті қалыптастыруы тиіс. Сонымен қатар балаларының ғаламтордан, әлеуметтік желілерден қандай діни ақпарат алып жатқанын, қандай уағызшыларды тыңдайтынын мұқият қадағалауы керек.

Ғалымдардың дәлелдеуінше статистикалық нәтижеде әлеуметтік желі тұлғаның бос уақытын қалдырмайды және ойлануына кедергі келтіреді. Әлеуметтік желі көзбе-көз қарым-қатынасты қолданыс аясынан ығыстырады..

Әлеуметтік желіге тәуелділік белгілеріне келер болсақ:

-почтаны себепсізден себепсіз қайта-қайта тексеру;

-ғаламторға қажетсіз кіре беру;

-жақын адамдардың «компьютер алдында көп отырасын» деген айыптаулары;

-уақыт өлшемінің жоғалтуы;

-желідегі қарым-қатынастың басымдылығы;

-міндеттерді ой елегіне алмау; тамақ ішу уақытының, күнделікті режимнің бұзылуы;

-тәуелділіктің барын жоққа шығаруы;

Қазіргі кезде белең алып жатқан кереғар діни ағымдардың таралуына бірден бір көмек көрсететін нәрсе ғаламтор болып табылады. Әлеуметтік желілерде өзінің астыртын саясатын діни парақшаларға таратып, уағыз-насихат айтып, діни жалған мәліметтермен сананы улау арқылы әлеуметтік желіні қолданушыларды үгіттейді. Әлеуметтік желіні қолданушылардың көп бөлігі жастар екені мәлім.Сол себепті де олардың басқа ағымдарға тез кіруіне ғаламтор бірден бір себепші болып отырғанын өмір көрсетуде.

Бұл мәселелердің алдын алу, болдырмау және бақылауда ұстау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Шымкент қаласының дін істері басқармасы «Дін мәселелерінің зерттеу орталығының» теолог мамандары, АТТ мүшелері мектеп оқушыларымен, студенттермен жалпы жастармен кездесулер өткізіп, ғаламторды дұрыс пайдалану, діни мәліметтер мен ақпараттарды алуда сақ болуға, діни уағызшыларды тыңдауда отандық ғалымдар мен имамдарды  тыңдауға шақыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, «Жастардың діни көзқарасына интернеттің, әлеуметтік желілердің әсерін анықтау» деген тақырыпта жастар арасында әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, қорытындылары бойынша тиісті жұмыстар атқарылып отырады.

Қорыта келе, ғаламтордан діни ақпарат пен мәліметтерді алғанда сақ болуымыз тиіс. Оқылған ақпараттарды бірден көңілге тоқымаңыз. Ғаламтордан діни сайттарды кездестірсеңіз, онда ол сайттың сенімділігіне көз жеткізіңіз. Кез-келген мәліметке бірден сене салуға болмайды. Қандай да бір діни ақпаратты, мәліметті  аларда ресми сайттарды пайдаланғанымыз дұрыс. Ресми сайттардың соңында «KZ» қосымшасы болады. Мысалы «Muftiat.kz», «Azan.kz», «Muslim.kz» т.б. Жоғарыда айтып өткеніміздей жастардың діни сенімінің, діни көзқарасының қалыптасуында кітаптің орыны ерекше. Себебі, кітаптың авторы айқын және кітаптан алынған білім нағыз білім болып, адамның есінде мықтап сақталады. Кітапті оқу арқылы білім алған адам ғаламторда, әлеуметтік желілерде  ақпараттарды қарағанда сүзгіден өткізе алатын болады. 


Г. Қуандық
Шымкент қаласы дін істері басқарамасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
ақпараттық түсіндіру бөлімінің басшысы,
теолог маманы